Ұмытылмауға тиісті тұлға

Манарбек Бексейітовтің есімі осы күнге дейін уақыт табымен көмескі тартып келіп еді

 

«Қазақтың тағы бір домбырасы үнсіз қалды-ау» деді көпшілік ол кісі дүниеден өткенде. Ел болып егілді. Қалың Көкшетау аза тұтты. Төрде ілулі домбырасы содан бері үнсіз. Қос ішегіне қолың тисе болғаны, боздай жөнелетін сияқты.

 

«Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген тәмсілдің астарында сыр жатыр. Бүгінде ресми түрде алсақ, есімі мен еліне сіңірген еңбегі ұмытылуға айналған белгілі мәдениет қайраткері, композитор Манарбек Бексейітовтің  асыл бейнесін жадында сақтаған, соңында қалдырған мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттап үлгі-өнеге етіп жүрген дос-жарандары, шәкірттері, туған-туыстары, ұрпағы бар. Иә, сынаптай сырғыған уақытта белгі жоқ.  Биыл оның өмірден өткеніне 20 жыл толады. Осы орайда, адал досы Мұрат қажы Ыдырысовтың ұйытқы болуымен Манарбек ағаның аяулы есімін жаңғырту тұрғысында биылда  бірқатар шаралар қолға алынып отыр. Атап айтсақ, осы күндері естеліктер кітабінің тұсаукесері өтпекші.
Оның  өнері өміршең еді. Жасаған жақсылығы мыңдаған жүректе жатталып қалды. Ол 1939 жылы Ақмола облысының Балкашин ауданындағы Тасбұлақ ауылында қызметші жанұясында дүниеге келген. Балдырған шағында қолына қасиетті қара домбыраны алып, үйіне келген қонаққа  ән мен күйден шашу шашып, бір серпілтіп тастайтын, бойына талант тұнған баласын әкесі Қасым да ерекше жақсы көрген деседі.  «Баталы ұл арымас» деген, әке қанымен берілген талантын  танып, жас буынды одан әрі баптап, үлкен топқа қосқанда осы әкесі Қасым екен. Домбыраның  сиқырлы үні бозбаланың өнерге деген құштарлығын  одан әрі арттыра түседі. 1964 жылы Семей музыка училищесінің домбыра және баян класын бітіріп, Көкшетау балалар музыка мектебінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын сырттан оқып бітірді. Көкшетау музыка мектебінің директоры болып істеді. Көп жылдар бойы Көкшетау музыка училищесінің директоры қызметін атқарды. Талант пен талап астасып, өнер атты әлем дарынды ағаны өз биігіне самғата жөнеледі. Манарбек Қасымұлы облыста музыка білімін таратуға және облыс мәдениетін дамыту ісіне көп үлес қосты. Ол облыс орталығында тұңғыш қазақ ұлт-аспаптар оркестрін және фольклорлық-этнографиялық «Оқжетпес» ансамблін құрды. Қазақстан композиторларының, оның ішінде Манарбек Қасымұлының өзінің төл шығармалары оркестр мен ансамбль репертуарында елеулі орын алды. Оның «Аққу әні», «Көкшетау вальсі» әндерімен қатар «Көкшетау маршы» күйі композитордың талантын айғақтай түскендей. Концерттік және ағартушылық қызметтері үшін оркестр мен ансамбль ұжымдары бірнеше дүркін Құрмет грамоталарымен, дипломдармен марапатталды. 1986 жылы қазақ ұлт оркестрлерінің Алматыдағы II республикалық конкурсында оркестр лауреат атағына ие болды. Манарбек Қасымұлы Бексейітов басқарған ұжымдар өзінің шығармашылығымен тек облыс тұрғындарын ғана емес, республика көрермендерін де қуантты, ұлттық өнерімізді шетелдерге де танытты. Шет мемлекеттерде өнер көрсетіп, көрермендерін тәнті еткендігі соншалық, орындарынан тік тұрып әуезді домбыра үніне, одан төгілген күй әуенінің құдіреттілігіне көрсетілген құрметті ол еліме, халқыма көрсетілген шынайы ықылас деп бағалады. Тек қазаққа ғана тән күй өнерінің кереметтігіне талайларды таңдай қақтыра тамсандырды. Польша мен Венгрияда гастрольдік сапарларда болды. Өмірінің 33 жылын педагогикалық қызметке арнаған Манарбек Қасымұлы Қазақстанда музыка мәдениетін дамытуға лайықты үлес қосып жүрген біртұтас музыкант орындаушылар мен педагогтарды тәрбиелеп шығарды. Өз білгенін кейінгі ұрпаққа үйретіп, дәріс те берді. Бұл ұлағатты ісін өмірінің соңына дейін жалғастырды. Сөйтіп, қазақтың музыка мәдениетінде  өзіндік  мектеп қалыптастырып, жастар арасынан жоғары деңгейдегі сайыстардың талай жүлдегерлерін тәрбиеледі. Ол кісінің тау суындай тасыған күш-жігері, қажымас зор еңбегінің нәтижесінде орындаушылық дәстүр қалыптасып, тәжірибелі кәсіби ұжым құрылды. Осындай ұлағатты ұстаздардан дәріс алған бүгінгі дирижер және оркестр жетекшісі Тұрлығожа Базаров осы ұжымнан шыққан еді. Қазіргі таңда оркестр құрамында Көкшетау қаласының Біржан сал атындағы музыкалық колледжін, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясын, Қазақ ұлттық музыка академиясын бітірген кәсіби тәжірибелі музыканттар бар. Аталмыш өнер ұжымы сан жылдар ішінде  В.Моцарт, И.Брамс, Ж.Бизе, Ш.Гуно, Дж Верди, Дж Россини, Штраус сынды ұлы батыс еуропалық сазгерлерінің, М.Глинка, П.Чайковский, Г.Свиридов, Н.Будашкиндай орыс композиторларының туындыларын меңгерсе, қазақ ұлттық өнерінің мақтанышы, ұлы күйшілер шығармаларын, яғни, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Абылай хан, Абай, Махамбеттердің күйлерін нақышына келтіре орындап жүр. Бүгінгі таңда оркестр шеберлерінің қатарына домбырашылар тобы (концертмейстері М.Мәкеев) қобызшылар тобын (Г.Жандәулетов) жатқызып, ерекше атап өтсек асыра айтпағанымыз.   Тегінен қаны мен алпыс екі тамыры күйге бұланған күйші шабыт шарықтауын, тоқсан толғауының түйінін, аңызы мен ақиқатын осы киелі дүниеден ұқты, күймен домбыраның қос шегіндей егіз тағдыр кешті. Орындаушылық үрдістегі көркем өнерге керекті қасиеттердің бәрін, терең философияны, сыршыл лириканы, дауылдатқан екпінді, виртуоздық мәнерді Манарбек ағаның бойынан табар едіңіз. Әттең, оның орындаушылық өнері жайында зерттеушілеріміз бен күйтанушылардың, музыка мамандарының  әлі де болса назарына ілігіп, терең зерделене түссе екен дейміз. Сонымен қатар, әлі де болса есімі ескеріліп, облыс орталығында Манарбек Бексейітовке арнап бір көше аты берілсе, жыл сайын дәулескер күйші атында дүлдүл домбырашылар фестивалі өткізіліп тұрса  нұр үстіне нұр болар еді ғой. Себебі, ірі музыкант, қайталанбас дара талант иесінің   музыка өнері саласына, оның ішінде Ақмола облысының мәдениетіне  сіңірген еңбегі, жеткен жетістігі – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, асыл мұра десек асыра айтпағанымыз.
Р.S: …Облыстық филармонияға кіре қалсаңыз оң қанатыңызда ұлт аспаптар оркестрінің дайындық класы бар. Сол жерден жанай өте бергенде  күмбірлеген сұлу саз естіледі. Манарбек Бексейітов құрған оркестр «Көкшетау маршын» орындап жатыр. Тау суындай тасқындап толқынды әуезді селдетіп, жан жүректі тебіренткен күміс күй күмбірлеп көңіл шіркінді толқытып жіберетіні бар. Ел арысын сағынған. Енді оны жүрегінен күй болып өрілген туындыларынан іздейді. Сол күйлер үзілмесінші…    
Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар