Облыстық мәслихаттың жаңа хатшысы сайланды

Бесінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс қырқыншы сессиясы өткізілді. Сессия жұмысына облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, сөз сөйледі. Сессияда өткен жексенбі күні №32 сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған Дулат Нұрмолдин депутаттардың бірауыздан қолдауымен облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланды.

Депутат Жанболат Кәмелиденовтің төрағалығымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырқыншы сессиясына облыс әкімінің орынбасарлары, әр деңгейдегі мәслихаттар хатшылары, облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов хабарлама жасап, Дулат Нұрахметұлы Нұрмолдинге  депутаттық төсбелгі мен куәлікті табыс етті.
Ал, екінші мәселе бойынша облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Әнел Ерденова сөз алып, облыстық мәслихаттың хатшылығына депутат Дулат Нұрмолдиннің кандидатурасын ұсынды. Депутат Серік Аяғанов та сөз сөйлеп, ұсынылған үміткердің кандидатурасын қолдайтындығын білдірді. Сөйтіп, ашық дауыс негізінде Дулат Нұрмолдин бірауыздан облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Өз кезегінде ол өзіне сенім көрсеткен әріптестеріне және облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, алғысын жолдады. Өңір басшысы Сергей Кулагин мәслихаттың жаңа хатшысына табыс тілей келе, осы орында жемісті қызмет еткен Нина Дьячектің атына да жылы сөзін арнады. Оған гүл шоғы мен естелік сыйлықты табыс етті.
Одан әрі сессияның күн тәртібіндегі мәселелерді қарау жұмысы жалғасын тапты. Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров баяндама жасады. Онда 2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгертулер енгізу туралы мәселе қаралды. Ол алдағы жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылауға байланысты енгізілетін өзгертулерді жан-жақты айтып берді. Бюджеттің кіріс көзін 127 милиард 578 миллион теңге, ал, шығыс бөлігін 128 миллард 127 миллион теңге көлемінде белгілеуді ұсынды.
Сонымен қатар, облыстың елді мекендерін абаттандыру, қоршаған ортаға эмиссияға ақы мөлшерлемесін көтеру, су ресурстарын пайдалануға ақы мөлшерлемесін бекіту және тағы басқа мәселелер қаралып, депутаттық сағатта кеңінен талқыланғандықтан депутаттар шешім қабылдау үшін дауыс берді.
Өңір басшысы Сергей Кулагин сөз алып, бюджетті нақтылаудағы мәселелерге байланысты өз ойын білдірді. Бюджет қаржысын жұмсау аса күрделі жағдайда жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті. Жаңа экономикалық өзгерістерге байланысты алдағы күндерді болжау қиын екенін де айтты. Соған қарамастан бюджеттің негізгі қорынан 570 миллион теңге алдағы жылу маусымына  қатысты ағымдағы шараларды аяқтауға бағытталды. Биыл жылдағыға қарағанда жылу маусымына дайындық ерте аяқталды. Алдағы екі жыл ішінде осы саладағы қордаланған қарыздан құтылу қажет екенін де еске салды.
Сонымен бірге, Калачи ауылы тұрғындарын көшіру және су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге қолдау жасау жайына да тоқталды. Мемлекеттік бюджеттен бұған әзірге қаржы түспесе де, бұл күрделі құрылыс жұмыстары өз ырғағында жүріп жатқанын да баса атап өтті.

 

Бақыт СМАҒҰЛ

 

 

Дулат Нұрахметұлы Нұрмолдин 1967 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Үш жоғары білімі бар. С.М.Киров атындағы Ленин орденді Омбы ауыл шаруашылығы институтын инженер-гидротехник, Мәскеу қаласындағы Қазіргі заманғы гуманитарлық институтын юриспруденция бакалавры және Көкшетау гуманитарлық-экономикалық университетін экономист-қаржыгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1984 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ленин ауданына қарасты «Образцовый» кеңшарында жұмысшы болып бастады. 1992 жылдың желтоқсанынан Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы бойынша салық комитетінде әртүрлі мемлекеттік лауазымдарды атқарды.
Ал, 1999 жылдың сәуірінен бастап Солтүстік Қазақстан облысы бойынша салық комитетінің бөлім бастығы, 2002 жылдың қазанынан облыстық салық комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде істеді. 2008 жылдың мамырынан Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық департаментінің бастығы болып қызмет етті.
2010 жылдың қыркүйегінен Ақмола облысы бойынша салық департаментінің басшысы лауазымында қызмет атқарды. Ал, 2014 жылдың қарашасында Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен, «Салық қызметінің үздігі», «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар