Қоғамдық кеңес: ел игілігі жолындағы істер

2016 жылдың басында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 99-ыншы қадамын орындау мақсатында құрылған Қоғамдық кеңестер өздерінің өкілеттіктерін іске асыруға кірісті. Ақмола облысынан 266 адам, олардың 72 пайызы азаматтық қоғам өкілдері, жаңа институттың тиімді және сапалы қызметін қалыптастыру жөнінде үлкен жауапкершілік алып, жұмыстарын бастады.

Осының нәтижесінде бүгінгі таңда Ақмола өңірінде жай сырт көз үшін құрылған бірде-бір Қоғамдық кеңес жоқ. Олардың бәрі уақыт өткен сайын қоғам мәселелеріне батыл дендеп, кез-келген проблеманы жан-жақты ойластырып шеше келе, билікпен конструктивті диалог орнатуда іскерлі қадамдарға барып отыр.

Қоғамдық кеңестердің бір жарым жылдық жұмысы облыста өздерінің қызықты жобалары мен идеялары бар, кез-келген мәселеге бейтарап қарамайтын бастамашыл адамдарға мол мүмкіндіктер беруде. Біздің қоғамда өміріміздің барған сайын мәнді болуы үшін өздерінің күш-жігерлерін аянбайтын, осыған бар жан жылуын беретін адамдар қатары аз емес. Олардың көбінің есімдері ақмолалықтарға жақсы таныс.
Айталық, облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин жетекшілік ететін облыстық Қоғамдық кеңестің қатарына кәсіби біліктіліктері жоғары, ел алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін, сонысымен де кеңес мүшесі деген мәртебелі қоғамдық жұмысты лайықты алып жүрген Болат Жанәділов, Сағынтай Елубаев, Серік Аяғанов, Ғосман Төлеғұл, Александр Мартыненко, Елена Мащинская, Галина Марченкова, Әбілжан Хұсайынов және тағы басқа да белгілі адамдар өтті. Бүгінгі таңда бұл жандар атқарушы органдарға маңызды ұсыныстар білдіріп, дәлелді түрде соның тиімділігін айтып, жеткізе алатын пікірлестер ұжымы десе де болады. Мұның барысында олардың міндеттері жұмыстағы кемшіліктерді көрсетуге барып тірелмейді. Мұндай біржақты көзқарас түбірінен орынсыз. Олардың принципі – аймақтың дамуы үшін үйлесімді түрде іс-қимыл таныту.
Облыстық Қоғамдық кеңестің жұмысына көше отырып, бірден, ағымдағы жыл қоғам мүшелерінен салмақты да ойлы жұмысты талап еткендігін атап көрсету қажет. Өткен алты айдың ішінде 8 рет өткізілген мәжілістерде тұрғындардың мақсат-мүдделерін көздеген өзекті мәселелер көтерілді. Алдымен облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің аймақтың 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды. Кеңес мүшелері өткен жылы облыс-та өнеркәсіп, аграрлық және әлеуметтік салалардың дамуында игі қадамдарға қол жеткізілгендігін атап өтіп, атқарушы биліктің жұмыс қорытындыларына оң баға берді.      
Сәуір айында оқушылардың мектептердегі қорытынды аттестаттауға және абитуриенттердің жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсыруға дайындықтары өзекті мәселе ретінде қаралды. Кеңес мүшелері білім мекемелерінің жауапты сынға әзірлігін жан-жақты сараптап, әділ бағасын беруі және ұлттық бірыңғай тестілеудегі проблемаларды анықтау үшін жұмысшы тобын құрған жөн деп шешті. Ал, құрамына С.Елубаев, Г.Марченкова, Б.Жұпынов, Т.Ысқақов  кірген жұмыс тобы мәселені зерттеудің ең тиімді жолы мектептерде болып, олардың басшыларымен пікірлесу және ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылар арасында анонимді түрде сауалнама жүргізу деп тапты. Сөйтіп, аз-ақ күннің ішінде бұл мәселеге Көкшетау қаласы мен бірқатар аудандардан елуден астам педагог және екі жүзге жуық оқушы тартылды. Кеңес отырысында жұмысшы тобының жетекшісі С.Елубаев көптеген өзекті мәселелер қамтылған мазмұнды баяндама жасап, аймақтың білім саласына қатысты өткір проблемаларды қозғады. Олардың қатарында білім сапасын жақсарту, абитуриенттердің шетелдің жоғары оқу орындарына артықшылық беруі, оқушылардың жартысынан астамы қолданатын репетиторлық туралы мәселелер де кеңінен қамтылмай қоймады.
Екінші тоқсанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесін талқылау қажеттігі туындады. Халықтың барлық топтары осы орайдағы түсінік жұмыстарымен толық қамтылған ба? Мәртебелері айқындалмаған жеке тұлғаларды анықтап, осы іске тарту қалай жүргізіліп жатыр? Сақтандыруға қатысушыларға қандай қызмет түрлері көрсетілетін болады?  Отырыста осы тақырып  бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, халықты жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшылары толық ақпарат ұсынды. Талқылау барысында отырысқа қатысушылар жұмыс берушінің, мемлекеттің және жұмыс істеушінің мүдделері бірдей сақталуының маңыздылығын баса атап көрсетті.      
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелерін қарау барысында да Қоғамдық кеңестердің белсенділігі жоғары болды. Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу жөнінде қабылданған шаралар туралы жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету бойынша бөлім басшыларының, «Азаматтарға арналған үкімет»  мемлекеттік корпорациясының» жұмысы туралы филиалдар басшыларының есептерін тыңдау – бұл тақырыптар барлық деңгейдегі Кеңестер мәжілістерінің күн тәртібінде жиі ұшырасады.
Мамыр айында осы мәселе бойынша кезекті отырыста мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Агенттіктің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Б.Беспалинов баяндама жасады. Сыбайластық көріністеріне ең көп жол берген мемлекеттік органдардың басшыларына да Кеңес мүшелері алдында есеп берулеріне тура келді.        
Үстіміздегі жылдың маусым айында 2012 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуы жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің жұмысы жан-жақты талқылаудан өтті. Қаржы басқармасы мен тексеру комиссиясының осы орайдағы ақпараттары біраз жайдың бетін ашып берді. Сондықтан, бюджет қаржыларының дер мезгілінде және сапалы игерілуін қамтамасыз етпеген бірқатар басқармалар мен ведомстволардың атына Кеңес мүшелері тарапынан орынды сын-ескертпелер айтылды.
Мұның бәріне қоса, Қоғамдық кеңестердің қарауына нормативтік-құқықтық актілердің жобалары да келіп түседі. Бүгінгі күнге дейін олардың 35-і оқылып, зерттеліп, тиісті ұсыныстар берілді. Солардың ішінде облыстық бюджетті нақтылауға, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру Ережелерін бекітуге, мал шаруашылығы саласында субсидиялар көлемін бекітуге қатысты актілер неғұрлым қызығушылық туғызды.
Осы орайда, Кеңес мүшелері жете назар аударып, өз отырыстарында қарағысы  келетін мәселелер көлемі, тақырып-бағыттары жағынан да әрі салмақты  әрі сан алуан. Олар тұрғын үй аумақтарын абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы проблемалар, тағы басқа да осы сияқты өзекті мәселелер. Мәжілістердің күн тәртібін жеңілдету талқыланатын мәселелердің тиімділігін және солар бойынша қабылданатын шешімдердің сапасын төмендету деп білеміз. Сондықтан, облыстық Қоғамдық кеңестің жұмысы жылдық жоспар бойынша жүйеленіп отыратын тұрақты сипатқа ие.
Осы арада тұтастай еліміз және аймағымыз бойынша бірде-бір маңызды оқиғаның облыстық Қоғамдық кеңестің баға беруінсіз және көзқарасынсыз қалмағанын айта кету керек. Бір ғана Кеңес төрағасы Д.Нұрмолдиннің өзінің төрағалығымен Президенттің ел халқына арналған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  Жолдауын және мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлудің негізгі принциптерін түсіндіру мақсатында өткен шараларға, сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралау барысына 400-ден астам тұрғындар тартылды. Олар Ақкөл ауданындағы №10 агротехникалық колледжі, орталық аудандық аурухана, балалар үйі, Көкшетау қаласындағы «Тыныс» АҚ және «Новопэк» ЖШС, тағы басқалары.
Бұқаралық ақпарат құралдарында Кеңес мүшесі С.Елубаевтың Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы туралы пікірі, Ғ.Төлеғұлдың Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы туралы әсерлері жарияланды.
Қоғамдық кеңес көктемгі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің басынан өткен қиыншылықтарға да немқұрайлы қалмады. Көптеген кеңес мүшелері көмек көрсету мақсатымен зардап шегушілердің ортасынан табылды. Өз еңбек ұжымдарында осындай тұрғындарға қаржылай көмек және психологиялық қолдау көрсету бағытында іс-шаралар ұйымдастырды.
Облысымызда және елімізде болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтарға Қоғамдық кеңес мүшелері түрлі кеңестер мен комиссиялардың жұмысына белсене қатысу арқылы да қанығып отырады. Айталық, М.Жұмабеков, Г.Марченкова, А.Мартыненко, Д.Жұрымбаев, Б.Жұпынов, Е.Мащинская, Т.Ысқақов Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің, облыстық әділет департаменті басшысының есепті кездесулеріне белсене қатысты. Ал,  Ғ.Төлеғұл, А.Мартыненко және Б.Жұпынов бірқатар облыстық департаменттердің «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау жөніндегі аттестациялық комиссияларының құрамына енді.
Облыстық Қоғамдық кеңес туралы ақпараттарға азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, БАҚ-тарда жарияланатын мақалалардың сапалы болуы, Ақмола облыстық мәслихатының сайтындағы материалдардың тез табылуына жете мән берілуде. Кеңес мүшелері өз жұмыстарына тұрғындардың ынтасын арттыру үшін ақпараттандырудың барлық әдіс-тәсілдерін пайдалануға ұмтылады.
Облыс бойынша тұтастай алғанда өткен алты айда барлық деңгейдегі Қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдар басшыларының жүзден астам есебі тыңдалды. Нормативтік-құқықтық актілердің 300 жобасы қаралып, 160-қа жуық отырыс өткізілді. Олардың 20-сы бюджеттердің орындалу және бөлінген қаржыны тиімді пайдалану мәселелеріне арналса, отыздан астамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетуге арналды. Бұл бағытта Қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту жемқорлық тәуекелділігін дер мезгілінде жою және жемқорлық қылмыстарға жол бермеу тетіктерінің бірі болып табылады. Биылғы жыл қызықты, ең бастысы, маңызды тақырыптарды қарастыруда көп тостырған жоқ.  Айталық, Шортанды аудандық Қоғамдық кеңесі жұртшылық назарын отбасындағы әйелдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету, егде адамдар мен балаларды сырттату мәселелеріне аударды. Бұл Кеңес мүшелерінің жағымсыз фактілердің алдын алуда жаңа мүмкіндіктер мен тың шешімдерді қарастыруын көрсетсе керек.  
Бурабай аудандық Қоғамдық кеңесі үшін Щучинск қаласы мен ауданның өзге елді мекендерінің санитарлық-экологиялық жағдайы негізгі талқыланатын мәселелерге айналды. Көкшетау қалалық және Зеренді аудандық Қоғамдық кеңестерінің мүшелері балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жағына көбірек көңіл бөлді. Степногорск қалалық Қоғамдық кеңесі
конкурстық комиссия мүшелері ең көп дауыс берген қала елтаңбасының жобасын бекітуде шешуші сөзін айтты. Жыл аяғына дейін Қоғамдық кеңестердің мүшелеріне уақытпен санаспай, көптеген жұмыстарға араласуларына тура келеді. Бұл үшін кеңестерде осыған қажетті әлеует жеткілікті. Сондықтан,  бұл қоғамдық жаңа  институт алда тұрған міндеттерді шешуде өзінің белсенділігімен және іскерлігімен жүктеліп отырған сенімді ақтайды деп білеміз.                           

Дулат ЖҰРЫМБАЕВ,
облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар