Офицер атына лайық бол!

 Тәуелсіздік алаңында облыс әкімі Сергей Кулагин мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко Көкшетау техникалық институты түлектерінің диплом мен офицер шенін алу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

  Салтанатты шара үрлемелі оркестрдің сүйемелдеуімен мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталды. Орталық алаңға Көкшетау техникалық институтының жауынгерлік туы шығарылып, институт басшысы, полковник Сырым Шәріпханов әскери бұйрықпен жеке құрамды сапқа тұрғызды. Сапқа тұрған жас офицерлер үшін бұл күн ерекше. Темірдей қатал тәртіп пен жауынгерлік іс-қимылды меңгерген институт түлектері үшін жаңа өмір белесі басталмақ.  
–Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының құрамы жас офицерлермен толықты. Күні кеше ғана ант қабылдаған едіңіздер.  Ал, бүгін сіздер ерікті де жігерлі, батыл, білімді, ұшқыр ойлы азамат болып қалыптастыңдар. Биыл тағы бір мәрте Көкшетау техникалық институтының 17-ші шығарылымына қатысып отырғаныма қуаныштымын. Құрметті түлектер, осынау қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын, – дей келе генерал-лейтенант Владимир Божко техникалық институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қатысты іс-шараларға жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, Көкшетау техникалық институты ұжымына өзінің ризашылығын жеткізіп, оқу бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. Оқу орны ашылғаннан бері 3600-ден астам түлек түлеп ұшқан екен. Ал, биыл 131 курсант оқу бітірді. Оның ішінде 15-сі «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша институт жолдамасымен Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алды.
Салтанатты шарада облыс әкімі
Сергей Кулагин де құттықтау сөз сөйлеп,  биыл су тасқынынан адамдарды құтқару шараларында іс-қимылымен, білім- білігімен көзге түскен техникалық институт жауынгерлерінің кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді. Ақмола облысы төтенше жағдайлар органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапарғали Асыл-
беков те жүрекжарды лебізін жеткізді. Түлектер атынан сөз алған оқу озаты, өртке қарсы қызмет лейтенанты Дулат Ғабдолла ұстаздары мен ата-аналарына алғыс білдірді.
–Бізді жетелеген, әрқашан демеу болған, бойымызға сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздарымызға, қамқор болып, аялаған ата-аналарымызға барша түлектер атынан зор ризашылық білдіремін, – деді ол.
Жиында Сергей Кулагин  мен Владимир Божко оқу озаттарына дипломдарды табыс етті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Серік Әубәкіров, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, өртке қарсы қызмет полковнигі Арман Әбдіхалықов пен аталмыш институт басшысы, полковник Сырым Шәріпханов, Ақмола облысы төтенше жағдайлар органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапарғали Асылбеков пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің басшысы, өртке қарсы қызмет полковнигі Нұрмұхамед Интуев жас офицерлерге дип-лом табыс етті. Сонымен қатар, төрт жыл бойы оқуда озат болған лейтенант Аслан Мүбәрак жауынгерлік Тумен қоштасу рәсімін жасады.
Бұл тек түлектерге ғана емес, олардың ата-аналары үшін де ерекше есте қалатын күн. Осы орайда, Қарағанды қаласынан келген ата-ананың бірі Роза Жанкеева ұлы Мейірман Ақтановтың оқуды үздік аяқтағанын зор мақтанышпен жеткізіп, жас офицерлерге аналық ақ тілеуін арнады.
Салтанатты шара соңында офицерлер жауынгерлік шеру ұйымдастырып, қоштасу вальсін орындады.     
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар