Науан хазірет мешітіне жаңа бас имам келді

ал, бұрынғы бас имамнан жақсы із қалды

 

Желдей ескен жүйрік уақытқа тоқтау жоқ. Ақмола, Көкше өңірлерінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы болып қызмет атқарған Қанат қажы Қыдырминнің  осы сауабы зор істе көпшілік көңілінен шығып, тек қана абырой биігінен көріне білгеніне де тоғыз жылдың жүзі болып қалыпты.
Қанат Қоянбекұлы осы қызметті және Көкшетау орталық мешітінің бас имамы қызметін қоса атқарғалы өңірде дін саласында көптеген игі істер жүзеге асырылды. Оның келуімен бірге, мешіт төңірегінде адалдық, діни сауаттылық, тазалық, имандылық  пен қайырымдылық деген асыл ұғымдар нығайып, өз ықтиярларымен Алланың ақ жолына бет бұрушылар, мешітке  келушілер қатары анағұрлым арта түсті.
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Ақмола облысында дін саласында ауыс-түйістер болды. Қасиетті жұма намазында басқарманың наиб мүфтиі, Астанадағы Әзірет сұлтан мешітінің  бас имамы Серікбай қажы Ораз жиналған жамағатқа облыстың жаңа бас имамы болып тағайындалған Қуаныш Жұмабайұлы Сәбитті таныстырды. Көкшетау облысының Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылында дүниеге келген ол бұған дейін паң Нұрмағамбет атындағы Степногорск қалалық мешітінің бас имамы қызметін  атқарған.
Ал, Қанат қажы  Қыдырминнің осы жолы  Астанадағы Әзірет сұлтан мешітінің наиб имамы қызметіне тағайындалғаны белгілі болды.  Жұма намазына жиналған қалың жұртшылық өзінің тынымсыз еңбегі, адамгершілік зор қасиеттері, ізгілігімен өңірімізде ислам дінінің өркен жайюына өлшеусіз үлес қосқан оған зор ризашылықтарын білдіріп, астына темір тұлпар мінгізді. Алайда, абзал жан бұл жолы да өзінің білгендігінен танбай, бұл жеңіл көлікті осы Көкшетаудағы Науан хазірет мешітінің еден сыпырушысы, пәтері жоқ көп балалы анаға сыйлады. Қазір Қанат қажының адамгершілікке толы осы бір үлгі-өнегесі әлеуметтік желілерге де тарап,  үлкен қолдау табуда.
Кезінде ел-жұртты иманымен ұйытқан Науан хазіреттей ірі дін қайраткері шыққан көрікті Көкше өңірінің алдағы уақытта да мұндай жан жадыратар жақсылықтарға кенде болмасына сеніміміз мол. Осы жолда облыстың жаңа бас имамы Қуаныш Жұмабайұлына да тек жемісті қызмет пен сәттілік тілейміз!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар