Өмір бойы бас бостандығынан айырылды

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты С.Петренкоға қатысты қылмыстық істі қарады. Кісі өлтіріп, осы қылмысының ізін жасыру үшін үйін қоса өртеген бұл қылмыскер бірнеше адамның өліміне себепкер болып қана қоймай, ірі көлемде материалдық шығын әкелген.

Бұл оқиға өткен жылдың күзінде болған еді. Жақсы ауданына қарасты бір селода тұратын С.Петренко еш жерде жұмыс істемейтін. Арақ ішіп, жұрттың мазасын алатын оның үстінен учаскелік инспекторға бірнеше рет шағым түскен. Дегенмен де, жай басбұзарлығы үшін оны жауапқа тарту мүмкін емес еді. Арақ ішіп, көрінгенмен легісуге бейім тұратын оның бұл әрекетінің ақыры жақсылыққа ұрындырмайтынын учаскелік инспектор ескертіп айтқан да болатын. Бірақ, санасын әбден арақ улаған ол құқық қызметкерінің бұл ескертуінен қорытынды шығармады.
Арақ ішкен адамда дос та, таныс та көп. Күздің салқын бір кешінде С.Петренко жесір келіншек  А.Иванованың үйінде арақ ішіп отырады. Емізулі баласы бар келіншек екі кештің арасында шақырусыз келген қонаққа кет әрі демей, әкелген арағын бірге ішеді. Арақ басына шауып, көп ұзамай келіншек мас болып, үстел басында ұйқыға кетеді. Осыны пайдаланған еркек оны жататын бөлмеге апарып, арам ойын жүзеге асырады. Біраз уақыт өткен соң ұйқысынан оянған келіншек жағдайды түсінгесін «мені ертең зорлады деп учаскелік инспекторға барып шағымданамын» деп айтып салады. Мұны естігенде ақылын арақ жеңген Петренко қылмысының ізін жасыру үшін келіншекті өлтіру қажет деген ойға келеді. Содан ол ас үйге барып нан турайтын пышақты алады. Жатын бөлмеде диванда ішкиіммен отырған келіншектің жанына келіп, жүрек тұсынан бірнеше рет пышақ салады. Жанды жерінен жарақат алған әйел сол арада қаза табады.
Бұдан кейін қылмыстың ізін жасыруды ойлаған ол үйдің есігін сыртынан жауып, от қояды. Үйде 2015 және 2016 жылы туған сәбилердің жатқанын біле тұра осындай әрекетке барған Петренко оттың жанып, үйдің өртене бастағанын көріп, осыған әбден көзін жеткізген соң оқиға орнынан қарасын жоғалтады.
Бұл өрт Иванованың үйін түгел жалмап қана қоймай, көршілерінің  қора-қопсысын да шарпыды. Кейін сарапшылардың мәліметінен белгілі болғандай, өрт 5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген. Қанша қылмыс ізін жасырдым десе де, Петренко жазадан қашып құтыла алмады.  Оның кешкілік қаза тапқан келіншекпен бірге сол үйде арақ ішіп отырғанын көрген адамдар бар болып шықты.
Сот үш бірдей адамның өліміне себепкер болған С.Петренконы айыпты деп тауып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бұл сот шешімі қазір өз күшіне енді.
Магдалина БИЛЯЛОВА,
қылмыстық істер жөніндегі
ауданаралық мамандандырылған
сотының кеңсе меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар