Негізгі бағыт – қызмет сапасын жақсарту

Таяуда біздің тілшіміз Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Азамат Дүйсеновке жолығып, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың барысы туралы сұрап білген еді. 

– Құрметті Азамат Қинаятұлы, әңгімеміздің әліппесін мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы жүйелесек?
– Алдымен, Елбасының Жолдауында қойылып отырған міндеттер межесі туралы айтқанымыз дұрыс болар. Елбасы өз Жолдауында «Адами капитал сапасын жақсарту – негізгі басымдықтардың бірі» деген болатын. Демек, бірінші орында ел қазынасы – адам денсаулығы деген сөз. Қоғамдық денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету бойынша бар күш-жігерімізді жұмылдыруға тиістіміз. Сонда барып қана еліміздегі адам капиталының сапалы өсіміне қол жеткізе аламыз. Осы орайдағы маңызды міндеттердің бірі медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту және салауатты өмір салтын үзбей насихаттау. Баршаның ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Мемлекеттік бағдарлама аясында денсаулықтың негізгі көрсеткіштеріне ықпал ететін ауруларды емдеуге жұмсалатын бюджет шығынының өсуін төмендетуге, мемлекеттік барлық секторды қоғамдық денсаулық сақтау ісіне тартуға, ұтымды тамақтану стереотипіне және белсенді әрі сапалы ұзақ өмір сүруге ұмтылуға мүмкіндік береді. Қазір біз негізгі инфекциялық аурулардың алдын алу үшін кешенді жоспарлар құрып, іс-шаралардың мүлтіксіз орындалуына байланысты толымды жұмыс істеп жатырмыз. Облыс аумағында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты болуы қамтамасыз етілді.
– Осы арада оқырманға түсінікті болуы үшін, жалпы жағдайды көз алдымызға елестете отырып, айтылған пікірлерді нақтылы дәлелдермен шегендей кетсек.
– Ол үшін өткен жылдың сәйкес мерзімі мен осы уақыт аралығындағы деректерді келтіре кеткеніміз жөн болар. Осы орайда, инфекциялық аурулардың көрсеткіші 4,7 пайызға төмендегендігін айтуға болады. Қазір ілкімді істерді жүйелі жүзеге асырудың нәтижесінде біршама шаруалар оңынан оңғарылып қалды. Қашанда мақсат көздеген іс нақтылы нәтиже береді ғой. Мониторинг жасалатын нозологиялық үлгідегі инфекциялық аурулардың ішінен іріңді менингит 5, эхинококкоз 1,5, дерматомикоз 1,2 есеге төмендеді. Осы көрсеткіштерден-ақ аурудың азабын тартатын адамдардың саны азайып келе жатқандығын байқауға болады.
– Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізудің сыры неде?
–Екпе күнтізбесіне сәйкес, облысымызда 11 инфекциялық ауруларға қарсы республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, екпе жұмыстары жүргізілді. Біз мұндай алдын алу шараларымен облыс тұрғындарын түгелге жуық қамтып отырмыз. Ауырып азабын тартқаннан, аурудың алдын алған әлдеқайда тиімді. Сырқаттың батпандап кіріп мысқалдап шығатынын елдің бәрі біледі.  Сондықтан, екпе жұмыстарына ең алдымен елдің өзі ынталы. Мұндай жұмыс жергілікті бюджет есебінен де жүргізілуде. Мәселен, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға  вирусты «А» гепатиті, тұмау, сібір жарасы тәрізді жұқпалы ауруларға екпе егілді. Осы орайда, ел назарын осы бір маңызды мәселеге тағы да аударғанды жөн деп есептеймін. Әркім өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар жеткілікті мән бере бермейді. Әсіресе, шалғайдағы шағын ауылдың тұрғындары. Мұндай қате түсінік өте қауіпті. Күнделікті тәжірибеден екпе егілмеген ересектер арасында қызылша және шошқа мойын сырқатының жекелеген жағдайлары жиі кездесетінін көруге болады. Әйтеуір, көңілге бір демеуі, тынымсыз насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында көкжөтел, қызылша, сіреспе, сал ауруларына жол берілген жоқ. 2000 жылы екпе жүргізілмеген мерзіммен салыстырғанда қазіргі күні вирусты «А» гепатитіне шалдығу көрсеткіші 94 есе азайып отыр. Бұл біршама тәуір көрсеткіш.
– Кейбір адамдардың екпенің тиімділігіне күмән келтіретінін де естіп жүрміз. Осы орайда, тағы бір нақтылы дәлелдермен екпенің елге тиімді екенін, көптеген аурулардың алдын алуға мүмкіндік беретінін айта кетсек артықтығы болмайтын шығар.
–Екпенің тиімді екенін нақты деректерден көруге әбден болады. Мысалы, тұмауға қарсы егілгендер арасында тұмаудың жеңіл түрімен ауырған адамдар тіркелген жоқ. Осы бір ғана мысалдан екпенің тиімділігі жоғары екенін аңғаруға болмай ма? Жаңағы сіз қойып отырған сауалдың жаны бар. Сондықтан, алдағы уақытта халықтың сауатын көтеру жұмыстары кең көлемде жүргізілуге тиісті. Мұндай жұмыс қазірдің өзінде мықтап қолға алынған. Санитарлық заңнаманың негізгі нормаларын түсіндіру және салауатты өмір салтын насихаттауды жандандыру мақсатында ел ішінде 300-ге жуық семинарлар мен конференциялар өткізілді. Жалғыз ол ғана емес, жаппай құқықтық оқыту аясында мазмұнды 180 семинар ұйымдастырылды. Осы есепті мерзім ішінде ақпарат тарату жұмыстары оң жолға қойылды деп есептеймін. Біздің мамандарымыз бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде 195 мақала жариялап, санитарлық ағарту мәселелері тақырыптарында 4664 рет дәріс оқыған. Осының барлығы мақсат көздеген ұлан-ғайыр іс емес пе.
– Өзге де басымдылық берілген бағыттар төңірегінде атқарылып жатқан шаруаны қаузай кетсеңіз.
–Айрықша назар аударып отырған басым бағыттардың бірі сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және азаматтардың мемлекеттік орган жұмысына деген сенімін нығайту. Осы орайда, қолда бар мүмкіндігімізді толайым жұмылдыра отырып жұмыс істеудеміз. Ең алдыңғы кезекте ел мүддесі тұратындықтан, әкімшілік рәсімдерді қысқартып, рұқсат беру заңнамасының жаңа принциптерін енгізу, кәсіпкерлік субъектілерді тексерудің талаптарын қатайту және құқық үстемдігі салтанат құру бағытында орасан зор іс тындырылуда. Біз ең алдымен мемлекеттік қызметшілерміз. Қызметіміздің бар бағыты халыққа арналып отыр. Сондықтан, өзімізге жүктелген істі жауапкершілікпен атқаруға тиістіміз. Сайып келгенде салауатты өмір салтын насихаттау, түрлі аурулардың алдын алу, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету елдің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына қосатын біздің үлесіміз болып табылады.   
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген  Байқал БАЙӘДІЛОВ.    

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар