Қоғамдық кеңестер: қызмет бастауында

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарына орай, «Қоғамдық кеңестер туралы» заң қабылданып, іске асырыла бастаған еді. Елбасы айқындаған Қоғамдық кеңестердің өкілеттігіне бюджеттерді қарастыру, стратегиялық жоспарлар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты актілерді дайындау сияқты мәселелер кіреді, яғни, әкімдіктер өңірдегі  ахуалға жауапты бола отырып, жаңа заңға сәйкес азаматтық қоғаммен кеңесіп отырады.

Осылайша мемлекеттік шешімдер қабылдауда ашықтық пайда болды. Біріншіден, мемлекеттік органдар басшыларының есептілігі тәжірибесі кеңейтілді. Екіншіден, ашық үкімет арқылы қабылданған шешімнің ашықтығы қамтамасыз етілді. Тұтастай алғанда, қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдармен, қоғамдық бақылау ұйымдарымен бірлесе әрекет ете отырып, қоғамның мүддесін тануы тиіс. Бірақ, бұл әкімдіктер өз қызметтерін ойдағыдай атқара алмай отыр деген сөз емес, ол ілгері жылжудың бір тетігі іспетті. Бар жұмыс бірлесіп атқарылады. Сол себепті, бірлескен іс-қимыл, өзара байланыс пен ықпалдасу төңірегінде өрбиді. Осылайша өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі уақыт өткен сайын арта түспекші.
Қоғамдық кеңестің жүйесін енгізу азаматтық қоғамды дамыту мен мемлекеттік қызметшілерді тәрбиелеу мектебі болып табылады. Сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқаруға ықпал етеді. Азаматтық қоғамның маңызды мәселелері бойынша пікір білдіру де қоғамдық кеңестің мақсаты. Жұртшылықты толғандыратын басты мәселелердің бірі – жастардың білім алу мен олардың жұмысқа орналасуы. Мемлекеттік қызметке орналасатын жастарды қоғамдық кеңеске шақырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мәселелерін түсіндіріп, келісім беруде де кеңестердің рөлі басым. Қоғамдық кеңестің бұл бағытта жергілікті кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары басшыларына ұсыныс жасап, олардың жұмысқа орналасуына ықпал етуге, жастардың жарқын болашағына мүмкіндік жасауға да ықпалы  зор. Бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары тапшы екендігі белгілі. Осы орайда, жергілікті әкімдердің шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары басшыларын қоғамдық кеңеске шақырып, олармен келісімге отырып, жастарды оқуға жіберуге жағдай туғызуы да кеңестердің назарында. Оқуын бітірген соң шаруашылыққа қайта оралуын қадағалау сол кеңестің міндеті. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, діни ахуалды сақтау, тұрмысы төмен отбасыларға көмек беруді ұйымдастыру, тазалық жұмыстарын назарда ұстау сияқты жұмыстарды міндетіне алған қоғамдық кеңестер бюджетті  талқылауға да қатысады, ұсыныс жасайды.
Құрамына мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, қадірлі қарттар, жалынды жастар мен кәсіпкерлер топтастырылған кеңес тоқсан сайын бас қосып отырады. Түйткілді мәселелер туындаған жағдайда жоспардан тыс тоқсанды күтпей шақыртқанда тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түреді. Тұрғындар үшін қоғамдық кеңесте тәртіп қаралудан асқан жаза жоқ. Осыдан-ақ кеңес рөлінің қандай екендігін білуге болады.
Ең басты ұсыным – бірлік пен келісім болған жерде ғана даму бар екендігін түсіндіру. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді халқымыз. Себебі, біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның бүгінгідей қарыштап дамып отырғаны тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі.
Елбасының ұстанған саясаты, дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында халықтың қолдауымен қазіргі заманға келдік. Елбасы біздің басты міндетіміз еліміздегі қоғамдық келісімді сақтау екендігін айтып келеді. Жүрегімізбен сезініп, әрқашан айтып жүретін жайт «Қазақстан – 2050» Стратегиясында да «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» мәселесі екендігін ұмытпай халық игілігі үшін жұмыс істей берейік.
Өтелбай БЕЙСЕНОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы,
қоғамдық кеңестің төрағасы.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар