Момын батырлардың мықтылығы

Мен бала күнімнен әкемді батыр деп ойлап көрмеппін. Жарықтық, ешкімге қатты сөз айтпайтын, ашуланбайтын, ешкіммен төбелеспейтін момын кісі еді. Шешеміз Бәтима шапшаң мінезді болатын. Кей-кейде әкемді жерден алып, жерге салатын, сонда ана кісі «әй, қой!» деп бір дауыс көтермей кетті! Бірақ, мамам көңілі түссе – көл! «Әкең пәшестің бәрін қиратып, жеңіп келген! Нағыз герой осы!» – дейтін, жүзі нұрланып.

О сы бір герой, батыр деген сөзді мен әкеме шақтай алмай басым  қататын. Төрт-ақ класс білімі бар жарықтық  бала күнімнен батырлар жырын оқып өсірді бізді. Сонда, менің қиялымда батыр деген арғымақ мінген, ақсауыт киген, алмас қылышы мен ақ найзасы айға шағылысқан алып тұлғалы, арыстандай ақырған даусынан қалмақтар қоғадай жапырылатын қаһарман болып көрінетін. Ал, мына керзі етік пен  көнетоз күпәйке киген, қара еңбектен  қажымайтын қажырлы, қайратты, орта бойлы ғана қарапайым кісіні қайран шешемнің солардың қатарына қалай қоятынына қайран болам! Тек әйтеуір, кезінде жастықпен басқа жақтан келгендермен ерегесіп қалғанда: «Мой отец Берлин брал!» – деп, қиқу салғаным рас!   
Менің әкем Тақан Әлімжанов соғыстың алғашқы кезінен бастап, аяғына дейін қатысқан. Соғысқанда да, нағыз қырғынның ішінде жүрген, алғы шепте, жаудың бетінде, жауған оқтың өтінде болған. Бүкіл Ресей мен Еуропаны түгел жаяу жүріп, жауды түре қуып өткен. Жаяу әскердің барлаушылар тобында талай мәрте майдан шебінен өтіп, жау тылына түрлі жауынгерлік тапсырмалармен барып қайтқан. Әскери атағы – сержант. Қызыл Жұлдыз орденімен, қатардағы жауынгерлер мен сержанттарға берілетін ең жоғары ерлік белгісі «Ерлігі үшін» («За Отвагу») медалімен наградталған. Одан басқа да бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, көптеген медальдары бар. Үш рет жараланған. Екеуі ауыр, біреуі жеңіл. Ұлы Отан соғысының  үшінші топтағы мүгедегі.
Бір жолы шекеден танк снарядының жарықшағы тиіп, ауыр жараланыпты. Темір жарықшақ миға екі миллиметр қалыпты. Миға қарай кетпей, сүйекті бойлай қадалып, тұрып қалған. Дәрігерлер госпитальда жарақатын жуып, ем-дом қолданып, қанша тазаласа да, жарықшақты ала алмаған. Содан емделіп, алғы шепке келгенде, қайтадан шекесі ісіп, басы ауырып, әбден азап көреді. Командирлер оның ауыр халін көріп, госпитальға тағы жібереді. Жуып, тазалап, емдейді, бірақ, сүйекке тереңдеп кірген жарықшақты ала алмайды. Қайтадан соғысқа келіп, майданға кіріп кетеді. Сөйтіп, шекесін қасып қойып,  соғысып жүргенде, бір күні, қанша дәрігер жабыла іздегенде таптырмай, түспей қойған, сүйекке тікелей кіріп, тереңде жатып алған  жарықшақ, асханада тамақ ішіп отырғанда, өз-өзінен сылдыр етіп табағына түсе қалған! «Ар жағынан ірің теуіп шығарған ғой… Ой, бір рахаттандым-ау!» – деп, сүйегін жарып түсе қалған жарықшағын  жүрегі жарыла қуанып еске алатын жарықтық! Шекесі өле-өлгенше тыртық болып жүрді. 1996 жылдың жазында соғыс мүгедектеріне жеңіл автомобильдер беріледі екен деген хабар шықты. Ол кезде әкем төсек тартып жатқан. «Мені облысқа, комиссияға апар!» – деп, қоймады. Ішінде арманы кетпесін деп, «Жигулидің» алдыңғы орындығын барынша созып, шалқасынан жатқызып, Кеңащы ауылынан 150 шақырым жердегі Көкшетау қаласына алып бардым.  Аудан мен облыстағы кейбір дос-жарандарым: «Өй, сізді бәрі біледі, бастықтарға айтсаңыз, ана жерге бір қой, мына жерге бір қой берсеңіз, біреу-міреулер кішкене көмектесіп жіберсе, шал машинаны мінеді де қайтады!» – деп ақыл берді. «Қой, – дедім, – біздің шал кеше соғыста қанын блатпен төккен жоқ қой! Машинаны да блатпен алмайды, еңбегімен алады! «Сөйтіп, дәрігерлер комиссиясына алып келдім. Комиссия бастығы Жәмкен Құдайбергенов ағамыз екен, біздің елдікі, Құдайберген молданың немересі, үлкен дәрігер. Мектепте інісі Халелмен (Халиолла) бір класта оқығанмын. Жаны қалмай қарсы алып, әбден тексеріп: «Ағамыздың бес кісілік сырқаты бар екен! Он кісілік еңбегі бар екен! Мұндай ардагерлер қазір өте аз қалды ғой, бәріне де машина берсе артық емес! Бірақ, бірақ…» – деп жылы сөзбен шығарып салды. Бірағы – заң бойынша, соғыста аяғынан жараланған кісілерге машина беріледі екен. Ал біздікі – бастан! Содан үйге келе жатқанда: «Шал, естідің ғой өз құлағыңмен, енді мазаны алмай тыныш жат! Осының бәрін баяғыда ойлауың керек еді! Оққа басыңды тосқанша, аяғыңды тоса қоймадың ба?!» – дедім. «Әй, Баянғали-ай!» – деп, риза болып, рахаттана күлді!       Сонымен бітті машинаның жыры!
– Бір ауыр жарақаттан кейін елге қайтаратын болды. Түскі тамақтан кейін жүресіңдер деп, командир қағаздың бәріне қол қойып берді. Жолдастармен қоштасып, түскі асты  ішіп отырғанда, радиодан Сталиннің бұйрығын самбырлатып оқып тұр! Жүруге, мылтық атуға жарайтын жаралылардың барлығы  алғы шепке, соғысқа жіберілсін дейді! Сөйтіп, елге кетеміз деп, өмірден үміттеніп қалған қайран басымыз қанды қасапқа қайта кірдік! – деп, еске алушы еді сол күндерді.
Негізінде, ол кісінің соғыс туралы әңгімелері қызық болатын. Әңгіме айтуы да ерекше еді. «Біз әңгіме білмейміз ғой, көбіне жаңылып, ұмытып қаламыз! Уот, әңгімеші деп баяғының шалдарын айт, ағып отыратын!» – деп қойып, ақырындап сөзін сабақтай берер еді. «Әй , әкеңнің әңгіме айтқаны бар болсын! – деп шешем киіп кететін арасында. – Әне жерін тастап кеттің ғой! Жөндеп айтпайсың ба, Бәкөшке! (менің ерке атым!)» – деп түзеп жіберетін. Әңгімеқұмар маған бәрі қызық. Әсіресе, оқ пен оттың ішінде қызыл қанды кешіп көрген кісінің бояма-әсіресіз нақты әңгімесі бүкіл жан дүниемді жаулап алатын. Бірақ, не сиқыры барын кім білсін, мектепте оқытатын соғыс тарихы жайлы кітаптарды қатып қалған заң, бұлжымайтын ақиқат, өзіміз сияқты адам жазған дүниеден гөрі көктен түскен керемет көріп, алыстағы бейтаныс батырлардың ерлігіне сәби сана-сезімім көзсіз сеніп қалғандықтан ба, жанымдағы  жақын адамның төккен қан мен тері, көрген бейнет-азабы, еңбегі мен ерлігі  ешкімнен де кем емес екендігін бұлдыр-бұлдыр түйсінгеніммен, солардың қатарына қоюды осы күнге дейін ойлап көрмеппін! Бәлкім, өз әкемді өзім дәріптегендей болмайын деген де шығармын, кім білсін!
Қыстың ұзақ кештерінде әңгіме-дүкен құратын едік. Сыртта қақаған аяз, ышқына соққан боран. Кішкентай ғана ағаш үй жып-жылы, ұядай. Пеште қайың мен қарағай алаулап жанып жатады. Оттың жалыны бойымызды, әке-шешеміздің әңгімесі жанымызды жылытып, ойымызды шарықтатып әкетеді. Бейбіт өмірдің отына қызыға қарап отырып, соғыс өрті туралы қарапайым да шынайы, әсіре бояусыз әңгімелерді тыңдай отырып, бала жүрегіміз соғыс атаулыға қарсылық танытып, лүпілдей соғатын.
От жанып біткесін, анамыз қып-қызыл, ұшқын атқан қызулы шоқты ұзын темір көсеумен көсеп-көсеп жіберіп, таба нан жабады. Нан піскенде аңдып отырып, әкеме шетінен бір тілгізіп алып, сары майға қосып жегенді жақсы көретінбіз. Нанның шетін ұзыншалап тіліп, ортасынан екі бөлетін. Біз оны бөпе нан деп атаушы едік. Қытырлақ, тәтті  бөпе нанға таласатынбыз, бірақ, кенже болғандықтан, бір бөпе нан қашанда маған тиетін! Ата-анам мені бетімнен қақпай еркін, тіпті, еркін өсірді.
– Папа, соғыс қандай қорқынышты! Қырғын қантөгіс! – деймін, кинодан көргенімнің әсерімен. – Бірақ, біздің солдаттар оқтан қорықпайтын батыр болыпты! Ал, сен қорқып көрдің бе!?
– Оқтан қорықпайтын кісі бола ма екен?! – деп күрсінеді әкем. – Соғысқа ең алғаш кіргенде жаман қорқасың! Жараланып, госпитальдан шығып, соғысқа қайта кіргенде тағы қорқасың! Қалған уақытта етің өліп кетеді. Анандай қанды қырғыннан тірі қаламын, елге қайтамын деген  ой жоқ. Қорықсаң да өлесің, қорықпасаң да өлесің! Әйтеуір, кеудеңде жаның барда соғысу керек, жауды қыру керек! Бітті! Немістер бомбылап жатқанда, снарядтар гүрсілдеп жатқанда, елең де қылмайсың, тамағыңды ішіп отыра бересің! Өйткені, тамақ суып қалады ғой! Снаряд ысқырып жатқанда селт етпейсің, өйткені, дыбысы естілген снаряд саған тимейді. Ол өтіп кеткен снаряд!  
Ең алғаш соғысқа кіргенім әлі есімде. Постта тұрғанда немістер бомбалады. Гүрс-гүрс жарылыс, қызыл жалын, қара түтін. Сонда қорыққанымнан орнымнан қозғала алмай қатып қалыппын! Сол посты тас-тамай, тұра беріппін! Бір кезде жақын жерден гүрс ете қалды… Ары қарай дым білмеймін. Сөйтсем, топыраққа көміліп қалыппын! Кейін, біздің жа-уынгерлер аршып алды. Дін аманмын, бір жеріме сызат түспеген!
– Бір күні барлауға, тіл алуға бардық. Бір шағын  ауыл, бізше айтқанда. Келіп, ақырын байқасақ, немістер жоқ екен. Сұрастырсақ, біздің адамдар екен, жау қолында қалған. Кешке қарай немістер келіп, моншаға түседі деді. Соларға монша жағып жатыр екен. Аңдып, тығылып жаттық, орманның шетінде. Бір кезде бірнеше үш аяқты матасекілмен келіп түсе қалды. Ешкімнен айылдарын жиятын емес, алшаң-алшаң басып, топырлап моншаға кірді де кетті. Сәл күттік те, енді шомыла берді-ау дегенде, ақырын басып жетіп келдік. Қарасақ күзет дәнеңе жоқ, киім-кешек, қару-жарақтары жатыр жайрап кіре берісте. Командирміз бір дөкей орыс болатын, ай-шай жоқ моншаның есігін сарт еткізіп ашып: «Хенде хох!» деп кіріп барды. Қаруымызды кезеп, біз қырып салуға дайын тұрмыз. Немістердің есі шығып, қалшиып қатты да қалды. Жау келеді деген қаперлерінде жоқ, буға балқып, рахаттанып жатқанда оқтың аузында қалу оңай ма? Дөкей орыс командир естерін жиғызбастан, жобасы бастығы-ау деген ірілеу біреуін шап беріп ұстай алды да, бір-ақ жұлқып, бізге қарай лақтырып жіберді. Қолма-қол, шала-пұла киіндіре салып, ала жөнелдік. Командиріміз бір бума гранатты тастап жіберіп, моншаның есігін жаба салып, соңымыздан сыртқа атып шықты. Гүрс ете қалды да, бүкіл монша қып-қызыл жалынға оранып кете барды. Біз тілді штабқа әкеліп тапсырдық!
– Бір күні түнделетіп барлауға барып, қайтып келе жаттық. Таң алдында қалың егіннің арасынан бір топ немістерді көріп қалдық. Шу шығармай, ақырын жылжып келеді. Бақылап қарасақ, алдарында жеңіл танкілері бар, бірнеше машинаға мінген, мұздай қаруланған, түсі суық, сақадай-сай қанішер топ сияқты. Біз бар болғаны он шақты адамбыз.  Барлау тобы болғандықтан қару-жарағымыз сай, оқ-дәріміз мол, бірақ жеңіл қару ғана. Ақылдаса келе, бұларға тұтқиылдан шабуыл жасауды ұйғардық. Өйткені, бұлар тегін келе жатқан жоқ, әлдебір төтенше, маңызды тапсырмамен келе жатыр. Содан не керек, таң қараңғысымен оқ пен гранатаны жаудырдық келіп. Кенеттен жасаған шабуыл қашанда тиімді ғой, әп-сәтте техникалары отқа оранып, әскерлері қанға батып, қырылғаны қырылып, жараланғандары мен жан сауғалағандары бой тасалай қалды. Кеудесінде жаны бар, жүруге жарайтын бір-екеуін «тілге» алып, біз де зыттық олар естерін жиғанша. Атыс-жарылыстың даусын естіген біздің әскерлер де өре түрегеліп, сақадай сай бола қалды. Сөйтсек, шынында да жаудың сырттан орағыта айналып келіп,тұтқиылдан соққы жасамақ болған бір зымиян жоспарын іске асырмай, тамырынан қиып түсірген екенбіз! Бізге командирлер: Бұл ерліктерің үшін сендерді батыр атағына, наградаға ұсынамыз деп, алғыс айтты. Кейіннен хабар болмай кетті. Астаң-кестең қырғындардың кезінде награда қағаздары түгілі, штабтардың да күлі көкке ұшып, қаншама дәкүмент, қаншама жауынгерлердің ерлік істерінің куәлігі  із-түзсіз жоғалмады дейсің!
– Украинада азат еткен бір қалашықта тыныс алып, бекініп тұрдық. Бірнеше жауынгер бір үйде отырғанбыз. Әлгі үйдің қызы бізге бір жымың етіп, сыртқа шығып кеткен. Көп ұзамай біздің әскерлер тұрған жерге бір топ фашист самолеттері ұшып келіп, бомбының астына алды. Біздің әскерлер зениткамен атқылап, қарсы самолеттер шығып, ақыры құлатқанын құлатып, қалғанын қуып жіберді. Біз айран-асыр болып, ойлай келе әлгі үйдің қызынан күдіктендік те, ақырын аңди бастадық. Біраздан кейін тағы оңашаланған сәтінде, үстінен түстік. Рациямен байланысқа шығып, немістерге хабар бергелі жатыр екен. Қолма-қол тұтқындап, штабқа әкеліп тапсырдық. Сөйтсек, төбесіне шөмеледей ғып үйіп қойған қалың қолаң шашына жасырған екен рация құралын!
– Соғыстың соңына қарай фашистердің жанталасқаны сондай, өлерменденіп, кейде тіпті бір солдатты бір самолет қуалаған кездерін де көзбен көрдік. Бір күні  бір неміс самолеті біздің бір капитанның соңына түсіп алып, ал қуала! Жүйткіп келе жатып, ірі калибрлі пулеметпен атқылап келеді, капитан жанталасып, бұлталақтап қашып келе жатты да, самолет тақап келе бергенде шалқасынан жата қалып, наганмен атып-атып жіберді! Оның оғы самолеттің жанармай багына тура тиді білем, бұрқ етіп, от-жалынға оранған самолет жерге құлап түсті де, гүрс етіп жарылды. Әлгі капитанды қолма-қол наградаға ұсынды!  
– Бір жолы орман ішінде түскі тамақ ішіп отырғанбыз. Жанымыздағы бір жауынгер өз-өзінен қисайып құлай кетті. Бұған не боп қалды деп қарасақ, жаны жоқ, өліп қалыпты. Басы қан-қан. Не атылған мылтықтың даусы, не жарылыс естілген жоқ. Айран-асыр болдық. Бақсақ, алыстан, самолеттен атылған ірі калибрлі пулеметтің оғы өз екпінімен қаңғып келіп, тып-тыныш тамағын ішіп отырған байғұстың тура төбесіне келіп түсіп, тесіп өткен! Ал, амалың бар ма тағдырға!
– Бір күні орманда, барлауда жүріп, бір ағаштың түбінде демалуға аялдадық. Үшеуміз. Бір орыс, бір өзбек және мен. Кенет ағаштың ішінен екі солдат жүгіріп шыға келді. Пормысы біздікі. Аңдап қарасақ – орыстар. «Свои!» десіп, сөйлесіп жатырмыз. Сөйтсек, фашистер жағына шығып кеткен власовшылар екен. Айда, бізді үгіттеуге кірісті. Немістер жағына өтіңдер, онда бәрі жақсы, керемет деп қояды. Бізге қосылмасаңдар, бұл жерден аман кете қоюларың екіталай, өйткені, орман тола генерал Власовтың  әскерлері деп әкетіп барады. Әлгі өзбек оларды мақұлдаған сыңай танытып, алдаусыратып отырғанда, орыс екеуміз оларға байқатпай ыммен келісіп, кенеттен  екі власовшыны  атып тастадық! Сөйтіп, ағаш-ағаштың арасымен, жасырын жүріп отырып, өзіміздің әскерге жетіп, жағдайды командирге баяндадық. Ол жоғарыға қолма-қол хабарлап, соған орай әскери жоспарларға өзгерістер енгізілді.
– Соғыста маршал Жуков басқарған майданда болдым. Воронеж, Харьковты азат еттік, Дрезден, Лейпцигті алдық. Берлинге 40 шақырым жерде, ертең шабуылға шығамыз деп тұрғанда соғыс аяқталды, неміс фашистері берілді, біз жеңдік деген қуанышты хабар келді! Қалай қуанғанымызды айтуға тіл жетпейді! Мылтықта оқ қалдырмаймыз деп, автоматтың барлық оғын салют қылып, аспанға атып бітірдік!
– Немістердің үйлері керемет болатын. Үйлерінің бүкіл қабырғасы – шкаф сияқты  тұтас жасалған. Сонда қашқан фашистер есіктерінің бәріне граната қыстырып кете берген. Олардың үй тола нәрселерін алмақшы болып асығып-аптығып барған  жауынгерлердің көбі ойда жоқта сондай жасырын жарылғыштарға түсіп қаза болды. Тіпті, әлі соғысқа, қан майданға кіріп үлгірмеген, жаңадан әскерге келген  жас жауынгерлер, әсіресе, Өзбекстаннан келгендер, соғыс бітті, енді елге қайтамыз, құр қол бармайық деп, дүние-мүлікке қызығып, темір жол бойында  тізіліп тұрған вагондарды аралап жүргенде, көпшілігі  минаға түсіп, қаза болды.
– Бір жолы барлаудан келе жатып, адасып, айналсоқтап, көп жүріп қалдық. Күн тұман, бұлыңғыр. Қалжырап келе жатқанда бір жартылай қираған ескі шым үйге тап келіппіз. Сонда  бекініп, демалуға жата қалдық.  Ұйықтап кетіппін. Түс көрдім. Түсімде шешем Қамила қолдан пісірген таба нан беріп жатыр екен. Шетінен үзіп алып, аузыма салып, жей бергенде оянып кеттім. Ішімнен қуанып, е-е, елге аман қайтады екенмін деп үміттеніп, жақсылыққа жорыдым! – деп мұңайып, ойға батушы еді-ау, жарықтық!
Біз Ақсары керейдің ішінде Ақымбетпіз. Арғы атамыз Әбіш ақсақалдан Әлімжан, Шалабай, Кәрімжан туады. Ұлы Отан соғысы басталғанда ең бірінші Кәрімжан атамыз кетеді соғысқа. Менің анам Бәтима – осы Кәрімжан атамыздың жары. Одан Ләйлә, Мәймінә (Мәрия), Мейрам үшеуі туады.  Кәрімжан атамыз соғыстың алғашқы айларында қаза болады. «1941 жылы шиеттей үш баламен жиырма үш жасымда жесір қалдым! Көрдік қой бейнетті де, қайғыны да!» – деп, көкірегі қарс айырыла күрсінетін  анамыз. Содан соғыстан кейін менің әкем, қайнысы  Тақан Әлімжанұлына әмеңгерлік жолымен қосады ел ақсақалдары. Одан Мейрамбай, Сұлушаш, Баянғали, Сәбитен туады. 1949 жылы туған Мейрамбай ұзын бойлы, зор денелі, сымбатты, сұлу жігіт болатын. Спортқа күшті еді, штанга көтеретін, бокс, күреске де бар еді. Шахматты мықты ойнайтын. Кітапқұмар еді, бізді кітап оқуға қызықтырып үйреткен де сол Мейрамбай ағамыз болатын. Амал не, 1968 жылы, 19 жасында Политехтің 2-курсын бітірген жазда Алматыда суға кетіп қайтыс болды. Ол туралы мен «Қыр астындағы құлын» деген поэмамда жаздым. Сәбитен ініміз 1958 жылы туып, сегіз-ақ күн тұрып, қоскіндік деген аурудан шетінеп кетті. Осы жеті баладан қазір апам Сұлушаш екеуміз ғана қалдық.
 Анамыз Бәтима соғыс кезінде «Красная Звезда» деген артельде тігінші болып жұмыс істеген. Ісмер, қолы шебер болатын. Жоқшылық, таршылық уақыт қой, біздің киімдерімізді көбіне қолдан өзі тігіп беретін.
Бір жолы мамам Аманжол атамыз-дың бәйбішесі Қалиман апамыз екеуі Құдықағашқа, жақын туыстарының үйіне барады. Сонда, қайтарға көлік болмай қалып, жұмыстан қалып қоймау үшін түн ішінде Сәуле арқылы, Құрттыкөлді жағалай жаяулап тартады. Жиырма шақырымдай жерден таңертең уақытында келеді жұмысқа. «Ол уақытта жұмыстан бір кішкене кешіксең – бітті, қуып шығады! Тіпті, халық жауы  деп, соттап та жіберетін» – дейтін жарықтық анамыз.
  Әкем мен шешем екеуі өле-өлгенше қол ұстасып, жұбын жазбай өтті. Жұмысқа, қонаққа бірге барғаны былай тұрыпты-ау, тіпті, қораға шықса да бірге шығатын. Кеңащының кісілері екеуін Қыз Жібек пен Төлеген деп, әдемі әзілге айналдыратын. Менің «Қайран кемпір-шалдар-ай!» деген пьесамдағы ата мен апаның бейнесін көрген, білетін адамдар ата-анаңызға  ұқсайды екен деп жатады. Жаны бар сөз, сол кісілерге деген, жалпы, енді қайтып келмейтін, уақыт желімен белгісіздік әлеміне ұшып кеткен көненің көздеріне деген сағыныштан туған дүние ғой! Негізі, менің ауыл әңгімелерімде, өлең-жырларымда қайран кемпір-шалдардың  біраз хикаялары көркемдік әлемге айналғаны да рас. Әкемнің бір керемет хоббиі – сағат жөндеу еді. Ауыл түгілі, бүкіл ауданның ескі механикалық сағаттары біздің үйден табылатын. Шал қайтқанда, сандықшасында жүзден астам ескі сағаттар қалды.                                                 
«Әр нәрсе – дәмімен!», «Дүниенің кілті – сабыр!» – дегенді әкем жиі қайталап айтып отыратын бала күнімнен. Кейін оқыдым, көне заманғы философ Солонның девизі: «Ничего через меру!» – болған екен. Осыны қалай аударуға болады? Әр нәрсе  дәмімен! Дәмінен асып кетсе, дәрі де уға айналады! Даналықтың бәрін дала өмірінен үйренген жарықтықтар-ай! Анамыз Бәтима – Арғын,  Қылды Қарауылдың қызы, «Қалқаман-Мамырды» жатқа айтатын! Шәкәрім ақталмай тұрғанда, аты аталмайтын кезде! Бала күнінде әкесі Қожас, ағалары Серғожа, Қайырғожалардан естіп, жаттап алған екен. Одан арада қанша жыл ғұмыр, аумалы-төкпелі арпалыс заман өтсе де, қалай ұмытпай келген! Бір жағдай – менің анам қайтыс болған уақытта, Шәкәрім атамыз ақталды!
Ә кемнің майдан даласында серігі болған қара дәптері әлі сақтаулы. Брезент сияқты қара тысты, қағаздары әбден сарғайып кеткен. Ескі, сырты жезбен қапталған, кілті қолағаштай ағаш қобдида жататын. Оның ішінде неше түрлі дүниелер бар: ұрыс даласынан елге жазған хаттары, сағыныштан туған өлеңдері, керекті деген әңгіме, сөздері жазылған. Одан басқа көптеген, қазақ, орысы бар, жауынгерлердің адрестері жазылған. Мен бала күнімде ол дәптерді қолыма ұстаған сайын сонау соғыс майданының иісін сезінгендей болатынмын. Сол дәптерден «Кекті бала» деген поэманы оқып бергені де есімде! Бала көңіліме керемет әсер еткен! Авторы жазылмаған, кейін жобаладым, жаңылмасам, Қайнекей Жармағамбетовтың шығармасы болу керек. Ол уақытта ұнаған шығармаларды көшіріп жазу, қолжазба күйінде тарату сияқты жақсы дәстүр болған ғой!
 Әкеміз  Шалабай, Әкімжан, Аманжол аталарымыздың ықпалымен 39 жасынан бастап намаз оқып, ораза ұстады. Төрт-ақ кластық білімі бар, арабша әліпті таяқ деп білмесе де,  құран аяттарын қариялардан кирилицамен  қойын дәптеріне жазып алып, ерінбей-жалықпай жаттап, дауыстап оқып отыратын. Дініміз бен тіліміз қысым көріп, тынысы тарылған заманда көне діндарлардан жүрек қалауымен құранды осылай  үйреніп, алып қалып, жоғалтпай сақтап, ұрпаққа жалғап кеткендер  арнайы діни білімі бар ғұламалар емес, ауыл-ауылдың қарапайым ғана қазақтары, көзі қарақты, көкірегі ояу құлақ молдалар болатын! Осы күні дін оқуын оқып, жастайынан тақуа боп алған тақырбас балалар ауыл қарттарын құранды дұрыс білмейді, қате оқиды, шала молда деп айыптап, білімпазданып, ділмарсып, мән үйретіп отырады. Ал, егер сол қате оқыса да, құран оқыған қариялар  болмағанда, соғыстан кейінгі, тыңнан кейінгі ұрпақтар шоқынбаса да, соған жақын таскерең, мәңгүрт болып шығар ма еді, кім білсін! Жарықтықтар-ай десеңші, намаздарын оқып, оразаларын ұстап, пітір-садақаларын беріп, дүниеден қайтқан қазақтардың барлығын, тіпті, партия, совет қызметкерлерін де, мұсылман қазақ жолымен ақ жуып, арулап, жаназа намазын шығарып, жөнелтіп отырды ғой! Тіпті, партия мүшесі болып, өмір бойы совет қызметін атқарып, зейнетке шыққасын дін жолына түсіп, молда болып кеткендері де аз емес еді. Сол шалдардың бір кереметі, дұғасын оқып болғасын, қол жайып: «Иә, Алла, дұғамыздың қатесін өзің түзетіп, артық-кемін өзің толтырып, бір өзіңе деген шын ниетімізді қабыл ете көр, Аллаһу әкбар!» деп бет сипайтындары қандай шынайы, қандай табиғи, қандай қазақы еді! Сол шалдар бізге «құлқуалланы» үйретіп, санамызға бекітіп кеткен! Сауаптан болсын, пейіште нұрлары шалқысын!
Темір заманда компартия мен кеңестің құрған шеңберінен шыға алмай, шығуға да талпынбай, солардың тәртібімен өмір сүріп, соғысып, жұмысын істеп жүрсе де дін мен тілін жоғалтпай, жоғалттырмай, келешекке жалғап кеткен де осы момын батырлар емес пе?! Мына қайшылықты қараңыз: Берлинді алған менің әкем өле-өлгенше Сталинді құрметтеп өтті. Мен қызылкеңірдек болып, Сталиннің қанды қырғынын, жауыздықтарын, репрессияны айтып, дәлелдеп-ақ бағамын. Әкем үндемей тыңдап, арасында өзі көзімен көрген «үндеместің» оқиғаларын да айтып қойып, аяғында: «Бұның бәрін істеген – Берия!» – дейтін. «Берияға істеткен Сталин ғой!» деп мен одан сайын қайнаймын келіп. «Өйтіп миымды ауыртпаңдар! Сталин Берияға сеніп, ештеме білмей қалған!» деп көсемге шаң жуытпайтын. Партияның саяси насихаты санасына ұялап, көсемдер кіршіксіз болады деген ұғым бойын билеп алған кісіге не дейсің?! Бірақ, солай алданған шалдардың ең керемет қасиеті – дін мен тілге келгенде, ешқандай партияңа да, советіңе де, Сталиніңе де қараған жоқ! Олар үшін  дініміз бен тілімізді сақтау, келешекке жалғап, ұрпаққа аманат қылып қалдыру – ең басты мәселе, өмірлік мұрат, мағына болатын! Үндемей-ақ, үйде отырып өз үрдістерін сақтап, жалғай берген шал-кемпірлердің жандары не деген сірі болған?! Үлкен са-яси машинаның жолына қарсы тұрмай-ақ, темір табанына түспей, жалтарып кетіп-ақ, жан сақтай отырып, бала-шағасын өз құнарында өсіріп, өз жолына үндемей тәрбиелей бергендері не деген қарапайым өмірлік даналық! Жалпы, бұл аз халықтардың өзін-өзі сақтау жолы, күрес тәсілі болар-ау, сірә?! Міне, момын батырлардың мықтылығы да осында!
Әке-шешеміздің бізге үйреткені, үлгі-өнегесі ұшан-теңіз. Ең бас-тысы, имандылықты, «бісміллә-аллаһу әкбарды» сәби күнімізден құлағымызға құйып, жанымызға сіңірді. Атеистік жүйенің бүкіл насихатынан сол артық болды бізге. Қазір ойлап қарасам, компартия мен кеңес үкіметін біздің кемпір-шалдар үйде отырып-ақ жеңіп шыққан екен ғой! Ай, жарықтықтар-ай! Анам Бәтима 1988 жылы жетпіс  жасында, әкем Тақан 1996 жылы жетпіс бес жасында өмірден озды.
Менің әкем Тақанның
Ерлігі көп айтатын,
Жауған оқтың астында
Жау тылынан «тіл» іздеп,
Түнде талмай жортатын,
Тоғыз танкі талқандап,
Таң атқанда қайтатын,
Бейбітшілік заманда
Бір телешке шөп сұрап,
Қолтықтап ап шалдарды
Канторға қарай тартатын,
Барлығын жеңген батырың
Қайран анам Бәтима
Марқұмнан жаман қорқатын!
Менің әкем Тақан шал
Фашистке ойран салыпты,
Берлинге дейін барыпты,
Қиратушы еді оны да
Қырық шақырым қалғанда
Соғыс бітіп қалыпты,
Гитлер менен Геббельс:
«Тақан келсе болмайт,деп,
Жағдай енді оңбайт!» – деп,
Атылып өліп қалыпты!
Менің әкем секілді
Қара шалдар жасасын
Халық қылған халықты!!!

 

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар