Науан хазірет

Науан хазірет – діни, рухани тарихымыздағы ірі тұлғаның бірі. Оны  өз замандастары да аса жоғары бағалаған. Бұл пікірімізге Нұрқожа Мәшһүрдің мына бір өлеңі де айқын дәлел болғандай.  
Шәріп жай Бұхарада қылдың тұрақ,
Арғынға жеке дара сіз шамшырақ.
Сібірдің ғұламалары бас қосқанда,
Бәрінен он екі  пән басымырақ.
Лебізің гауһар танып,  дұға қонған,
Ақида хикмет нұры тегіс толған.
Орынбор, Троицк, Қызылжардан,
Баһислар іздеп келіп мулзам болған.
Иә, Көкшетау өңірінде атақты төрт хазірет болған деген дерекке ден қойсақ, соның бірі әрі бірегейі Наурызбай Таласұлы.  
Бұл мақаламыздың жазылуына көп іздестірудің арқасында Аңғал батырдың ұрпағы Жанбатыр қажы, Шаймерден Қосшығұлов, Мұхаммед Сәлім Кәшімов және Сәдуақас Ғылманидің (Сәкен халпе) еңбектерінде Науан хазірет туралы жаңадан табылған тың деректер  себеп болып отыр.
Ел арасында ертеде Жанбатырдың (1859-1932) сөзі деген ұшқыр өлең, нақыл сөздер көп тараған. Қажылыққа жеті рет барған Жанбатыр қажының «Вәфият әл-аслаф вә тахият фи ахвали Көкшетауи вә Омски» («Көкшетау және Омбы туралы пайдалы істер жинағы») еңбегі кейінгі ұрпаққа елеулі мұраның бірі.
Мұхаммед Сәлім Кәшімов (1884-1935) болса, Қазан университетін бітіріп, араб, парсы, орыс тілдерін өз тіліндей меңгерген зерек ақын, этнограф, журналист, ағартушы – демократ деңгейіне көтерілген тұлға. Ол жас кезінде Меккеге барып, «Галач қажы» атанды. Оның «Әдеп», «Үгіт», «Сұлу», «Насихат қазақия», «Ақыл кітабы» жинақтарын, «Сұлу қыз» өлеңдер жинағын, «Мұңлы Мәриям» романын жазғаны белгілі.  
Жанбатыр қажының Науан хазірет туралы мынадай аса құнды жазба деректері сақталған: «Қарауыл Шұңғырша табынан, Талас баласы Наурыз-Мұхаммед 1844 жылы қазан айында туған. Қызылжарда Уәли хазіреттен 4 жыл оқыған соң 25 жасында талапкерлікпен 1869 жылы осы күндегі Айыртау ауданына қараған Атығай Қожахмет Ишанұлы деген кісімен екеуі қадими ілімінің бесігі Көкілтас (Кукалдош) медресесінде білім алып, Убайдолла хазіреттен он жыл оқыған. Бағдаттағы Низамиде, одан соң Бұхараның Көклән (Пои Калон, Мир Араб) медресесінде атақты ғұламалар Миян Мәлік Махсуми дамолла Икрамшамен бірге дәріс айтып, шатырхат алған адам екен. Ақыры, Көкшетаудағы қазіргі қазақ мешітін түзетіп, Жантайұлы Азнабай қажы мен Сәдиұлы Қожахмет екеуі сол мешітке имамдыққа Науанды 1886 жылы Бұхарадан шақырып алып, имам сайлайды».
М.Кәшімовтың 1910 жылы жазылған «Шон иман вә кәх исламды йу аян қылған иғтиқат. Көңілдерін бағалайтын ғажап бір кітап» кітабында Науан хазірет туралы мынандай нақты мәліметтер бар: «Орынбор мұсылман діни назаратының (ОМДН) бас мүфтиі Сұлтан Мұхаммедиярдың (1837-1915) келісімімен «Хан джами» мешітінде Науан хазірет өкіл имам деген лауазымға сайланды. Хазірет Бұхарадағы Көклән (Пои Калон, Мир Араб) медресесінің үлгісімен балаларды оқытуға ниет еткен. Шәкірттер әуелде арабша «Хафтияк», шағатайша «Чар» кітабы бойынша білім алып, «Аваль и иль» («Білім бастауы»), «Авамиль и Харакат», «Қафия вә Шарх мулла» кітаптары бойынша дәріс алған. Одан соң оқу курсы екі бөлімге бөлінген: «мушкиләт» («жалпы білім») және «мәсәлә» («заң білімі»). Заң білімі «Фикх и Кайдани», «Мухтасар уль викая» («дін және мемлекет құқығы») кітабына байланысты мәселелерді қамтыған. Ал, жалпы білім туралы мәлімет келесі кітаптарда берілген: «Шамсия вә хашия», «Тавзих», «Мушкат и шариф», «Тафсир и казы и байзави», «Химия и саадат» («сәттілік химиясы»), «Акаид» («догматика»), «Тахзиб» («диалектика»), «Хикмат уль айн» («матефизика»), «Мулла Джаләл» («логика»), «Мағлұмат уль афақ» («география»)… Медресе шәкірттері үш сыныпқа бөлінген: адна (бастауыш), аусат (ортаншы), ала (жоғары). Оқу бітірген шәкірт зиафат (той) жасап, «хатым қылған» куәлігін алып, елдің сауатын ашқан… Медреседе демалыс күндері: сәрсенбі, бейсенбі және жұма болған».
Ш.Қосшығұловтың бәйітінде тағы да былай баяндалады: «Сарыарқа сары даласында жатқан қазақ халқы әуел бастан Николайға қарсы көтеріліс жасап наразылық білдіреді. Себебі, патша қолындағы бас архирейін жібереді. Дегенмен, Көкшетауда 1200 адам жиналып жатады. Жиналған 1200 қазақтарды шіркеу түбіне жинап қойып, алтын жазумен «Інжіл» деген кітапты ауылнай басына бірден таратып берген… Қарабұлақ деген жерде қазақтар жиналып оқып көріп, (сонда) Көкшетау имамы Науан хазірет айғай салады. Осы кітаптан құтылыңдар деп. Кітаптарды архирейге тақтайға төге салып шығып кетеді».
Патшаның озбырлық саясатына қарсы осындай күресі үшін имам Н.Таласұлы мен Ш.Қосшығұлов екеуі абақтыға жабылады. Жандармерия тексергенде, Көкшетау мешітінен «цензура» өткізбеген 164 кітап және күмәнді қолжазбалар шығады. Ақыры, патша өкіметі 1903 жылғы сәуір айында Шаймерденге 5 жыл, Науанға 3 жыл жер аударуға үкім шығарады. Дін қайраткері 1903 жылғы 10 мамырда Көкшетаудан қиырға айдалып кете барады. Хазірет Енисей уезі, Казанчинский болысы, Казачинское кентінде жер аударған поляктармен бірге тұрған.
Хазіреттің соңында қалған ел-жұрты, елдің белгілі азаматтары бұл озбырлыққа қатты қарсылық білдіріп, Науанға араша түсіп, түрлі әрекеттерге барады. Ол жайында сақталып қалған өлең-жырлар да баршылық. Сол деректердің бірі, Балкен ақынның «Назым хат» шығармасында мынадай шумақтар бар:
Жұмысы Атығайдың жатыр ұнап,
Жиылып Қадір, Даңқой басын құрап.
Патшаға ел атынан арыз жазып,
Босат деп хазіретті жатыр сұрап.
Бастығы бұл жұмыстың Тәшен болыс,
Кенжеболат қажы да кіріп дұрыс.
Қадірде Айдос байдың Махамбеті,
Хазіретті іздеп жатыр көрмей тыныс.
Осы заңсыздықты Ә.Бөкейхан мен М.Серәлин жауапты орындарға, орыс зиялыларына дәлелдеп айта жүріп, бірнеше министрдің қабылдауында болып, оларды 1905 жылы наурызда қылмыстан босатып алады. Айдауда жүрген хазіретті Енисей уезінен Бабаназар қажы мен Жанбатыр қажы алып келеді.
Науан хазірет ақталыпты,
Жанбатыр мен Бабаназар істі бұзғызыпты.
Жанбатыр, Бабаназар – екі жүйрік,
Суарған суат көлден екі сүйрік.
Аллаһтың берген бұл да бағы шығар,
Көтердің ислам дінін үш жүйрік, –
деп, Көкшетаудың игі жақсылары хазіретті құттықтау өлеңмен қарсы алған.
Науанның, дін исламның жақтастары патшаға арызданып, одан әрі ізденеді. Бұл қиын жағдайды хазірет Осман сұлтандығына жеткізбекші болады. 1905 жылы Жанбатыр қажы Меккеге алтыншы рет бара жатқан сапарында Науан хазіреттің хатын апарып, Осман мемлекетінің басшылығына табыс еткен. Жанбатыр қажы бұл жәйтті былайша баяндайды: «1893 жылы Ресей мүфтиі Сұлтан Мұхаммедияр Осман мемлекетінің сұлтаны Абдул Хамид II-нің ресми қабылдауына барған… 1905 жылы Ақмола губерниясы мұсылмандары атынан Осман мемлекетінің патшасына Науан хазірет, Шаймерден Қосшығұлов, Сексенбай Төленкеұлы, үш кісі хат жазады. «Бізге Ресей патшасы қысым жасап жатыр»,  –  деп. Бұл хатты алтыншы сапарымда жеткізіп тапсырдым. Әуелде Ыстамболға келіп патшаның уәзірлерін біраз күн күтіп, Махмуд паша гузар-махалласындағы «Ярым-Йылдыз ханы» қонақ үйінде тұрдым. Патшасының уәзірі келіп менен аризаны (арызды) алып, Ресей патшасына қарамағыңыздағы мұсылмандарды қыспа деп өтініш білдерген. Николай орындаудың орнына, мұны қылмыс деп санады». Науан хазіреттің Осман сұлтанына жолдаған хаты Ыстамболдағы Кягытхане ауданында Орталық Мемлекеттік мұрағатта сақтаулы.   
Тағы бір деректерде Жанбатыр қажы былай деп жазады: «Думаға сайлануға Науан хазірет Ш.Қосшығұловты бес дуаннан сайлатқан. Көкшетау мұсылмандары атынан Ш.Қосшығұлов барып, «Иттифақ әл мүслимин» мұсылман партиясынан отыз екі депутат болған… Науан хазірет Барудиді қолдап, Ғабдолла Апанайға қарсы үгіт жасап, джәдитшілерге танқид (сын) хутба-тақпақ жазған».
1907 жылы Ш.Қосшығұлов Алаш көсемі Ә.Бөкейханның тапсырмасымен Осман мемлекетіне барып, үкімет, парламент басшыларымен кездеседі. Түріктің бір газеті арқылы Николай II-ге мәлімдеме жасайды. Қосшығұловтың бәйітінде былай баяндалады: «Одессаға келіп 15 күн жаттым. Қолға заңды билет түспей, Одессада Ақмола уезінің Тілеулес Шабанбайұлы деген қажысы өліп, соның билетін тауып алып, өз билетімді тығып, Тілеулес болып, Ыстамболға өттім. «Қырым өнеге» деген қонақ үйге түсіп, бір жұмадан соң Халифаға барып, мекемесінде жолықтым. Әр шеттен хабар білдіріп тұратын ұлы таржуманын алды. Ол Жибалбей дегенді қосып, жас түріктер жамиғатына жіберді. Олардың арасына бардым. Бастығы доктор Назарбей деген екен. Сонымен екі ай жаттым. Тиісті орындардың бәріне бардым, жолықтым. Сонан соң «Ахуал и Қазақстан мемлекеті и Русия» атты мақала жазылып таратылды. «Яхдам Сарбасты» деген түрік газетіне жарияланды. Мұнан соң қайтып Ыстамболдан шықтым… бойымда тығылған неше түрлі қағаздар бар. Қырымның кең үйінде тұрып, бір күнде Царицын кемесімен қажылар келді. Жүз сом ақша жинап берді. Қайта Петерборға келіп, түк білмеген болып, патшаға арыз бердім».
Петерборда Қосшығұлов «Серке» газетін шығарады. Қаржыны Ақмола губерниясының байлары Науан хазірет арқылы жіберген. Бұл туралы ағартушы былай жазған: «Менің газетім 10 күнде бір шығады. «Серке» деген газет, яғни, қой боранда ыққанда, боранға қарсы айдағанда, серке басшы болып бастап отырып, ел табады деген сөз… «Серке» газетінің шығуы 2 наурыз 1907 жылы».
Науан хазірет 1916 жылы желтоқсан айында қылтамақ ауруынан дүниеден өтіп, 1917 жылы ақпан айының 27 күні хазіреттің рухына ас берілген. Атығайдан Тәшен болыс, Қарауылдан Бөжекеұлы Тіржан қажылар бастаған жамиғат, 1917 жылы мамыр айының 25 күні Монтай руынан шыққан азаншы Рақым Әбілғазыұлының үйінде, Науан хазіреттің ұлы Ғалымтайды 25 жасында Көкшетаудағы қазақ мешітіне имамдыққа сайлады. 1920 жылы маусым айында Ғалымтай имам болып тұрғанда, кенеттен оба ауруынан опат болады. Оның орнына имам болып Әлиасқар сайланады.
1952 жылы Сәдуақас Ғылмани (Сәкен Халпе) Қазақстан қазиятының қазысы лауазымына тағайындалғаны белгілі. Осы кезден бастап ол Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының бас мүфтиі Ишан Бабаханның (1858-1957) тапсыруымен Науан хазірет туралы ақпараттарды белсенді түрде жинастыра бастайды. Оның бір себебі, Ишан Бабахан Науан хазіретпен кезінде бірге оқыған екен, ол қадірлі әріптесінің Көкшетауға кеткеннен кейінгі тарихын білуге ынтығады. Бірақ, хазірет туралы деректер жинақталып жатқанда, бас мүфти дүние салады. Содан қағазға түскен жазбаларды Сәкен Халпе өз мұрағатында сақтап қалады. Ол кісінің кітабы «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» деген атпен 2016 жылы ғана жарық көрді, онда Науан хазірет туралы біраз дүниелер бар. Науан хазіреттің өмір тарихына арналған сол деректер қазір Сәдуақас Ғылмани мешітінің мұражайында сақтаулы.
Науан Таласұлы аты мәлім оқымыстылар Құрбанғалиев Ғабидулла, мүфти Мұхаммед Сафа Баязитовпен ниеттес, пікірлес болған. Хазірет туралы деректер «Ад дін вә әл әдаб» («Дін және әдеп», Қазан қ., 1906-1917), «Дін вә мәгийшәт» («Дін және өмір», Орынбор қ., 1906-1918), тағы басқа  газет-журналдарда жиі кездеседі. 1914 жылғы «Айқап» журналында Ж.Аймауытовтың арнайы Науан хазіретке арналған, өткір сынап жазған мақалалар жоқ! Оған қоса, Ғ.Мүсіреповтің пьесасында да, С.Жүнісовтің «Ақан сері» дилогиясында да хазіреттің шынайы бейнесі көрсетілмеген. Оған кеңестік идеологияның әсері болғаны рас. Қазіргі уақытта Науан хазіреттің өмірбаяны мен атқарған қызметтері жөнінде соңғы зерттеулерді жүргізгендердің қатарында тарихшы Қ.Әбуевтің, жазушы  С.Ақтаев пен қоғам қайраткері Ә.Озғанбаевтың және басқалардың еңбектерін ерекше атап өтуге тиіспіз. Науан хазіреттің «Тәрхибе Рамадан» («Ораза құрметі»), «Иман шарт» жазбалары, Исрампул Құраны сақталған.
Танымдық мақаламның соңында Науан хазіреттің исламның үлкен қайраткерлерінің бірі болғанын баса айтқым келеді. Ол Көкшетау, Арқа өңірінде, Қазақстанның бүкіл солтүстік аймағында ел-жұртты Аллаһтың ақ жолына нұсқауға өлшеусіз зор үлес қосқан ірі тұлға. Мұндай ұлы адамдардың адал іс-әрекеті кейінгі жастарға да өнегелі мектеп. Ақиқат жолындағы ағартушыларды айтқанға да Аллаһтың нұры жауады.
Хазіреттің рухына Аллаһ мағфират жайын қылсын! Аллаһтың рахметінде болсын!  
Шыңғыс ОРАЗАЛЫ,
шежіреші, этнограф.

Суреттерде: мұрағаттан табылған Шаймерден Қосшығұловтың жеке ісі; Науан хазіреттің хатын қабылдаған Осман мемлекетінің сұлтаны Абдул Хамид II; Көкілтас (Кукалдош) медресесінде Науан хазіретпен бірге оқып, Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  бас мүфтиі болған Ишан Бабахан; Көкілтас медресесінің сыртқы көрінісі; Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешіті; Науан хазірет жер аударылған Енисей бойындағы Казачинское кенті; мақала авторының Науан хазіреттің хатын іздестіру сапарымен Түркияда болғанында Стамбул қаласындағы қазақ диас-
порасы басшыларымен жүздескен сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар