Нашақорлықтың алдын алу туралы ой бөлісті

Өңірлік коммуникациялар қызметінде нашақорлық және есірткі саудасымен күрес тақырыбына қалам тартып жүрген  БАҚ өкілдерімен семинар өткізілді.

Онда  облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесімен күрес басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Жапбасов, облыстық наркологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Қайролла Жеңіс және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы басшысының орынбасары Дана Жантемірова осы тақырыптың ерекшеліктері жөнінде баяндап берді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімованың айтуынша, жастар арасында белең алып кеткен нашақорлық және есірткі саудасымен күрес тақырыбы өте күрделі. Бұл тақырыпты жазу  журналистерден кәсіби шеберлікті ғана емес, осы саланы жетік білуді де талап етеді. Өкінішке орай, бұл саланы жеріне жеткізе айтатын  шынайы, тартымды материалдар жоқтың қасы. Облыс әкімдігінің жанындағы нашақорлық пен есірткі саудасына қарсы іс-әрекет жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру штабының кезекті отырысында БАҚ өкілдері арасында осы тақырыпты  жазуға арналған семинар тренинг өткізу жоспарланған екен. Осыған орай ұйымдастырылған семинарға облыс аумағында жұмыс істейтін бірқатар жергілікті басылымдардың журналистері қатысты.
Облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесімен күрес басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Жапбасов аймағымыздағы есірткі саудасына қарсы күрес жайы туралы баяндап, нашақорлықтың адамның жеке басына ғана емес, қоғамымызға тигізер зардаптарына тоқталды. «Нашақорлық дерт, онымен ауырған адам есірткіге тәуелді болып қалады және есірткі қабылдамаса қиналып, азап шегеді. Сондай жағдайда есірткі табу үшін нашақорлар қандай әрекетке де баруға дайын. Яғни, әрбір нашақор сонымен бірге қылмыскер де», – дейді басқарма басшысының орынбасары. Оның пікірінше, бұл тақырыпты жазған журналист  нашақорлық пен есірткі саудасының қоғам үшін қатерлілігін терең білуі керек.
Өкінішке орай, журналистердің көбі құзырлы органдар берген статистикалық мәліметтерге сүйеніп, қысқа хабар түрінде жазумен шектеледі. Ал, көлемді материалдар жазғанда нашақорлыққа салынып, кейін оны тастаған адамдарды әспеттеп, тіпті, өнеге алар үлкен тұлғаға айналдырып жатады. Шындығында, есірткіге тәуелділіктен арылу өте қиын және ол ұзақ емдеуді қажет етеді. Ең бастысы, журналист нашақорлыққа салынып, кейін одан арылғандар туралы емес, оның адамға тигізер ауыр зардаптары жайында жазып, одан сақ болу қажеттігін жастарға шынайы суреттеу арқылы сендіре баяндаса, оның игі ықпалы болар еді деп санайды ол.
Дәрігер Қайролла Жеңіс  нашақорлықтан оңай жазылуға болады деген ұғымның терістігі туралы айтты. Наркологиялық диспансерге түсіп, емделгендердің арасында есірткіге тәуелділіктен мүлдем арылып кететіндер некен-саяқ екен. Яғни, бұл дерт бір жабысса, одан арылу оңай емес. Осыған орай, ең дұрысы есірткінің қатерлілігін айтып, жастарымызды одан аулақ болуға шақыру керек дейді ол. Нашақорлыққа балама ретінде наркологиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары салауатты өмір салтын насихаттаған жөн екендігін айтты.
Дана Жантемірова нашақорлықтың, ең алдымен темекі тартып, арақ-шарап ішуден басталатынын айтып, жастар арасындағы темекіге тәуелділікке қарсы насихаттың маңыздылығына тоқталды. Көкшетау қаласындағы мектептердің оқушылары арасында сұрау салу жүргізіліп, оның нәтижесінде сауалнамаға қатысқан балалардың  56 пайызының темекі тартатыны анықталған.  Темекі, араққа үйірлік ата-аналардан, ересектерден жұғады дейді ол. Осы орайда, ата-аналар, мектеп мұғалімдері, баланың туыстары  өздерінің теріс әрекеттерімен балаларды жаман жолға итеруден аулақ болуы тиіс. Бұған ақпарат құралдарының да тигізетін ықпалы аз емес. Журналистер арасында алкогольсіз сыра, жеңіл есірткі туралы жазып, айтып жататын жайлар кездеседі. Шындығында, жеңіл ішімдік, темекі және есірткі деген болмайды. Олардың бәрі залалды. Сондықтан, бұл тақырыпты жазғанда темекі мен арақтың, есірткінің адамға
жүз пайыз залалды екендігін айтып, салауатты өмір салтын насихаттауға көңіл бөлінгені жөн. Семинар соңында оған қатысқан журналистерге арнайы сертификат тапсырылды.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар