Оқулық мәселесі туындамайды

«Ақмола Медиа Орталығында» өткізілген баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова оқулық жеткілікті деп мәлімдеді. Баспасөз мәслихаты жаңа оқу жылына дайындық мәселелеріне арналды. Облыс мектептерінде Білім күні  Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, «Менің Отаным!» сынып сағаттары өткізіліп, мектеп табалдырығын жаңа аттаған  әрбір оқушыға  Президенттің атынан естелік кітаптар табыс етілетін болады.  Ата-аналар үшін ең қуанышты жағдай – биыл дүкен аралап, кітап іздеу деген болмайды. Өңірдегі әрбір бала тегін оқулықтармен қамтамасыз етіледі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

 

Шынында, жаңа оқу жылы басталысымен, ата-аналардың дегбірі қашып, көпшілігінің оқулық іздеп, кітап дүкендерінің табалдырығын тоздыратыны өткен жылдардан бері баршамызға таныс жайт. Енді ұзын-сонар кезекте тұрып, оқулық іздеп сарсаңға түсетін күндер артта қалатын сыңайлы.

Себебі, ағымдағы жылы Білім және ғылым министрлігі  мектеп оқулықтарының тапшылығын болдырмау мақсатында қомақты қаржы бөліп, оқу ордаларының 100 пайыз  қажетті оқулықпен қамтамасыз етілуін жіті қадағалап отырған көрінеді. Осыған көз жеткізу үшін біздің тілшіміз де кітап мәселесін зерттеп оралған еді.  
Өткен жылы жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 375 742  миллион теңге қаржы бөлінсе, биылғы жылы оқу ошақтары толықтай оқулықпен жабдықталуы үшін  598 158 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Сондай-ақ, қаңтар айында барлық  білім ордаларына қажетті әдебиеттер саны анықталып, сәуір айында мемлекеттік сатып алу өткізілген. Сөйтіп,  бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейінгі барлық оқу құралдары сатылып алынған. Тіпті, электронды оқулықтардың қоры да толыға түскен көрінеді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарованың сөзіне жүгінсек, бүгінгі таңда білім ұйымдарына барлық оқулықтар жеткізіліп, қажеттілігі өтелмеген мектептер қалмапты. Оған қоса,  Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі барлық өңірлерде тамыздың 1-і мен 31-і аралығында «Мектеп оқулығы!» акциясы жарияланған. Оның аясында барлық білім беру бөлімдері өздеріндегі кітап қорын тексеріп, әр оқушыға оқулықтардың үлестірілуін бақылайды.
Жағдайдың анық-қанығына жету үшін  ата-аналарды да сөзге тартқан едік. Біз әңгімелескен Щучинск қаласының тұрғыны Ләззат Әлжанованың екі бірдей немересі аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназиясында білім алып жүр. Өткен жылы  оқулықтар бұл білім ошағына бір айға кешіктіріліп жеткізіліпті. Ал, осы жылы тамыз айының ортасында мектептен «оқулықтар түгел келді, алып кетуіңізге болады» деген хабар жеткенде  қуанғанын жасырмады.  
Жалпы, оқу құралдарының жетіспеуі оқушылардың білім деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғатынын ескерсек, бұлай оқулық мәселесінің оң шешілуімен жағдай жақсара түсетініне сенім мол. Ең бастысы, оқулықтың саны оқушыдан аз болмай, бұл мәселе түбегейлі шешілді деген сенімдеміз.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар