Нұрлы жолдағы ұлы сапарымыз сәтті болғай!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

Әлем өз қауызына сыя алмай мазасызданып  тұр. Сол мазасыз әлемнің бүгінгі адамын ойландыратын да, толғандыратын да жайлар аз емес. Толған да толысқан дүниенің бүгінгідей тығырыққа тірелген тұсында Адамзаттың жетілген дейтіндей ой санасы да мазасыздықтың маздаған отымен шарпылып, шарасыз күй кешіп тұрғандай. Бүкіл әлем жаңа сындардың алдында тұр. Бүкіл әлем жаңа бір қауіп пен қатерлерге тап болып тұр.

Бірін-бірі мұқалтқысы келген, бірінің-бірі жағдайын жұқартқысы келген санкциялық саясат ұстанған бүгінгі әлем өз дағдарысының ауыр зардабын  тарта да бастағандай. Кей-кейде бұл мына дүние ағымы мен ағысының  өз дамуының жаңа бір бағыты мен жаңа бір жолын табу үшін жанталасып жатқандығы ма деп те ойлайтының болады. Алайда, осы бір жанталасты дүниенің қабырғасын сөге бергенше, қалыптасып отырған қазіргі жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты жоюдың бір амалын бірлесіп ойластырып, бірлесіп орайын келтіру де керек қой. Ол үшін дүниеге Назарбаевтай Президент керек!
Бұл ой Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қайра-қайра сана сарабынан өткізген сайын көкейге орныға түскені бар. Өйткені, әлі де болса, бірін-бірі айыптаудан айыға қоймаған айдай әлемнің жетекші дейтіндей мемлекеттерінің бүгінгі сыйқы мен бүгінгі сұрқына қарап, дер кезінде тұжырым жасай білген Елбасы бізді, тәуелсіз елімізді тағы да бір дүние қыспағынан алып шығар жол бастады. Елбасы ол жолды мына сөзбен: – Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалына тап келеді, – деп бастады.
Мына заманның ақиқат тамырының соғысы осы! Соны Елбасы айта білді! Және де Қазақстан Президенті жиырма бірінші ғасырда жалпы адамзат баласы тап болатын он түрлі қауіп пен қатер бар екендігін бұдан бұрын да, талай жыл бұрын  айтқан да болатын. Елбасы айтқан сол сындарлы қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар дүние есігін қағып, босағадан сығалап, әлем мазасын ала бастағаны да бар. Міне, әлемде болып жатқан сол сындарлы қатерлер мен болжаусыз жағдайлар қазақ елінің түндігін түріп кірмесін деген ниетпен Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауын да жылдағыдан ертерек жариялап, тағы да өзіне тән көрегендігі мен кемел ойлы кемеңгерлігін, өз халқына деген шынайы жанашырлығы мен тәуелсіз ел алдындағы ұлы жауапкершілігін тағы да таныта түсті. Біз және бізді қойып барлық дүние жұртының Назарбаевтың алдын болжағыш, ойлы да саналы ақылы мен парасат түйсігінің кеңдігі мен тереңдігіне сүйсініп-ақ келеді. Ал, біз болсақ Елбасының заманауи ақиқатын өз бабалары Төле бише толғап айтар, Қазыбек бише кесіп айтар, Әйтеке бише тесіп айтар шешендігі мен кемеңгерлігіне сүйсінеміз.
Сол сүйсіністі көңілмен Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының тарихи маңызы жайында түйген ойымызды тарата айтар болсақ, ең әуелі Тәуелсіздік және әлем таныған Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың Нұрлы жолы екендігін айтқанды жөн санадық. Әуелден айтылып келе жатқан тарих қайталанады деген қағидатқа сүйенер болсақ, қазақ тарихы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын білсе», Қазақстанның ендігі жаңа тарихында «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасқандығын айтқан да ләзім! Және де бұл жолмен, яғни «Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жүріп келе жатқан Қазақстан өз тәуелсіздігінің Көкбайрағын көтерді, әлемдік саясаттағы да, әлемдік экономикадағы да өзінің даму жолын қалыптастырып, айдай әлемге танылып, сол айдай әлемнің сыйы мен абыройлы құрметіне бөленіп, төрткүл дүниенің көзін салып, құлағын түріп отырар, ұлы даласынан тек қана жақсылық пен бейбіт өмірдің самалы ғана есіп тұрар іргелі мемлекетке айналды!
«Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жүріп келе жатқан Қазақстан дүние мемлекеттері тарихында тұңғыш рет ядролық қару-жарақтан бас тартып, кезінде әлемді дүрліктіріп отырған өзіндегі Семей ядролық сынақ полигонын жапқан, сөйтіп, мына дүниені қауіп пен қатерден құтқарған, Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына (ОБСЕ) кешегі кеңестік мемлекеттерді былай қойып, түрік тектес елдер арасында тұңғыш болып төрелік жасап, Астана Саммитін өткізіп, әлемді бейбіт қатар өмір сүрудің жаңа қағидаттарына бой ұсындырғандығы да тарихи ақиқат!
«Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жүріп келе жатқан Қазақстан Адамзат тарихында тағы да тұңғыш болып, қазақ топырағында Әлем діндері лидерлерінің бас қосуларын төрт мәрте өткізіп, мына дүниенің құрсаулы қаупінің бұлтын сейілте алған және де Адамзаттың өзімен бірге жасасып келе жатқан қасиетті Діндердің бір-бірлеріне деген өшпенді кектерін сабасына түсіріп, сол діндер мен дін жетекшілерінің абыройын сақтап қалған, олардың бір-бірлеріне деген сенімдері мен құрметтерінің сөне бастаған шырақтарын қайра жаға білді!
«Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жүріп келе жатқан Қазақстан өз тәуелсіздігінің жиырма үш жылға жетер жетпес уақыт аралығында ғасыр уысына сыя бермес және сол ғасырдың еншісіне бұйыра да қоймаған ғасырлық, тіпті, планетарлық істер тындыра білгендігін Адамзаттың жаңа тарихы өз беттеріне алтын әріптермен жазып жатқандығы  тағы да ақиқат!
Елбасы бізді әрдайым алға қарауды үйретіп келеді. Сондықтан да, Елбасының: «Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгін айтылатын шараларды  2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз», – деп айтқаны тағы да сол халқының қамын жеп, жұртының жайын ойлап, елінің ертеңін кеңінен пішкен кемеңгер тұлғаның тарих алдындағы жауапкершілігі болса керек.
Айқын оймен айқын міндеттер белгіледі Елбасы!  Ең әуелі  2015 жылға арналған республикалық бюджеттің барлық өлшемдері қайта қаралды да, елімізден экспортталатын шикізат бағаларының төмендеуінің салдарынан бюджеттің кіріс бөлігіне түсер қаржының аз болатындығы ескерілді. Алайда, Елбасы жағдайдың осылай қалыптасар қалпына қарамастан өз Жолдауында Үкімет алдына барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз етудің нақтылы міндетін қойды. Ал, әлеуметтік міндеттемелер аясына Қазақстан халқының тұрмысын, әл-ауқатын одан әрі жақсартудың түрлі бағдарламалары кірері бар. Ендеше, Елбасы әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыстың бүгінгі жағдайында да барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын төмендетіп алмаудың, бұған керісінше, дағдарыс жағдайында да қазақстандықтардың әл-ауқатын барынша арттыра түсудің жаңа концепциясын алға тартты.
Қазақстан Президентінің «Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын», – дегені әркімнің ой санасын селт еткізгені де болды. Бұған біз ғана емес, әлем құлақ түре қалды! Сол біз де, сол әлем де Назарбаевтың Қазақстандық Ұлттық қор құра білген көрегендігіне сүйсіндік. Дүниежүзілік нарықта мұнай мен экспорттық өнімдер бағалары айтарлықтай жоғары болған кезеңдерінде солардан түскен табыстарды Ұлттық қорға жинап келген Елбасы енді келіп, өз елі мен халқының игілігі үшін жинаған сол қаржыны енді сол елі мен сол халқының игілікті мүддесіне жұмсауды жөн санады. Әуелгі 10 миллиард доллар 2007-2009 жылдарда кезіккен дағдарысқа қарсы күреске бағытталса, биылғы жылдың ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін  2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша, яғни, екі бөліп, 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған да болатын. Енді келіп, Елбасы Ұлттық қордан осы бір триллион теңгенің екінші бөлігін, яғни, 500 миллиард теңге көлеміндегі қаржыны Қазақстан бойынша басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін жұмсауға Үкіметке нақтылы тапсырмалар берді. «Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік»,–деген осы бір ауыз сөздің не үшін айтылғандығын да ішіміз сезгендей болды. Елбасы мұны айтуы да керек еді, айтса айтарлықтай жөні де бар еді. Өйткені, осы Ұлттық қор құрылып, табиғи қазба байлықтарды сыртқа сатудан түсер қаржыны сол қорға салу қолға алынған тұста бір шуылдақ топтың «одан да ол ақшаны жұртқа тең қылып бөліп, неге таратып  бермеске» деген сияқты халыққа «жанашыр» сөздерінің де оттығына май құйған кезеңдердің болғандығы да есімізде. Уақыт енді келіп Елбасының Ұлттық қор құру идеясының көрегенділікпен жасалғандығын да ұғындыра түсті.
 «Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады. Бұл ресурстар қысқа мерзімдік шараларға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айтқанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады»,–дей келіп Елбасы өз Жолдауында осы Ұлттық қор қаржысын қалай және қайда жұмсауды да көрсетіп берді. Қазақстандықтар үшін аса маңызды өмірлік сала шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлінбекші. Ал, 2015 жылы банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз ету керек. Бұл Қазақстанға жаңа инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасауға қажетті шараның бірі. Бұл мақсаттың басты нысанында 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтау тұрса, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге  бөлу белгіленді.
Қазақстан әлемдік, тіпті өркениеттің дамуындағы аса маңызы бар тағы да үлкен бір абыройлы істі жүзеге асыру ниетінің үстінде отырған және сол үшін қыруар істі қолға алып отырған  ел.  Ол – 2017  жылы Астанада өткелі отырған «ЭКСПО-2017» көрмесі! Әуелде «ЭКСПО-2017» кешені құрылысына 25 миллиард теңге қаржы бөлінсе, Жолдауда сол істі одан әрі жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Ел абыройын асырар қандай іске болса да аса жауапты және аса ыждаһатты қарар  Елбасы «ЭКСПО-2017» қарсаңында Астананың көліктік инфрақұрылымын дамыту туралы мәселені де орынды қозғап, Астана аэропортының мүмкіндігін кеңейту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырды.
Міне, Елбасының ел алдына қойып отырған осы бір міндеттері Қазақстанның алдағы уақытта дами түсуінің мол да зор мүмкіндіктері бар екендігін ұғындыра түседі. Құдай қаласа, өсеміз, өркендейміз! Елбасының Жолдауының түпкі мәні көңілімізді осы тұрғыдан орнықтыра түскені бар. Және де бұған қоса көліктік-логистикалық, әлеуметтік, индустриялық, энергетикалық инфрақұрылымдарды дамытып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту, агломерациялар қалыптастыруды тұрғындар ағынымен қатарласа жүргізу, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру сияқты елімізді одан әрі қуаттандырудың жеті міндеттері де бізді нұрлы болашаққа апарар міндеттер екендіктері де дау тудырмайтындығын  айтқанды жөн санадық.
Елбасының Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен ежелгі қазақ жерінің бүгінгі қайнаған тіршілікпен байланыстырар күре жолдарымыз көп болсын, олар әлемдік талапқа сай болсын деуі де еліміздің бүгіні мен болашағы үшін айтылған сөз. «Барлық аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, эконо-микалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады», – деген Жолдау жолдары әр қазақстандықтың көкейінен шыққандығына кепіл де бола аламыз. Жол – өмір, жол – тіршілік! Мына Астана мен Бурабайдың аралығындағы тамаша автобанның жолымен жүрудің «тәтті бір дәмін» татып жүрген  біздің Көкшетау жақтың жүргізушілері енді өздерінің бұрынғыдай ойдым-ойдым тар жолдармен жүре алмай қалғандықтарын да айтқандарын да естіп жүрміз. Бұл біздің де ел тәуелсіздігінің және Елбасының жол салуға және оның өмірлік маңызына әрдайым көңіл бөліп отырғандығының арқасында  дұрыс жол көріп, сол дұрыс жолға үйрене бастағандығымыздан да болар!
Басында баспанасы бардың бағы бар. Бұл қағидаттың да өміршеңдігін айқын сезіне алған Елбасы өз Жолдауында  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғыртуды, сонымен бірге, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына деген көзқарасты қайта қарағанды жөн санады. Әсіресе, ендігі арада, баспананы сатып алу құнын арзандату үшін әркімге баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсынуды айта отырып, Елбасы қазақстандықтардың ең бір өзекті мәселесінің түйінін шешіп берді. Және де бұл мақсатты жүзеге асыруға, яғни 2015-2016 жылдар аралығында жалға берілетін тұрғын үй құрылысын 180 миллиард теңге сомасында қосымша қаржыландыруды  ұлғайту міндеті алға тартылды. Бұл  пәтер алайын десе  ипотека үшін бастапқы жарнасы  болмай жүрген көптеген қазақстандықтардың бұрыннан келе жатқан түйткілді бір мәселесі болатын. Елбасы сол мәселені шешіп берді. 
Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытудың бірінші кезектегі шешілуге тиісті мәселесі ретінде Елбасы апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешуді алға тартты. Бұл проблеманы 2017 жылға дейін толықтай шешуге үш жылдық бюджетте қарастырылған қаржы жетпейтіндігін ескерген Елбасы, Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бөлуді  тапсырды да, тағы бір өзекті мәселе, мектеп жасына  дейінгі балалар мекемелеріндегі орын тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бөліп отыру қажеттілігін айтты. Ел – риза! 
«Қадірлі халқым! Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған халқына арнайы айтқан осы бір өсиет сөзінің тарихи маңыздылығын біздің әрқайсымыздың пайымдай білгеніміз жөн. Өйткені, Елбасының Жолдауында: «Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер! – дегені тағы да сол этносаралық келісім, елдегі тұрақтылық пен ынтымақты сақтаудың баға жетпес тарихи маңыздылығын еске қайра салып отырғандығы деп ұғынайық. Мына қасиетті тәуелсіз еліміздің  тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын  өзіміздің күн сайынғы қажырлы еңбегімізбен қолдап та, қорғап та нығайта берудің, ел бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтаудың тарихи сәті туды.
Е, Тәңірім! «Мәңгілік ел» болуға бастаған Назарбаевтың нұрлы жолындағы ұлы сапарымыз сәтті болғай!

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар