«Музейдегі түн» мазмұнды өтті

Халықаралық музейлер күніне орай, Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин және облыстық тарихи-өлкетану музейлерінде «Музей түні» болып өтті.

 

Аталмыш іс-шара Қазақстан Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының және патриоттар қауымдастығының төрағасы, подполковник Мұса Елеусізовтің құрмет жұлдызы алауын жағудан басталды. Облыстық қазақ және орыс драма театрлары әртістері Ұлы Отан соғысы көріністерін қамтыған  театрландырылған қойылым көрсетіп, жиналған көпшілікті бүгінгі бейбіт күннің қадірін білуге шақырды.
Салтанатты шараның екінші бөлімі музейдің экспозициялық залдарында өтті. Мұнда батырдың өмір жолын бейнелейтін  қойылымдар көрсетілді. Батырдың жары Нәзиянің монологы оқылды.  Дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов ән шырқап, аталмыш музейдің қызметкері Абзал Балтабаев батырға арнаған өлеңін оқыды.
Мәлік Ғабдуллин жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Бұл күнгі шара да жас толқынға ұлағатты тәлім-тәрбие беруге бағытталған. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне қатысты қойылым көпшілік көңілінен шықты.
Осындай акция облыстық тарихи-өлкетану музейінде де болып өтті. Мұнда «Trash Art», «Жаңа өмір» және «Шағын ЭКСПО» көрмесі деген тақырыптармен мазмұнды көрмелер ұйымдастырылып, «Экомода» дефилесі көрсетілді. Сонымен қатар, көрермендер назарына  Отырар мемлекеттік археологиялық музей қорығының «Фараб-Отырар өркениеті» көрмесі ұсынылды.

Назгул Рабилова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар