Облыс әлеуеті зор екені жарқырай көрінді

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде Астанадағы Ақмола облысы күндерінің қорытындылары шығарылып, бюджеттің орындалуы, мүлікті жария ету мәселелері мен тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысының жайы қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров хабарлама жасады. Хабарламада біздің облыс Елордада өзінің бар экономикалық және мәдени әлеуетін жан-жақты көрсете білгендігі ерекше аталып өтті. Барлық сала басшыларының осы жауапты шараға жан-жақты мән беруінің арқасында облыс күндерінің негізгі арқауы болып саналатын «Хан шатыр» сауда орталығының алдындағы жәрмеңке, оған қоса, 12 бағыт бо-йынша ұйымдастырылған Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерінің көрмесі жоғары деңгейімен ерекшеленді. Екі күн бойы өткен жәрмеңкеде барлығы 884 миллион теңгенің 70 түрлі өнімі сатылды. Соның ішінде, ет және ет өнімдері 620 тонна, балық өнімдері 20 тонна, бір өсімдік майының өзі 40 мың литр көлемінде іске асырылды.
Облыс үшін биылғы жылдың үлкен шарасына аудандар мен қалалар да лайықты үлес қоса білді. Бір сөзбен айтқанда, Елордадағы күндер ақмолалықтардың тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын қай салада болсын лайықты жетістіктермен  қарсы алып отырғанын паш етті. Осыған тоқталған  облыс әкімінің бірінші орынбасары бұдан әрі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы бүгінгі істің жайына ойысты. Өнеркәсіп өнімі көлемінің 104 пайызға жеткенін баяндай келе, іргелі кәсіпорындардың, оған қоса, аграршылардың  бүгінгі аяқ алысын, осы орайдағы толымды көрсеткіштері мен діттеген межеге жете алмаған кейбір кем-кетік тұстарын нақты саралап берді.
Бұдан әрі Астанадағы Ақмола облысы күндерінің мәдени бағдарламасын  облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өз сөзінде кеңінен қамтып, жан-жақты есеп берді. Алдыңғыға қоса айтарымыз, ақмолалықтар бұл орайда да Елорда тұрғындары мен қонақтарын талғамы биік өнері, мазмұнды қауышуларымен өздеріне жақсы тарта білді. Барлық жоспарланған іс-шаралар жоғары деңгейде өтіп, облыс атына сол үшін де жақсы пікірлер аз болмады. Үлкен табыспен өткен облыс шығармашылық ұжымдарының концерті, қойылған спектакльдері, ақындарымыздың әдеби кештері  облыстың осы бір күндерге толымды дайындықпен барғандығын айқын көрсетіп берді.
Өз сөзінде облыс әкімі Сергей Кулагин де Елордада облыс күндерінің көңілден шыққанын айтып, барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков бюджеттің орындалу барысы, облыстың дамуына қатысты басқа да өзекті мәселелердегі істің жайын таратып айтып берді. Облыс қазіргі даму қарқынын сақтаса, жыл аяғына дейін бұған дейін қол жеткен оң көрсеткіштерді одан әрі баянды ете түсетін жайы бар. Бюджеттің орындалуы  бір қарағанда жаман болмағанымен, республикадан, облыстан  бөлінген қаржыны игеруде кейбір кемшіліктердің бары да айтылмай қоймады. Бұл орайда, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын барлық салада ойдағыдай қарсы алу басты мұратымыз болса керек.
Аппарат кеңесінде төртінші болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев өз саласы – тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысындағы жыл басынан бергі жағдай туралы баяндады. Облысқа 2016 жылы 222,2 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беру жоспары белгіленсе, ол қазірдің өзінде 280,7 шаршы метр көлемінде орындалған. Бүгінгі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша да жұмыстар бас-талып, несиелік тұрғын үй құрылысы іске асырылуда.
Облыс қысқы жылу беру маусымына тыңғылықты дайындықпен кірісіп отыр. 2017-2019 жылға Ұлттық экономика министрлігіне 18,5 миллиард теңгенің 14 жобасын іске асыруға тапсырыс беріліп қойған.
Облыс әкімі өзінің қорытынды сөзінде жыл аяғына дейін кейбір осал тұстарды алға тартып, істің жайын неғұрлым  жақсарта түсуді барлық қызмет пен сала жетекшілеріне басты міндет етіп жүктеді. Және тәуелсіздіктің 25 жылдығы жақындай түскен осы бір кезеңнің жауапкершілігі мол екендігін тағы бір еске салып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық мәселелердің ретімен шешілуін талап етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар