Немерелеріне жақсы жол көрсетіп…

Жақында облыс орталығындағы «Нұрай» балабақшасында қоғамда отбасының рөлін арттыру мақсатында әжелер сайысы болып өтті. Ақылы мен парасаты сай келген, өнегелі һәм ғибратты ғұмырымен өскелең ұрпаққа үлгі бола білген сегіз әже және олардың немерелері осы байқауда өзара сынға түсті.

Сайыс шарты бойынша төрт кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындаған әжелер қабілет-қарымына сай өз өнерлерін ортаға салды. «Келбетіңе көз салсаң» кезеңінде  өздерін таныстырса, «Өнер ағып жатқан бұлақ» атты өнер көрсету аталымында әжелердің бірі би билесе, енді бірі әуелетіп ән салды. «Білгенге-маржан» атты сайыста тыйым сөздер айтып өзара білімдерін жарыстырса, «Адам көркі – еңбек» аталымында  бөлме өсімдіктерін өсіріп, баптау мәселесіне әрбір сайыскер барынша өз өнерлерін ортаға салуға тырысты. Мәселен, жарысқа өзінің немересі осы балабақшаның «Наурыз» тобының тәрбиеленушісі Мәликамен бірге қатысқан Мақта Үкейқызы болса, өскелең ұрпаққа көкті жұлмау керектігін түсіндіріп, гүлді аялап өсіріп, табиғатқа ерекше қамқорлықпен қарау керектігін нақты мысалдарға сүйеніп жақсы жеткізе білді.
Байқау шартына сәйкес әжелердің сахна мәдениетін сақтауы, киім үлгісіндегі эстетикалық талғамы, сөз сөйлеу мәнері, өнері толық сараланып қазылар алқасы әділ шешімін шығарды. Сайыстың барлық талап-шарттарынан мүдірмей өткен әжелердің арасында өнерімен көпті тәнті еткен   Торқа Сейтікова байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байласа, 1-орынды Мақта Укеева иеленді.  
Байқау барысында балабақша меңгерушісі Айгүл Маментикова сөз сөйлеп, әжелердің өнегесі өмір мектебі екендігін баса айтып, баланы кішіпейілділікке тәрбиелейтін, қарт адамдарға деген құрметті арттыратын осындай тәрбиелік мәні зор кештер алдағы уақытта да өткізіліп отыратындығын атап өтті.  Сайысқа қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар