Қоғамдық қабылдауға халық жиі хабарласатын болды

Жыл басынан бері Ақмола облысының қоғамдық қабылдауына 359 өтініш түсті. Олардың жартысынан көбі, яғни, 190-ы оң шешімін тауып, қалғандары бойынша консультациялық кеңес берілді. Аталған өтініштердің  109-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 95-і білім, денсаулық сақтау, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу мәселелеріне қатысты жолданған.

Сонымен бірге, тұрғын үй және жер телімдерін бөлу бойынша 53, жұмысқа орналастыру мен еңбек дауларына қатысты  44 өтініш қаралды.
Барлық арыздар мен шағымдар уақытымен қаралып, толық зерттеліп, зерделеніп, мәселелерді шешудің оңтайлы жолдары қарастырылды. Бұрын қоғамдық қабылдауға адамдар көбінесе мемлекеттік органдардан қолдау таба алмай, ең соңғы сәтте келетін. Ал, қазір керісінше. Азаматтардың жеке мәселелерін шешу үшін партияның қоғамдық қабылдауларына көп келуі халықтың бізге деген сенімінің артқандығын көрсетеді.  
Қоғамдық қабылдауларға әртүрлі жастағы және әртүрлі санаттағы адамдар келеді. Олардың көпшілігі халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан, атап айтқанда, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыздар, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар.
Облыстық мәлихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетовтың қабылдауына көпбалалы жалғызбасты ана Валентина Березинская жеке мәселесімен келді. Ол бірнеше жылдан бері баспана алуға кезекте тұр, алайда, көптен күтіп жүрген үйін әлі біраз күту керек екен. Осыған орай ол депутаттан уақытша баспанамен қамтамасыз етуге көмектесуді сұрады. Өтініш білдірушінің арызы комиссия отырысында қаралып, оның жағдайының төмендігі мен балалары есепке алынып, баспаналы болғанға дейін уақытша темір жол вокзалының аумағында орналасқан ескі үйде тұру ұсынылған. Бұл ұсынысты ол қабыл алып, сонда көшіп барады. Үйде электр энергиясы мен жылу жабдықтары болғанымен, су келмейді екен. Және үй ескі болғандықтан, кішігірім жөндеу жүргізген. Кейін оған қалалық мәслихаттың депутаты Арғын Аузаров қол ұшын беріп, үйге су құбырларын қосу мәселесін шешіп беріпті. Қазіргі уақытта  отбасы сонда уақытша тұрып жатыр.
«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдаулары сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет болып табылады. Өйткені, басқа мекемелерден қолдау таппаған азаматтар партияға келіп, мұңдарын шағады. Партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына Бұланды ауданы Макинск қаласының тұрғыны Василий Бугайцов келіп, арызданды. Өтініш берушінің немересі – Ресей елінің азаматы екен. Оны
Петропавл қаласындағы шекарада құжат тексеру кезінде пойыздан түсіріп тастап, айыппұл салып, әрі қарай жібермей қойған. Атасы прокуратураға осы мәселе бойынша өтініш білдіріпті, бірақ, оған көмек көрсетілмеген. Қабылдаудың қызметкерлері құжаттармен және жағдаймен толық танысып, немересінің Қазақстанның аумағынан неге жіберілмей жатқандығын анықтады. Көші-қон бөлімінің келіп-кету туралы қағазында 23-іне дейін деп көрсетіліпті, ал атасы немересін тек 24-і күні пойызға отырғызып жіберген. Сондықтан, оған ескерту беріліп, айыппұл салыныпты. Партияның араласуымен немересі осында уақытша тіркеліп, айыппұл төленген соң, көші-қон қызметкерлерінің қайта жазып берген қағазында көрсетілген екі күн ішінде Ресейге қайтты. Мәселені оңтайлы шешіп берген қоғамдық қабылдау қызметкерлеріне бұландылық өтініш білдіруші шын ризашылығын білдірді.  
Тағы бір мысал келтіре кетсек, «АБС-Жаркөл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайдаланып жатқан жер телімдерінің үлестері үшін 2015-2016 жылдары берілетін қаржыны төлемей жатқанына байланысты Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Иван Соколин қоғамдық қабылдаудың сенім телефонына қоңырау шалады. Бұдан соң ұйым меңгерушісі аталмыш серіктестіктің директоры С.Дмитрюкпен сөйлесіп, оған заң талаптары мен нормаларын түсіндіріп, келісім-шартта көрсетілген міндеттерін орындамау негізінде жауапкершілікке тартылатындығын айтты. Бұл мәселе бақылауға алынып, күн тәртібінде жиі қаралды. Біраз уақыт өткеннен кейін серіктестік директорының арызданушыға ақшалай қаражат аударғаны белгілі болып, ол қоғамдық қабылдауға хабарласып, ризашылығын білдірді. Бір айта кетерлігі көріп отырғандарыңыздай, ақмолалықтар арасында қоғамдық қабылдау жоғары нәтижелігімен танымал болып келеді.
Қымбат ЖҮСІПОВА,
«Нұр Отан» партиясы Ақмола
облыстық филиалы қоғамдық
 қабылдауының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар