Неміс техникасына сұраныс арта түсуде

Өткен бейсенбі күні Зеренді ауданының әкімі Асқар Мұратұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның және  Германияның жетекші компаниялары өкілдерінің қатысуымен Шағалалы кентінің маңында «Алқап күні» ұйымдастырылды.

Бесінші рет қатарынан ұйымдастырылып отырған шара биыл да жалғасын тауып отыр.  Бұл жолғы шараға Германияның ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жетекші компанияларының өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда екіжақты іскерлік байланыстың одан әрі нығая түсетіндігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
– Әлемдегі астықты экспортқа шығаратын ең алдыңғы қатарлы он мемлекеттің санатындағы Қазақстан мен Германияның ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын компанияларының арасындағы әріптестік байланыс көп жылдардан бері жалғасып келеді. Еліміздің  астықты аймақтарының егін алқаптарында «Клаас», «Лемкен» маркалы Германияның қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникаларын көптеп кездестіруге болады. Зеренді ауданы аумағында  бас қосып отырғанымыз соның айқын көрінісі, – дейді аудан әкімі.
Қазіргі таңда жоғары сапалылығымен ерекшеленетін германиялық фирмалардың техникалары әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие болып отырғаны даусыз. Сондықтан, ауыл шаруашылығы  қарқынды дамыған  Қазақстан үшін неміс техникаларын сатып алып, қолданысқа енгізудің маңызы зор. Тек техниканы сатып қана қоймай, оны жөндеу мәселесін де қоса шешетін неміс фирмаларының өнімін қазақстандықтар да зор ынтамен алады. Елімізде  германиялық ауыл шаруашылығы техникаларын сататын 20-ға жуық фирма жұмыс істейді. Олардың өкілдіктері біздің облысымызда да бар.
Алғаш рет 2010 жылы Германия және Қазақстан Республикасы  Ауыл шаруашылығы министрліктері мемлекетаралық келісім-шарттарына сәйкес неміс аграрлық орталығын құру жөнінде шешім қабылданған еді. Бүгінгі күні аталған орталық  құрылып, екіжақты байланысты нығайтуға зор ықпалын тигізіп отырған жайы бар.
– Мен өзім осында алғашқы күннен бастап жұмыс істегендіктен,  егіншілікке қатысты барлық мәселе маған жақсы таныс. Біздің орталық тәжірибеден өткен озық технологияларды жергілікті жерде оқытып-үйретуді және таратуды басты мақсат етеді. Облысымыздағы кез-келген шаруашылық бізден тәжірибе ала алады, – дейді неміс аграрлық орталығының директоры Александр Тевс.
Сондай-ақ, шара барысында қазақстандық ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының екіжақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысып, қаржы салуға мүмкіндіктері де айтылды.
Жиналғандар неміс аграрлық орталығының алқаптарында қазіргі заманғы технология бойынша себілген астық дақылдары мен  германиялық компаниялар шығарған ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысымен танысып, жоғары баға берді. Алдағы уақытта германиялық компаниялар ұсынған жаңа техникалар облысымыздың егіс алқаптарында өнімді жұмыс істейді деп айтуға толық  негіз бар.

Аслан НЫҒМЕТЖАНҰЛЫ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар