Өнегелі, өнерлі отбасылар

 

Отан отбасынан басталады. Солай демекші, жуырда аудандық әкімдіктің ішкі саясат және мәдениет бөлімдерімен   «Мерейлі отбасы» байқауы ұйымдастырылды.

 

Аталмыш іс-шара отбасылар деңгейін көтеруге, оларды мәдени және қоғамдық жұмысқа белсенді араластыруға арналған. Әулет құндылықтары насихатталатын дәстүрлі сайысқа 8 өнегелі отбасы қатысуға ниет білдіріпті. Шара барысында олар жанұялық мерекелер мен дәстүрлерді қаншалықты біліп, дәріптейтіндерін, спорттық белсенділіктері мен кез-келген мәселені бірлесіп шешетіндіктерін көрсете білді. Жеңімпаздарды анықтауға көрермендердің өздері де белсенділікпен атсалысты.
Солардың ішінде саны жағынан да, дәстүрі жағынан да озық болғаны Қараөткелден келген Қуандықовтар отбасы. Бұл әулеттің үлкендері Жомарт пен Марпуға қариялар байқауға балаларын былай қойғанда, немере-шөберелерімен катысып, көрерменді қуанышқа бөледі. Жанұяның бір немересі Бек көкшетаулық ақын Алмас Темірбайдың «Екі аяқты қасқыр» монологын жеріне жеткізе орындады. Ар-ұяттан, әдептен мақұрым жандардың дүниеге, әсіресе, ақшаға ашкөздікпен қарайтыны бұл жырда керемет сынға алынған.
Сыйластығы жарасқан әулеттің спортта да, өнерде де орны ерекше болды. Сондықтан, көпшіліктің дауыс беруімен олар «Мерейлі отбасы» байқауының Бас жүлдесін жеңіп алды.
Бірінші орынға Қосшы ауылының тұрғыны Мұрат пен Гүлдариға Исиндердің жанұясы лайық деп танылды. Мамандығы заңгер Мұрат Қайырбекұлы белгілі спортшы. Жас күнінен кір тасын көтеруден түрлі облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері атанып жүр. Шараға белсене атсалысқан Сәлия, Дәрия мен Ағыбай есімді балалары қазақ тілінде бір жаңылмай сөйлеп, тамаша әндер орындады. Жұбайы Гүлдариға Есләмбекқызы Қосшы мектебінің мұғалімі. Ол өнерге жақын болғандықтан, домбырамен «Абыздың толғауын» төгілтті. Ал, Мұрат болса Қадыр Мырзалиевтің «Нағыз қазақ,  танып қой» әнін шырқап, зор қошеметке лайық болды. Сонымен бірге, әкелі-балалы Исиндер  спорттан алдарына жан салмады.
Бұл орайда, Мәншүктен келген Айдарбек пен Жеңісгүл Апақановтардың да өнерін айта кету дұрыс болар. Бұл кісілер ауылда қазақтың ұлттық дәстүрін жақсы дамытып отыр. Бие байлап, қымыз баптауда. Ерлі-зайыптылар домбырамен тамаша ән салады. Өнерден балалары да құр алақан емес. Айдарбек Амантайұлы Мұхтар Шахановтың жұрт сүйіп тыңдайтын «Асыл жарым» әнін нақышына келтіре орындады.
Софиевкалық Мұхамедияровтар отбасының өнері де әдемі көрініс тапты. Олар «Бейбітшілік» әнін қазақша, ағылшынша және орысша орындап шықты. Отанасы Гүлмира Халитқызы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін де тамылжыта жеткізді.
Қазылар алқасының мүшелері аудандық шараға қатысқан Сәбиевтер, Әубәкіровтер, Түсіпбеков пен Айдосовтардың отбасыларына зор ризашылықтарын білдірді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге түрлі сыйлықтармен қатар, аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеевтің Алғыс хаттары да табыс етілді. Енді байқау жеңімпазы Көкшетауда өтетін облыстық байқауға қатысады.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.

Суретте: байқауға Қосшы ауылынан  қатысқан Исиндер отбасы.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар