Өнердің өрлеп шыңына

Ақмола облысының мәдениет саласының қызметкерлері үшін ғана емес, жалпы өнер сүйер қауым үшін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әншісі, жерлесіміз Салтанат Ахметованың «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болуы үлкен қуаныш болғандығын атап өткім келеді. Бар өмірін өнер жолына арнап келе жатқан талантты әншіге бұл нағыз лайықты құрмет екендігі даусыз.

Өнер жолы жеңіл болмайтындығы кім-кімге де белгілі. Ол көп оқып, ізденуді, тер төгіп еңбектенуді талап етеді. Он төрт жасында Біржан сал атындағы Көкшетаудың мәдениет колледжінің вокал сыныбына оқуға түскен жас қыз өзінің болашақта ел-жұртқа танымал талантты әнші боларына іштей сенген еді. Өйткені, оның бойында тума талант – тамаша дауысы болатын. Аталмыш оқу орнының оқытушысы Жақып Көшкембаев, содан кейін қазақ операсының белгілі өкілі, Қазақ ұлттық музыка академиясының профессоры Қорлан Қалиламбекова  жас қыздың бойындағы дарынын бірден танып, оны сақтап, дамытуға игі ықпалдарын тигізді. Салтанат 2008 жылы Астанада Қазақ ұлттық өнер академиясын ойдағыдай аяқтап шықты.
Елбасымыздың өнер саласында көзге түскен таланттарға барлық жағдай жасап, өнер биіктеріне көтерілулеріне мүмкіндік ашуға бағытталған көреген саясатының арқасында талантты жастарымыздың алдынан биіктерге жол ашылып отырғанын атап өткен ләзім. Талантты жас Италияның өнер академиясында тағлымдамадан өтіп, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды. Ол атақты Винченцо де Виво, Серджио Сегалини, Альберто Дзедда, Джанни Тангучилердің шеберлік сыныптарынан тәлім алды.
Оның опера саласындағы тынымсыз еңбегінің нәтижесі 2013 жылы «Астана Опера»  мемлекеттік опера және балет театрының әншісі атануымен көрінді. Сәулеті мен сахнасының көлемі жағынан әлемдегі үшінші опера театры саналатын астаналық өнер ордасында бойындағы шеберлігін көпшілік алдында
көрсетуге кең мүмкіндік ашылды.
Салтанаттың бойындағы таланты мен әншілік шеберлігі нәтижесінде қол жеткен жетістіктері жетерлік. Ол жетістіктер 2005 жылы Қазақстан мен Ресей өнерпаздары қатысқан «Очарование романсом», Күләш Байсейітова атындағы республикалық фестивальдің және Ғазиза Жұбанова атындағы бірінші республикалық конкурстың жеңімпазы, 2006 жылы халықаралық «Шабыт-Inspiration», «Велла Воре», М.Глинка атындағы халықаралық конкурстардың жеңімпазы болып жалғасын тапты.    
Көкшетаулық өнерсүйер қауым үшін, әсіресе, Салтанаттың 2014 жылы Мәскеуде өткен жас әншілер арасындағы «Большая опера» телевизиялық конкурсының жеңімпазы атануы үлкен мақтаныш болғандығы анық.
Еліміздің ең талантты өнер шеберлерінің басын қосқан «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет  театрында еңбек етіп жүрген әншілердің қатарында облыстық филармонияның бұрынғы қызметкерлері Бауыржан Әндіржанов, Талғат Ғалиев, Анастасия Медетова, Елтай Мұстанов, Жанат Шыбықпаев, музыканттар Руслан Баймұрзин, Әлихан Ыдырысов, Раушан Бескемпірова және басқалары бар.
Биылғы жылдың сәуір айында фестиваль шеңберінде Салтанат Ахметова өзінің сүйікті Ақмола облыстық филармониясының сахнасында ән салмақшы. Жерлесіміз Салтанат Ахметованың жеткен жетістіктері аз емес, ал алар шыңдары әлі алда.
Сәуле БӨРІБАЕВА,
Ақмола облыстық мәдениет
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар