міндет және нәтиже Уақыт асықтыра түсуде

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған тұрғын үйлер құрылысының қарқыны мен сапасына назар аударды.

Бұл жолы өңір басшысы жұмыс сапарын Қосшы ауылынан бастады. Бүгінгі күні елді мекенде көктемгі су тасқынынан зардап шеккендер үшін екі 45 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «СМП-610» және «Асгард» серіктестіктері қолға алған. Қазір қабырғалары тұрғызылуда. Құрылыс барысымен танысқан өңір басшысы жұмыс қарқынын ширатып, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Облыс әкімінің айтуынша,  алдағы қыркүйек айында бұл үйлерге көктемде табиғат апатынан зардап шеккен Ағанас, Оразақ және Шнет ауылдарының тұрғындары қоныстанатын болады.
Ал, топан судың зардабын тартқан Оразақ ауылында болғанында, бас-паналары  жарамсыз тұрғындар үшін салынып жатқан жаңа үйлердің құрылыс жұмыстарына назар аударды. Құрылысшылар оразақтықтарды тезірек жаңа үйге қоныстандыруға асығуда. Осы жұмыстарды қолға алған «Іскер» серіктестігінің директоры Данияр Тұңғышбаевтың айтуынша, қазір мұнда 2 пәтерлі 100 үйдің 70 пайызы салынған. Ондағы үш бөлмелі әр пәтердің аумағы 83 шаршы метр.  Сонымен қатар, аула ішінде бөлек сарайы да қарастырылған. – Бүгінге дейін 31 үйдің шатыры жабылып,  63 үйдің іргесі қаланды. 200-ден астам құрылысшымыз күні-түні тынбай еңбек етіп жатыр. Өйткені, уақыт аз қалды. Қыркүйек айының соңы мен қазанның басында 200 отбасы жаңа пәтерлерге кіреді.
Жаңа үйден үміттеніп отырғандардың бірі Ысқақовтар отбасы. Үш баласы бар отбасы шатыр астын паналап отыр.
–Күн салқындап бара жатыр. Балалар мектепке баратын уақыт та жақындап қалды. Сондықтан,  алғашқылардың бірі болып жаңа үйге қоныстанамыз деп үміттеніп отырмыз, – дейді Аманкүл Ысқақова.
Осы орайда, өңір басшысы жақын күндері жаңа үйлерге қоныстанатын отбасылардың тізімі белгілі болатынын атап өтті.
–Осыған дейін құрылыс жұмыстарын мердігерлер өз қаржысына салса, бүгінгі күні бірінші транш бойынша 1,5 миллиард теңге қаржы берілді. Енді құрылыс жұмыстарын одан әрі ширататын боламыз. Суық түскенше үйлерді толық пайдалануға береміз. Палаткалар қалашығы мен мектеп ғимаратын паналап отырған отбасылар бірінші кезекте жаңа үйге қоныстанатын болады, – деді облыс әкімі.
Топан судың салдарынан ауылдағы жалғыз мектеп те жарамсыз болып қалған еді. Қазір бұрынғы мәдениет үйінің ғимараты 57 миллион теңге қаржыға орта мектепке қайта лайықталып жөнделіп жатыр. Сондай-ақ,  қар суы шайып кеткен жол мен бөгет те қалпына келтірілуде.

 

 Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар