Наурыз бике келген үйге құт қонады

Қазақстанда өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлт өкілдері Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз мерекесін өздерінің салт-дәстүріне сай қарсы алуда. Мәселен, Наурызды ерекше атап өтетін халықтың бірі – татарлар бұл күні Қызыр бабаны емес, Наурыз бикені күтеді. Ол келген үйге құт қонып, ырыс дариды деген түсінік бар. 

Ұлыстың ұлы күні біздің ата-бабаларымыз үстеріне жаңадан сатып алған киімдерін киіп, туған-туыс, көрші қолаңды аралайтын. Қазақтың «көрісу» салтына ұқсас, олар қыстан аман шыққандарына қуанып, жастары үлкендеріне барып, амандығын сұрайтын. Қыз-келіншектер үйлерінің ішін тазалап, ақ дастарханын әзірлейді. Дастарханға ұлттық тағамдарымыз шәк-шәк, губадия, кабартма, бәліш, лаваш міндетті түрде қойылуы тиіс. Қазір осы ұлттық тағамдар ішінде шәк-шәк пісіруден түрлі сайыстар өткізіліп жүр. Сондай-ақ, мейрам күні адамдар бір-біріне қонаққа барып, ескі жылдан қалған өкпе-назы болса, кешірім сұрап, көңілдерін жібітеді. Қыз-келіншектер наурыз көжеге ұқсас қарға ботқасын әзірлейді. Онда да неше түрлі дән қосылып, тоқшылықтың, ырыс пен берекенің нышаны іспетті дайындалады. Жалпы, әр халықтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы сол халықтың тұтастай бір келбетін жасауға, олардың тарих алаңындағы орнын айқындауға, ұлттық бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бала кезімде «Оңыс байрамы» – «Ұлыстың ұлы күнін» аса тойлай қоймайтын. Кеңес үкіметінің тоталитарлық жүйесінің ықпалынан болар, бұл мерекені діни мейрам деп санап, оны атап өтуге, тойлауға шектеу қойылған болатын. Дегенмен, Хрущев басқарған жылымық кезеңде көптеген халықтар өздерінің салт-дәстүрін ақырын-ақырын жандандыра бастады. Сонда біздің татарлар «Наурыз», «Сабантой», «Қаз омәсі» мейрамдарын белгілі бір шеңберден аспай, атап өте бастады.
Мен Қазақстанға 1978 жылы келдім. Осындағы татарлар да бұл мейрамды өздігінше атап өтіп жүрді. 1991 жылдан бастап, тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен кейін қазақ халқы және қазақ елін Отанына балайтын басқа да ұлттар мен ұлыстар дәл осы Наурыз мейрамын дүбірлетіп тойлай бастады. Татарлар да солақай саясаттың салдарынан ұмытылып бара жатқан төл мейрамдарын қайта жаңғыртты. Нау-рыз мейрамы күндері оқушы балалар үй-үйді аралатып, күлдіргі өлеңдер айтып, көршілерін жаңа жыл мерекесімен құттықтайтын бұрынғы үрдісті қайта бастады. Соған сәйкес үй иесі де балаларды тәтті тағамдармен, кейде түрлі түске боялған, піскен жұмыртқамен марапаттап отырады. Бұдан үйдің ақсақалдары балалардың жасы үлкендермен қарым-қатынасына сын көзбен қарап, олардың өткірлігін, тапқырлығын, сөзге шешендігін мадақтай білген. Балалар бір-бірімен жұмыртқа жарысын, жұмбақ шешу, таппақтар айтумен сынға түскен. Татарлар балаларды осылайша көршілердің сынынан өткізіп тәрбиелеген.
Жоғарыда атап өткен қарға ботқасын өткізу де татар жастарының көктемгі тойларының бірі. Ол құстардың аймаққа келу құрметіне орай ұйымдастырылады. Құстарға жем шашылып, жастардың топталып құстарға өлең айтуы сияқты түрлі ойындармен өткізіледі. Үлкен қазанға жеті түрлі дәннен ботқа дайындалады. Ауылды жерлерде бұл мерекені көктемгі егістің басталуы қарсаңында ұйымдастырып жатады. Ондағы мақсат – егіннің бітік шығуын, ризықтың мол болуын тілеумен байланыстырылады.   
Татарлар – сауықшыл халық. Кез-келген мерекені атаусыз қалдырмайды. Олар барлық мерекеде өздерінің ұлттық киімдерін киіп, ақ дастарханын жаяды. Бүгіндері біз Наурыз мейрамын тойлау-дамыз. Қазақ халқы Ұлыс күні Қыдыр бабаны күтетін болса, татарлар Наурыз бикені күтеміз. Ал, енді Наурыз бике кім десек, ол ауыл-аймақтағы ақылына көркі сай, әдемі келіншек болуы керек. Әйел адамның наурыз нышаны болуының себебі, ол ырыстың, құт-берекенің бастауы деп есептелген. Наурыз бике барған жерінде қонақтардың әрқайсысымен, үй иелерімен амандасып, хал сұрасады. Көңілі көтеріңкі қонақтар дастарханға жайғаспай тұрып, әуендетіп ән салады, билеп алады. Наурыз бикені – табиғаттың, әсемдіктің нышаны белгісі деп атауға болады. Сондықтан, оны үй иелері ерекше құрметтеп, төрінен орын берген.
Біз қазір тәуелсіз Қазақстанда бейбітшілік пен келісім жолында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Әр халық өздерінің ұлттық мейрамдарын, мерекелерін тиісті деңгейде, ешбір шектеусіз тойлап жатыр. Наурызды түркі тілдес халықтардың көбісі тойлайтыны белгілі ғой. Облыс орталығына шығып, әр халықтың қызылды-жасылды  ұлттық киімдерін көріп, бейне бір көктемнің келгенін көреміз. Бейбітшілік пен сыйластықтың, ырыс-берекенің бастауын бірге тойлаймыз. Халықтардың достығы жарасып, балаларымыз шаттанып жатқаны қандай ғанибет. Сырт мемлекеттерге қарай қалсаңыз, келеңсіз жағдайлар көп. Егер халықтар ешбір алаңсыз мейрамдатып жатса, ол елдің бірлігі жарасып, ырыс-құт дарыған деп түсінемін. Біз қазақ елі осындай берекелі, ырыздығы мол елміз. Балалар мен жастарымыздың жүзінен күлкі кетпесін, шат-шадыман көңіл болсын.  
Наурыз мейрамы баршаға ырыс-құт, бақ-береке әкелсін.

Рафаил СУЛКАРНАЕВ,
Қазақстан халқы Ақмола
ассамблеясының мүшесі,
облыстық татар ұлттық мәдени
 орталығының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар