Мобильдік ұсыныс жүйесі жасалады

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Олжас Бектенов пен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Әбу-Әли Саттар Ақмола облысының аумағына мобильдік ұсыныс жүйесін енгізу жөніндегі меморандумға қол қойды.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекеттік органдары жұмысының ашықтығына назар аударылғанын айтып өтті.
– Барлық мемлекеттік қызметшілер тұрғындармен жұмыс істеу кезінде биліктің атына айтылған сынға тез арада назар аударып, азаматтардың проблемасын тиімді шешуге міндетті. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің бастамасы бойынша азаматтар үшін мобильдік ұсыныс жүйесі жасалды. Бұл тұрғындардың мемлекеттік органдармен және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылының әртүрлі үрдістерін қысқартады. «Азаматтардың қамқоршысы» бағдарламасы азаматтардың арыз-шағымы мен ұсынысын қарайды. Бұл жоба мемлекеттік органдар жұмысын жақсартуға мүмкіндік беріп, халықтың мемлекеттік органға деген сенімін арттырады, – деді Олжас Бектенов өз сөзінде.
Бұдан соң Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Әбу-Әли Саттар қазір азаматтардың ұсынысы бойынша осы тұрғыда айтарлықтай жұмыс істеліп жатқанын, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен меморандумға қол қойылғанын, мұндай ұсыныстар халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қабылданатынын айтып берді. Бүгінгі таңда жобаға Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыс-тары қосылыпты. Бұл бағытта «Қазпошта» акционерлік қоғамымен жұмыс жүргізілуде. Өйткені, ауылдық елді мекендердің көбінде ұялы байланыс болмағандықтан, мұндағы тұрғындардың арыз бен ұсыныс жіберуі қиын. Арыз бен ұсынысты көбіне аға ұрпақ өкілдері жазатыны белгілі. АҚШ пен Ресейде мобильдік ұсыныс жүйесі жасалған. Осы орайда, мобильдік ұсыныс жүйесі Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Атырау өңірлеріне енгізіліпті.
Бүгінгі таңда бір мың ұсыныс пен арыз-шағым қабылданған көрінеді. Бұл азаматтар үшін қолайлы болып отыр. Өйткені, ешқайда барудың қажеті жоқ. Туындаған проблема жөнінде мемлекеттік органдарға ұялы телефон арқылы жіберуге болады. Егер бұл іспен қай мемлекеттік органның айналысатынын білмесеңіз, сіздің арызыңызбен немесе ұсынысыңызбен диспетчерлер айналысады. Бұл жүйенің және арыз бен ұсыныстардың қаралуы аталмыш комитеттің ерекше бақылауында. Олар туындаған техникалық мәселе жөнінде де кеңес беруге дайын. Қазір бұл жүйенің жұмысын жақсарту үрдісі жүргізілуде. Аталмыш мобильдік ұсыныс жүйесін App Store және Plaу Market дүкендерінен тегін жүктеп алуға болады. Ұсыныс пен арызды смартфон арқылы жіберу жөнінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыстық басқармасының аға прокуроры Мәди Әбішев түсіндіріп берді.

Рамазан Тілеуов.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *