«Оқжетпес» жаңа маусымын бастады

Иә, «Оқжетпес» футбол клубы жаңа маусымын бастады. Бірақ, өкінішке орай, бірінші топта. Былтыр Премьер-Лигада өнер көрсеткен 12 команданың ішінде ең соңғы орында қалып, бірінші топқа сырғуға мәжбүр болып еді.

Содан бері клубтың белді ойыншыларының бәрі басқа командаларға кетті. Жерлестеріміз негізінен өткен маусымда қосалқы құрамда болған жастармен қалды. Команданың бас жаттықтырушысы сол бұрынғысынша Сергей Попков. «Оқжетпеске» өткен маусымның екінші кезеңінің орта тұсына таман келген болатын. Былтыр команданы тығырықтан шығара алмаса да, облыс басшылығы оған биыл тағы сенім білдіріп отыр. Клуб үшін басты мақсат бірінші топтан Премьер-Лигаға қайта оралу болып табылады. Бұл оңай соқпайтыны айқын. Өйткені, топта былтыр «Оқжетпеспен» бірге Премьер-Лигадан түсіп қалған «Тараз», сондай-ақ, Өскеменнің «Алтай», «Екібастұз» сияқты азулы командалар бар.
Біріншілік басталар алдында клуб Түркияда және еліміздің оңтүстігінде оқу-жаттығу
жиындарын өткізіп, бірнеше командалармен жолдастық кездесулерде сынға түсті. Солардың ішінен Ресейдің «Тула» командасымен ойында 2:1 есебімен жеңіске жеткенін ерекше атап өткен жөн.
Жоғарыда айтқанымыздай, клубтан негізгі ойыншылар кеткенімен, ел біріншіліктерінде жүзден астам голдың авторы атанған қазақ футболының белді өкілдерінің бірі Әлібек Бөлешев биыл да «Оқжетпеске» адалдығын танытып, оның сапында қалып отыр. Осыдан төрт мау-
сым бұрын бірінші топта ойнаған жерлестеріміз осы Әлібектің күш-жігерімен Премьер-Лигаға қайта оралып, ресейлік белгілі маман Владимир Мухановтың арқасында онда бесінші орынға табан тіреп еді. Алайда, ол қуаныш көпке бармай, келесі маусымда, яғни, өткен жылы қайтадан бірінші топтан бір-ақ шыққанымызды сөзіміздің басында айттық.
21 наурызда жаңа маусымдарын бастаған Премьер-Лигадағы командалардың ізін ала, 1 сәуір күні бірінші топта да ел чемпионаты бастау алды. Одан бұрын бірінші топтағы командалар үш топқа бөлініп, Қазақстан кубогының ойындарын өткізді. «Оқжетпес» өз тобындағы Оңтүстік футбол академиясы командасымен 1:1 есебімен тең түсіп, одан кейін «Жас ұлан» клубын 7:0 есебімен ойсырата ұтып, кубок жолындағы жарыстың 1/8 кезеңіне жолдама алды. Жоғарыдағы екі команда да бұл жарысқа биыл қосылған төменгі топтың клубтары екенін ескерсек, жерлестерімізге бұл азды-көпті табысқа масаттануға болмайтындығы әбден түсінікті. Оның үстіне академия футболшыларымен тең ойыны белгілі бір деңгейде жанкүйерлердің қарнын аштырғаны да жасырын емес.
Ал, ел біріншілігінің беташар ойынында Талдықорғанның «Жетісу Б» командасынан сырт алаңда 0:1 есебімен басым түскен оқжетпестіктер пәрменіне қуанып қалғанымыз анық. Алда жерлестерімізді 8 сәуірде тағы да сырт алаңда «Мақтарал» клубымен өтетін ойын күтіп тұр. Одан әрі үшінші турдың ойынын команда Алла жазса, өз алаңында өткізетін болады.
Бұл орайда, былтыр «Оқжетпес» стадионындағы футбол алаңына жасанды жамылғы төселгендіктен, команданың бірінші топқа түсіп қалуына көп кері әсерін тигізген келеңсіз жағдай биыл орын алмайтын шығар деп үміттенеміз. Клуб өз стадионы футбол маусымына дайын болмай, үнемі сырт алаңда ойнаудан жанкүйерлерінің қолдауынсыз қалып, көп ұпай жоғалтқаны ащы запырандай әлі есте. Ойда жоқта бірінші топқа түсіп қалудың да басты себебі осында жатыр.
Бұл екі ортада клубқа Қазақстан кубогының келесі кезеңінде ауыр қарсылас тап келіп отыр. Өткізілген жеребе тарту бойынша «Оқжетпес» келесі қарсыласы – Алматының «Қайратын» 18 сәуірде өз алаңында қабылдайтын болғанымен, букмекерлік кеңселер мен жанкүйерлер жеңісті алдын ала қонақтарға беретіндігі сөзсіз. Дегенмен, бұл кездесуде команда капитаны Әлібек Бөлешев бастаған «Оқжетпестің» жас та жігерлі ойыншылары ел ішінде «халықтық команда» деген зор атағы бар мықты қарсыласқа лайықты қауқар көрсетеді деп сенеміз.
Жуырда клуб директоры Ерлан Бөтембаев команданың жаттықтырушылар құрамы және ойыншылармен кездесіп, олардың алдында тұрған негізгі міндетті тағы бір нақтылай түсті. Ол міндет – қайткенде де басқа маусымдарға қалдырмай, биылғы маусымның өзінде көзіміз үйренген әрі бәріміз бірауыздан соны қалап отырған Премьер-Лигаға қайтып оралу. Осы үлкен мақсат жолында жеңісті ойындарымыз көп болсын. Сәт сапар, «Оқжетпес»!
Қ.КӘКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *