Өнегелі өмір өрнегі

Жеңістің 70 жылдық мерекесі күндері Көкше елінің шоқтығы биік перзенттерінің бірі, Ұлы Отан соғысына қатысушы, партия ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Балташ Сейітовке өзі тұрған үйінде мемориалдық тақта орнатылды.

  Есімі көпшілікке кеңі-нен мәлім ел ағасы облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы көшесінің бойындағы 19-шы үйде ұзақ жылдар бойы тұрып келген болатын. Ел алдында елеулі еңбегі бар ардагердің өнегелі өмір жолын паш ететін мемориалдық тақта да осы үйдің қабырғасына орнатылды.
Балташ Омарұлы Сейітов 1924 жылы бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Чкалов ауданының Амандық ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына белсене қатысқан майдангер жауға қарсы Жуковтың қол астындағы армия құрамында шайқасып, Одер өзенінен өтерде, басқа да ұрыстарда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен. Ал, 1945 жылдың 28 сәуірінде Берлинге жетіп, Жеңісті жаудың өз ордасында қарсы алған ержүрек офицер соғыстан кейін партия-совет органдарында қызмет істеп, еліміздің өсіп-өркендеуіне де өзінің лайықты үлесін қоса білді. Сөйтіп, майдандағы ерлігі үшін алған Жауынгерлік «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендеріне қоса, бейбіт өмірде де бірталай марапаттардың иесі, есімін ел құрметтейтін белгілі тұлғаға айналды.  
Салтанатты шарада сөз алған басшылар мен замандас-тары Балташ Сейітовтің есімін ілтипатпен еске алып, азаматтық кадір-қасиетіне, ерлік және еңбек жолына кеңінен тоқталып өтті. Ендігі жерде осынау абзал жанның мәрмәр тақтадағы жарқын бейнесі үлкен-кішіге өңіріміздің  аяулы перзентінің өткен өмірінен ғибратты сыр шертіп, жас ұрпақты туған елге адал да қажырлы қызмет етудің шынайы үлгісімен баурап тұрары анық.   
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар