Мол өнімнің берік негізі қалануы керек

 Өткен сейсенбі күні «Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің кеңесінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық шаралары талқыланып, жауапты науқанды ұйымшылдықпен өткізудің келелі міндеттері белгіленді.

  Әр жыл сайын көктемгі дала жұмыс-тарының қарсаңында өтетін дәстүрлі кеңеске қала мен аудан әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, астық компанияларының, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, жанар-жағармаймен жабдықтау операторлары, ауыл шаруашылығы техникаларын және өсімдік қорғау құралдарын сатумен айналысатын дилерлік компаниялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кеңесті облыс әкімі Сергей Кулагин кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.
– Өткен жылы жұмыс сапарымен бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының егістік алқаптарын аралағанымда арамшөп қаптаған алқаптарды көрдім. Мұндай ұятты жағдай бұрын Ақмола облысында болған емес. Егіншілік мәдениеті жүйесін сақтамайтын ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдамаймыз. Олар дәнді және бұршақты дақылдарды егіп, жинап алудан басқа ештеңе істемейді. Жерді дұрыс пайдалануға назар аударған жөн. Бүлінген жерде мол астық шықпайды. Осындай кәсіпорындардың кесірі адал жұмыс істейтін көршілеріне тиеді. Сондықтан, шара қолдануға мәжбүрміз, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Бұдан кейін кеңесте облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров «2015 жылдың көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы және оны ұйымшылдықпен сапалы өткізу жөнінде алда тұрған міндеттер туралы» баяндама жасады.
– Өткен жылы облыс бойынша 4,8 миллион тонна астық жинап алынды, – деді баяндамашы  сөз басында.
– Бұл өңірдің ішкі қажеттілігін астықпен, жеммен және тұқыммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2014 жылы облыстың ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісі 240 миллиард теңгеге жетті. Соңғы 3 жылда облыс бойынша астықтың орташа жылдық өнімі 4,2 миллион тоннаны құрады. Жылына 2 миллион тоннаға жуық астық экспортқа шығарылуда. Облыс бойынша соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін мал азығы және өзге де басымдық дақылдар алқабын ұлғайтуға бағытталған әртараптандыру жұмысы жанданып, мал өнімдері өндірісінің көлемін арттыруға және оны терең өңдеуге мүмкіндік беруде.
Биылғы жылы облыста 4,7 миллион гектар алқапта көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу көзделсе, оның 4 миллион гектарына дәнді және бұршақты дақылдар егіледі. Негізгі азық-түліктік дақыл болып саналатын жаздық бидай 3,7 миллион гектар алқапқа егілмек. Бұл дақылдың  үлесі 79 пайызды құрайды. Биыл майлы дақылдар 268 мың гектар жерге егіледі. Майлы дақылдардың үлесі Зеренді ауданында мол. Бұл ауданда 57 мың гектар жерге және Бурабай ауданында 35 мың гектарға майлы дақылдар егіледі. Бұл кез келген жерде майлы дақылдар алқабын ұлғайтыңдар деген тапсырма емес. Әртараптандыру мәселесіне зерделеп қараған жөн.
Облыста күнбағыстан басқа майлы дақылдардың тиімді отандық сұрпы жоқ екенін мойындауымыз қажет. Қазір диқандардың алдында майлы дақылдарды өсіру кезінде басымдықтарды ауыстырып, негізгі күшті өндірісті өрістетуге бағыттау, яғни өнімділікті арттыру есебінен аталмыш дақылдар өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр. Майлы дақылдардың әр гектарынан 9 центнерге дейін өнім алуға болады. Мал азығы дақылдары 556 мың гектар алқапқа егіледі. Бұл өткен жылғы деңгейден 37 мың гектар артық. Дегенмен, Еңбекшілдер, Ақкөл, Бұланды, Жақсы және Сандықтау аудандарында біржылдық шөп егу көлемі азайып отыр. Бұл аудандарда біржылдық шөп өсірмей, мал азығы базасын нығайту мүмкін емес. Аталмыш аудандар мен өзге аудандардың әкімдіктері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірге мал азығы дақылдарын көбейту үшін егістік алқаптары құрылымын қайта қараулары қажет. Бұл мәселені шешуге әлі де мүмкіндік бар. Картоп отырғызу алқабы 18,5 мың гектарды, көкөніс алқабы 4,5 мың гектарды құрайды. Тұрғындар картоп пен көкөністі өз мүмкіндіктерінше отырғызады. Бұл өнімнің өндіріс көлемін одан әрі тек арнайы мамандандырылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арқылы ұлғайтуға болады. Биылғы жылы картоп отырғызу алқабы 2,5 пайызға ұлғайды. Бұл дақылдар өндірісін экономикалық ынталандыру мақсатында биылғы жылы картоп пен көкөністі субсидиялау нормативі екі есе өсіп, 1 гектары 60 мың теңгені құрады.
Биылғы жылы ылғал сақтау технологиясын қолдану алқабы 75 пайызға дейін жеткізіледі. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 82 мың гектарға артық. Біз аталмыш технологияның жоғары тиімділігі жөнінде алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың жұмысы мен тәжірибесінде бірнеше рет көз жеткіздік. Мұндай шаруашылықтар жыл сайын мол өнім алады. Облыс дәнді және бұршақты дақылдар тұқымымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда егіс стандартының 1 және 2 класты тұқымы 80 пайызды құрайды. Сұрыпты  уақытында ауыс-тыру және жаңарту үшін облыстың тұқым шаруашылықтарында 103 мың тонна көлемінде өнімділігі жоғары тұқым, оның ішінде 25 мың тонна элиталық тұқым сақталуда. Бұл көлем жетіспеушілікті жабу және жергілікті жерлерде тұқымды жаңарту шараларын өткізу үшін жеткілікті. Өткен жылғы орақ науқаны кезінде жиі жауған жауын мен салқын күндер тұқымның дұрыс пісуіне мүмкіндік бермей, оның шығу көрсеткішіне кері әсерін тигізді. Тұқым сапасы бойынша мұндай қиыншылыққа Бурабай, Сандықтау, Есіл және Целиноград аудандарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері тап болды. Бұл қиын жағдайдан шығу үшін келісім-шарттар жасалып, тұқым шаруашылықтарынан
ауыстыру және тұқым тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті жерлерде бұл жұмыстарды қарқынды жүргізу қажет,–деді алдағы дала жұмыстарының мән-маңызына жете тоқталып өткен баяндамашы.
– Бірқатар ірі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарында тұқым мәселесі туындауда. Оны аудан әкімдері әлі шешкен жоқ,– деді облыс әкімі
Сергей Кулагин. Уақытында жанар-жағармай тасымалдамайтын операторларды жанымызға жолатпауымыз керек. Бұл мәселе бақылауға алынып, тез арада шешілуі тиіс. Диқандар үшін барлық жағдай жасалады. Былтырғы жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдауға 13 миллиард теңге, биыл 14 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылғы қарыздың 1 миллиард теңгесі әлі қайтарылған жоқ. Үкімет бұл қаржыны кепілдіксіз берді. Бұған түсіністікпен қарап, қарызды уақытында қайтару қажет. Қайтармағандар келесі несиеден қағылады. Үкімет бөлетін қаржы «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына тікелей келуі жөнінде мәселе көтердім. Бір ірі кәсіпорынның басшысы маған жолығып, тұқым сатып алуға несие сұрады. Өзі астықты толығымен сатып жіберіпті. Тіпті, нәубет жылдардың өзінде адамдар тұқымға тиіспеген. Сондықтан, оған және алқаптарын жусан басқан шаруашылықтарға несие берілмейді, – деді өз сөзінде облыс әкімі.
– Ағымдағы жылы жинақталған топырақ ылғалы есебінен мол өнім алуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Себебі, 2014 жылдың шілде, тамыз айларында жауын-шашын мөлшері шамадан тыс көп болды,– деді  жарыссөзде сөйлеген А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқарбаев. Соңғы жиырма жыл ішінде жауын-шашын мөлшері түбегейлі өзгеріске ұшырады. Маусым айында қатты нөсер болса, шілдеде  қуаңшылық орын алатыны бар.  Мәселен, өткен жылы тұқымның өніп-жетілуі кезінде ауа райының қолайсыздығына байланысты Бурабай, Зеренді, Сандықтау және Бұланды аудандарының бірқатар шаруа қожалықтарында тұқымның өнгіштігі төмен болды. Тамыз
айында бидай масақтарында  ылғал көлемі 150 милиметрді құрады. Тіпті, егін ору науқаны кеш басталып, алқаптарда сабан шашылып жатты. Сондықтан, осы аудандардағы көктемгі егіс жұмыстарын 5-6 күнге ерте бастап, науқанды мамыр айының 27-28 күндері  аяқтау  жақсы нәтиже бермек. Әрі  дақылдарды егу тереңдігін 5-6 сантиметрден асырмау қажеттігі туындап отыр. Оған қоса, топырақтың құнарлылығын арттыру үшін қолданылатын минералды тыңайтқыштар өнімнің бірдей өсімін қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылы баламасыз таңдау аммофос тыңайтқышына түсіп отыр.
Тағы бір түйткілді мәселенің бірі –
арамшөп. Тұқымның тез өнуі үшін егіс алқаптарының басым бөлігінде арамшөп механикалық тәсілмен оталу қажет. Бұл арамшөптермен ғана емес шегіртке сынды зиянкестерді де жоюға ықпал етеді. Әрі топырақтың ылғалын да сақтап қалады. Алайда, алдын алу жұмыстары жүргізілмегендіктен, кейін тіпті химиялық өңдеуден мардымды нәтиже шықпайды. Жалпы алғанда, жыл сайын Торғай өңірі маңында егін бітік шығып, дәнді дақылдардың 65 пайызы бидай болып табылады. Бұл аумақта көктемгі егіс жұмыстарын мамырдың 18-30 аралығында жүргізсе кеш болмайды. Дәнді дақылдарды дәл кезінде егу – мол өнімнің негізгі бір шарты екенін естен шығармау қажет. Сонымен бірге, оның басты технологияларын бұлжытпай орындау, егістік алқабын тиісті деңгейде күтіп-баптау жақсы нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді, – деді  А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры.
Кеңесте Зеренді ауданының «Викторовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владимир Андрюхин Солтүстік Қазақстан облысында өсірілетін бидай сұрпы біздің өңірде субсидияланбайтыны жөнінде мәселе көтерді. Өңір басшысы өз сөзінде бұл мәселе оң шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ, мұнда көктемгі егіс науқанында тұқым тасымалдау мәселесі де шешілді.
– Ғалымдар пікірлерінің жаны бар. Олардың берген ақыл-кеңестерінің арқасында тұқымды дер кезінде сеуіп, сапалы әрі мол өнім алудамыз,–деді Сандықтау ауданының «Максимовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Закусилов. – Біздің шаруашылықта 12 мың гектардан астам егістік алқабы бар. Өткен жылы 11,246 мың гектар жерге тұқым сіңірдік. Оның ішінде 36 пайызы майлы дақылдарға тиесілі. Дегенмен, былтырғы жылы ауа райының қолайсыздығы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өте ауыр болды. Соған қарамастан «Максимовка» серіктестігінің диқандары гектарынан 26,9 центнерден астық алды. Материалдық-техникалық база жаңартылуда. Өткен жылы 200 миллион теңгеге техника сатып алдық.
Біз 3-4 жыл бойы астықты кептіріп, сақтаумен келеміз. Осы арада, кейбір қиындықтар туындауда. Қоңыр күзде астықты кептіруге үлгермегендіктен, комбайндарымыздың 30 пайызы тоқтап тұрған кездері болды. Сондықтан, алдағы уақытта астық сақтау орындарын салу арқылы бұл мәселені шешуді жоспарлап отырмыз. Ал, технологияларға оралатын болсақ, ылғал жабу, тұқым таңдау сияқты шараларды уақытылы мамандардың пікіріне құлақ түре отыра жүзеге асырамыз. Біздегі тұқымның 30 пайызы отандық өнім. Бұл біздің климаттық белдеуге сай болғандықтан, астық түсімі де мол, – деді жарыссөзде сөйлеген серіктестік басшысы.
Топырақты агрохимиялық зерттеу, жыртылған жерлердің агрохимиялық жағдайын бақылауға және топырақ құнарлылығын жоғалтудың жедел алдын алуға мүмкіндік береді,– деді Агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Ерболат Базылжанов, – 2015 жылдың 1-ші қаңтарындағы жағдайға қарағанда 2007-2014 жылдар аралығында облыс бойынша егістік алқаптардың 3501,34 мың гектары немесе 65,1 пайызы осы мақсатта зерттелді. Жүргізілген осы агрохимиялық зерттеулер нәтижесінде егістердегі қара шірік құрамы төмен алқаптар 2717,57 мың гектарды немесе 77,6 пайызды құрады. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы пайдаланылған егістік алқаптарындағы қара топырақты жерлерде қара шіріктің бастапқы құрамының 36 пайызы, ал,  қара топырақты және күңгірт-сарғылт топырақты жерлерде 32 пайызы жоғалғаны белгілі болды. Егіндікөл, Қорғалжын, Астрахан және Целиноград аудандарында қара шіріктің құрамы төмен болса, Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарында ол біршама жоғары.
Бүгінгі күні облыс бойынша әр гектарға шаққанда 1,86 келі тыңайтқыштан ғана келеді. Бұл әрине, өте аз көрсеткіш. Мұны астық шығымдылығымен есептейтін болсақ, гектарына 0,3 центнерден келеді. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары рекордтық өнім алған кездеріміз де болды. Бұған әрине, топырақтың табиғи құнарлылығы арқасында қол жеткізіп отырмыз. Топырақтың құнарлылығы астықтың өнімділігі мен сапасына да игі әсер ететінін естен шығармағанымыз абзал. Агрохимиялық зерттеулер нәтижелері топырақ құнарлылығының әрі қарай төмендеп бара жатқанын көрсетеді. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне де кері әсерін тигізуде. Егер егістік алқаптардың құнарлылығын арттыру үшін 1 гектар жерге 45-50 келі тыңайтқыш қолдану керек болса, біздің облысымызда ол орташа есеппен 1,8 келіден аспайды. Тіпті, өткен жылы топырақты тыңайту шаралары Ақкөл, Ерейментау, Жарқайың аудандарында мүлдем қолға алынбаған.
Егер жерді пайдаланушылар агрохимиялық зерттеулер мәселелеріне, минералдық тыңайтқыштарды енгізу мен олардың түрлері, топырақ құнарлылығын сақтау және жемшөп сапасын анықтау жөніндегі ұсынымдарға қызығушылық танытатын болса, агрохимиялық қызмет орындары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қашан болсын, көмек-қолдау көрсетуге дайын, – деді орталықтың директоры Ерболат Базылжанов.
– Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқанда, өнімді көбейтудің негізгі амалы дәнді дақылдарды зиянды жәндіктер, арамшөп пен аурулардан қорғау болып табылады. Егін еккен соң оның жақсы өсуіне күш салу қажет, – деді жарыссөзде сөз алған облыстық аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Ирина Стафеева, – Жыл сайын алқапта шегірткелер қаптап, тұқымды зақымдайды. Оның ішінде көп кездесетіні – италиялық прус. Ол өте қауіпті шегіртке. Өткен жылы шегірткемен күресу мақсатында  612,0 мың гектар жер химиялық әдіспен өңделді. Ал, алдын алу шараларын уақытында жүргізіп отырған соң, осы жылы өңделетін танап көлемі 211 мың гектарға азайған. Әсіресе, Жарқайың және Есіл аудандарында зиянкестермен күресетін аумақ көлемі үлкен. Егер белгілі мерзімдегі шегірткенің көбеюінде бірқалыптылық байқалса, бүгінде климаттың өзгеруімен  оның көбею кезеңін қадағалау мүмкін емес. Сол себепті, қауіп сейілмей тұр. Қарағанды және Қостанай облыстарынан да зиянкестердің  ұшып келетінін назарға алып, ортақ іске барлық шаруа қожалықтары бірігулері қажет. Осы орайда, республикалық бюджеттен белгілі қаржы мөлшері бөлініп, 338,8 мың гектар жер өңделмек. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін бұл қуанышты жаңалық.
Соңғы жылдары алқаптар жаппай септориоз ауруымен зақымдалып жатыр. Осындай жағдайда фунгициттерді қолдану қажет. Шаруашылықтардың басшылары өсімдік ауруларына атүсті қарамай, табанды түрде қаражат бөлгендері жөн. Әрі танапта қаптаған жатаған у кекіре арамшөбінің тамырынан шығатын улы заттар көптеген екпе дәнді дақылдарға зиянды әсерін тигізеді, олардың өсуін төмендетеді. Түптей келе, облыс бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде 265,5 мың гектар жер ауруға ұшырағаны белгілі болды. Атап айтқанда, Жарқайың, Қорғалжын, Целиноград, Астрахан, Есіл және Егіндікөл аудандарында мемлекеттің қолдауымен алқап өңдеу көлемі артып отыр. Өткен жылы облыстың 13 ауданында жатаған у кекіре арамшөбін болдырмау үшін алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Биылғы жылы республикалық бюджет есебінен 1,11 миллион гектар жерде химиялық қорғау шаралары жүргізіледі, – деді Ирина Стафеева.
Кеңесте «Казгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Алмас Шабданов көктемгі егіс жұмыстарының ерте не кеш бас-
талуы белгілі бір дәрежеде агрометеорологиялық болжамдар мен синоптикалық жағдайларға байланысты болатынын атап өтті.     
–Алдын ала болжам бойынша мамырдың  алғашқы он күндігінде ауаның орташа температурасы түнгі уақытта 0-5 градус болса, кейбір жерде температураның төмендеуі ықтимал. Ал, екінші және үшінші он күндікте  температураның ауытқуы күтіледі. Әрі бір ай ішінде ылғал мөлшері орташа көпжылдық көрсеткіштен жоғары болады деп болжам жасалды. Тек өткінші жаңбыр ғана емес, қатты нөсер де болуы мүмкін. Айдың ортасы мен соңында бұршақ та жауады деген жорамал бар. Батыс бағытта жел күшейіп, оның жылдамдығы кейде секундына 15-20 метр болуы мүмкін.
Есеп бойынша  ылғал қоры Астрахан, Сандықтау, Зеренді және Целиноград аудандарында жеткілікті, есесіне қалған өңірлердегі ылғал мөлшері 62-78 пайыз төңірегінде. Егер жаздық егісті оңтайлы мерзімде ексе, жас өскіндерді көктемгі суық зақымдамайды. Науқанды 10-14 күнге кеш бастау егіннің бітік шығуына кедергі келтіреді. Тұтастай алғанда, күз, қыс мезгілдері ылғал жинақтауға тиімді жағдай туғызды. Сәуірдің алғашқы он күндігінде ауа райының күрт  жылынуы қар көбісінің  тез сөгілуіне ықпал етті. Ауа райының болжамына сүйенсек, мамыр айында жауын-шашын мөлшері сақталып, мол өнім алуға септеседі, – деді Алмас Шабданов.
Кеңесті қорытындылаған өңір басшысы өз сөзінде пар мен ылғал сақтау технологиясынсыз мол астық алынбайтынына, парды пайдаланатын Жақсы ауданы нанының сапалылығына тоқталды. Диқандарға егіншілік мәдениетін сақтауды тапсырды. Сондай-ақ, несиесіз жұмыс істейтін алдыңғы қатарлы кәсіпорындар қатарын көбейтуге шақырды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
Аслан ОСПАНОВ,
Ырысгүл АШУОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар