Оқырманға жол тартты

Жуырда «Көкшетау» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының  биылғы  жылғы  соңғы 4-ші  саны жарық  көрді.

Журнал ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Көкшетауды далада қалдырмаймын!..» деген жүрек жылытар бір ауыз сөзі тақырып етіп алынған жазушы-сенатор Жабал Ерғалиевтің ой-толғаныстарымен ашылып отыр. Осы «Тәуелсіздік тұғыры» айдарын белгілі әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбектің «Тәуелсіздік және әдебиет» атты зерттеу мақаласы да жалғастырып әкетеді. Ал, Нәркеш Кәриевтің бір топ өлеңдері өзінің мазмұндылығымен тартымды.
«Алаш ардақтылары» айдарымен берілген танымал өнертанушы, ақын-жыршы Жұмабай Есекеевтің өнер тақырыбына жазылған деректі әңгімелерін де оқырмандар тұшынып оқитыны даусыз. Кәркен Жарылғасовтың «Алаштың арманын ғарышқа самғатқан» эссесі тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың кейбір азаматтық және батырлық қырларын ашады.
Журналдың бұл санындағы елең еткізерлік дүниелердің бірі белгілі қаламгер Әкім Ысқақтың «Санадағы сәулелер» деп аталатын ой тамшылары. Басылым  бұл жолы  Баянғали Әлімжановтың да бір топ тарихи әңгімелеріне кең орын беріп отыр. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасынан ата жұртқа қоныс тепкен талантты ақын Сағатбек Ахмадиұлының өлеңдері ана тілінің мәйегі және азаматтық үнімен баураса, «Күйкілік» әңгімесінің авторы, жазушы Құттыбай Сыдық қазақы мінезіміздің кейбір қатпарларына бойлайды. Тарих қойнауына үңілген әдебиетші Теңдік Мұқышева өзінің «Ұрпақ жадын түлеткен» дүниесіне Алаш қайраткері Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімовтің ағартушылық және күрескерлік болмыс-бітімін арқау етіп алған. Басылымда сондай-ақ, Смағұл Рақымбек, әлем әдебиетінің өкілі Анна Гавальда, орыс тілді қаламгер Бақыт Панфереваның шығармалары берілген.
Басылымның ішкі, сыртқы мұқабасы әдеттегідей көркем суреттермен безендіріліп, тартымдылығымен ерекшеленеді.      
«Арқа ажарының» өз ақпараты.       

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *