Мінгені сәйгүлік, сүйенгені ептілік

 

Газетімізде бұған дейін хабарлағанымыздай, облыс орталығының іргесінде орналасқан  Краснояр ауылының «Құлагер» атшабарында Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына орай, көкпар, аударыспақ, теңге алу мен жамбы атудан Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы біріншілігі болып өтті. Бұл жарысты Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік жасады. Біріншілікке  Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола  облыстарынан 130 спортшы  қатысты.

 

Сөз басы
Адамзат тарихында жабайы жылқыны алғаш қолға үйретіп, алыс қашықтыққа мінетін көлік ретінде түркі жұрты жаратыпты. Содан да болар, ежелгі сақ қорғандары, грек, қытай, армян жазбаларында атқа алғаш мінген жауынгер халық туралы мәлімет көп. Тіпті, Страбонның естеліктерінде көшпенділер ас ішсе де, ұйықтаса да ат үстінен түспейтіні жайлы айтылады. Қадірін бағзы заманнан білген халқымыз жылқыны мінсе – көлік, ішсе – ас, кисе – киім қылған. Жетіге толған қазақтың баласы жабағыға оңай бас білдірген. Ұлттық ат спорт түрлерінен өткен біріншілікте бүгінгідей дамыған заманда да сол қасиеттің бойымыздан ада болмағанын байқадық. Қанда бар дүние уақытқа бағынбайды, ешқашан көмескіленбейді екен ғой.  Додаға бақ сынауға келген әр жасөспірім жұлқынып тұр. Жүлделі болуды емес, өз өңірінің намысын абыроймен қорғауды ойлайды.

Аударыспақ
Жаугершілік замандарда  аударыспақ ережелерін еркін меңгерген жігіттер дұшпанын ептілікпен жеңген деседі. Ал, кейін келе осы сайысқа қатысуға ниеттілер салмақ дәрежесі бойынша сынға  түсе бастады. Бұл сол додалардағы неғұрлым әділ бәсекені қалыптастыру бағытында жасалып отырды десек, қателеспейміз. Салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып түсу сайысы – аударыспақтан өткен бәсекелерде қырық келілік салмақта отырысы мығым, аты жарамды ақмолалық Жасұлан Мағжанов оңтүстіктің жігіті Таңат Елденұр мен ақтөбелік Иранғайып Аслановтан басым түсіп, ел чемпионы атанды. Елу келілік салмақта Оңтүстік Қазақстаннан келген Еламан Пернебек ешкімге дес берген жоқ. Ат құлағында ойнар батыл да төзімділердің тартысында  шығыстық өрен Мадияр Сатанов пен ақтөбелік Айболат Бердімұратов үздік үштіктен көрінді.  Алпыс келілік салмақта да оңтүстіктің жігіттері өзгелерден басым тұрды. Бұл жолы аты епті, ыңғайға бейімделгіш  Бекзат Данай бірінші орынды иеленсе,  шығыс қазақстандық Нұрмағанбет Иманғазыұлы мен ақтөбелік Еламан Мұхамбетқалиев жүлделілер санатында болды.  Жетпіс келілік салмақта да жоғарыда аталған үш облыс жүлдені өзара бөлісті. Атап айтсақ, Ақтөбенің ақберені Бердіғали Жәкішевке – бірінші, оңтүстіктің өрені Елдар Жарылқапқа – екінші, шығыстық Мағжан Жеңісовке үшінші орын бұйырды.  Жетпіс келіден жоғары салмақта жамбылдық Ернар Жарылқасын ептілігімен қарсыластарын аударып тастады. Бұл сайыста үкілі үмітіміз Әлихан Шпекпаевтың бас жүлдені болмаса да,  екінші орынды алғандығына қуандық. Ақтөбелік Жасәділ Ембергенов тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.

Көкпар
Батыр тойының көкпарсыз өтуі мүмкін емес еді.  Көкпар тартарда ешкіні бауыздап, додаға салады. Оның да өзіндік себебі бар. Ат үстінде тартысқанда, басқа малдың терісі жыртылғыш келеді. Ал, сексек бабаның терісі мықты. Сондықтан да, қолөнершілер қайыс пен таспа тілгенде, басқа малдың емес, тап ешкінің ғана терісін пайдаланған. Бұл өнер Алтай мен Атыраудың арасында небір зұлматта да ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырды. Ата-баба аманаты бүгінде қайта түлеп, әлемдік деңгейге жол тартып барады. Ереже бойынша, екі команда бір минутта серкені жерден көтеріп әкете алмаса, ойын тоқтатылады. Сосын көкпарды алаңның ортасына қояды. Екі жақтан бір-бір адам шығып, оған қайта таласады. Кім бұрын өңгеріп әкетсе, сол команданың мүшелері ойынға араласады. Қолға тиген көкпарды ұстап шапқаннан гөрі, тақымға қысқан абзал. Тақым мықты болса, білектінің өзі тартып ала алмайды. «Баласы түзде көкпар тартса, әкесі үйде отырып, тақымын қысады» деген сөз осыдан қалса керек.
Жігіттің жігері сыналар көкпарға қатысқандардың бәрі де орталық шеңберде жатқан серкені өз «отауларына» жеткізуді мұрат тұтты. Бұл жолда әрбір ойыншы аянып қалған жоқ. Ұзындығы – 200, ені сексен метр болатын алаңның екі шетінде орналасқан қазандыққа салым салуға бәрі де тырмысып жатты. Бірінші болып кездескен Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстары ойынының нәтижесін көрермендер тағатсыздықпен күтті. Олай болатын себебі, екі топ та осал емес. Әсіресе, шығыстық қарсыластарымыз былтырғы жылдың чемпионы болған. Сондықтан да, «солар жеңедіге» салушылар көп болды.  Ойынның алғашқы минутында қонақтар есеп ашып, сол сенімді ақтауға лайық екендіктерін ә дегеннен байқатты. Екінші кезең екі жақты тең еткен 2:2 есебімен аяқталды. Жеңімпазды анықтау мақсатында төрешілер берген қосымша уақытты ақмолалықтар тиімді пайдаланып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Бұл әрекеттері нәтижесіз де болмай, жерлестеріміз ақтық сынға жолдама алды. Алайда, финалда сәттілік бізге серік болған жоқ. Тыңғылықты дайындықпен келген жамбылдық команда бәрібір басымырақ болды. Ал, ақмолалық көкпаршылар  күміс жүлдені қанағат етсе, түстіктен келген көкпаршылар үшінші орынға табан тіреді.

Теңге ілу
Тегіс жерде желіп келе жатқан аттың желісін баяулатпастан төменге иіліп, сол және оң жақтағы орамалмен оралған теңгені көтеріп, артына тастап отыратын теңге ілу – оңай сайыс емес. Ол да қырағылықты қажет етеді.  Әрбір сәтсіз талпыныс белгілі бір айып уақытымен өтеледі.  Ойын ережесі бойынша теңгені көп ілген салт атты жеңімпаз атанады. Алаң – 120, оған дейінгі ұзындық – 30 метр, жалпы теңге саны – бесеу. Орталарындағы арақашықтық – 10 метр-ден. Теңге ілушілер теңгені орнынан іліп лақтырып тастауы керек. Бекітілген ережеге сай спортшының уақыты, ілген теңгесінің санына қарай жарыс қорытындысы шығарылады.Тартысты өткен теңге ілуде Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Ғалымжан Ізжанов шығысқазақстандық өрен Нұрбол Бақытжанов пен жамбылдық Төлеген Асановтың алдын орап кетті.    

Жамбы ату
Халқымыздың ежелден келе жатқан спорттық ойындарының бірі – жамбы атуда атпен шауып келе жатқан жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиісті болған. Ереже бойынша ойыншылар сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарымен шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатады. Осы орайда, биылғы  жылы ұлттық спорт түрлерінен Ақмола облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жамбы атудан арнайы секцияның жұмыс істей бастағандығын атап өткен абзал. Жерлестеріміз  сол жинаған тәжірибелерін біріншілікте дұрыс көрсете білді. Сөйтіп,  үмітімізді ақтаған  Дархан Зинатоллов оңтүстіктің мергені  Айтбек Сарыбайға есе жібергенімен, жамбылдық Нұрболат  Сарбаевты  айқын басымдылықпен жеңді.

Түйін
Өз кезегінде ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы осы жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан Краснояр селолық округінің  әкімдігі, шаруашылық жүргізу құқығындағы  «Көкше Жәрдем» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына, сондай-ақ, спорттық аттарды  бабында ұстауға  ветеринарлық препараттармен қол ұшын берген «Асыл Көкше Зооветснаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғысын  білдіріп отыр.
Осы жолы қай сайыста болсын, оңтүстік, шығыс және батыс облыстардың командаларының дайындығының жоғары болғаны көрініп тұрды. Біз өзге жүлдесіз қалған облыстарға қарап,  үш жерлесіміздің жеңімпаздар қатарынан көрінгенін және көкпаршыларымыздың жүлделілер санатына ілінгенін місе тұттық. Мұның өзі өңірімізде ұлттық спорт ойындарына жете көңіл бөлу қажеттігін тағы бір аңғарта түскендей.
Ал, жарыстың өзіне келетін болсақ, бұл киелі Ақмола, көрікті Көкше елінің абыройын, оның Мәліктей біртуар перзентінің есімін ғана   асқақтатқан сайыс емес, сонымен бірге, тұтастай ұлттық рухымызды да  бір көтеріп тастаған елеулі оқиға болды. Алдағы уақытта да осы бетімізден таймай, ата салт-дәстүрімізді ілгері апара түсейік!..

 

Перизат БӨЛЕКОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар