Ойлы ойын оздырады

«Ойын баланың шығармашылық қабілетін дамытады. Ойынсыз – ақыл-ойдың қалыптасуы мүмкін емес» деп бір данышпан айтқандай, балалардың тілін дамыту мен сөздік қорларын молайту үшін оқу-тәрбие ісінде көптеген ойын түрлерін пайдаланған абзал.

  Себебі, ойын арқылы олар ауызша сөйлеуге, үйренген жаңа сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдануға, біреумен сұхбат құруға үйренеді. Мен тәрбиеші ретінде бүлдіршіндердің сөздік қорын дамыту үшін оларға ойын түрінде тапсырмалар беріп, жаттығулар жасатамын. Өйткені, бала ойын арқылы өзін не қызықтыратынын айта алады. Сол арқылы олардың таным-түсініктері қалыптасып, ақыл-ойлары жетіледі. Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде жаңа сөздерді күн сайын қайталатып, тиянақтап отырған кезде нәтиже шығады.
Ұрпақтан ұрпаққа жеткен, әрі мәні зор ойындардың бірі ретінде саусақ ойынын атап өтуге болады. Оны ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды бейнелей алады. Ол балалардың сөйлеу тілінің дамуына зор ықпалын тигізеді.  Сондықтан, бала қолының ептілігін, толық жетілдіру жұмысын жүйелі жүргізіп отырған жөн. Бұл ретте, саусақ қимылдарын дамыту жұмыстарын ерте сәбилік шақтан бастаған дұрыс. Сонда үш жастағы баланың тілінің дамуында ақау болмайды және бірінші сыныпқа барып, жазу жазғанда қиналмайды. Бүгінде бастауыш сынып оқушыларының басым көпшілігінде каллиграфиялық қиындықтар осы тұрғыда туындауда.
Бала саусақтарымен әртүрлі жаттығулар орындап отырса, үлкен жетістіктерге жетеді, яғни, бұл жаттығулар сурет салып, жазуға көп көмегін тигізеді. Егер балаңыздың саусақтары шапшаң қозғалып, иілгіш болса, оның жазуы әдемі болады және сөйлеу мәнері қалыптасады. Сондай-ақ, балаларға ермексазды қолмен жұмсарту, әр саусақпен тасты немесе кішкене дөңгелек заттарды айналдыру, үстел үстінде саусақтарының ұшымен жүргізу, жүгірту, саусақтарын санату, ауада сурет салу, қағаз бетіне сурет салып, оны бояу, қайшымен қию сияқты ойын тапсырмаларын беріп, саусақтарының белсенділігін арттыруға болады.
Игілік орта мектебі жанындағы «Айгөлек» шағын орталығында осы тұрғыдағы тәрбиелік ойындар өткізіліп тұрады. Аудандық бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған семинарда «Шағын орталықта баланың қол моторикасын дамыту жолдары» тақырыбында үлгі сабақ өткізілді. Онда балалардың қызығушылығын арттыру үшін үнемі қолданылатын саусақ жаттығулары көрсетілді. Сабақ шығармашылық жұмыстардың мүсіндеу түріне орайластырылып құрастырылғаннан кейін, «Қане, қане кім келді?», «Тыңдамайтын доп», «Кірпі» секілді саусақ жаттығулары ойнатылды. Мектеп жасына дейінгі балалардың ойынға деген қызығушылығы мен құлқы есейгенше дейін жалғаса береді. Сондықтан, ата-аналар осындай жаттығуларды үйде балаларына ойнатып отырса, баланың ойы ұшқыр, сөздік қоры мол, жазуы көркем болады. Олай болса, қазақтың «Ойнай білмеген, ойлай да білмейді», «Ойында озған, өмірде де озады» деген аталы сөздері бекер айтылмаса керек.

Динара СЕЙІТЖАНОВА,
Игілік орта мектебі жанындағы
«Айгөлек» шағын орталығының тәрбиешісі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар