«Ойнайықшы бір… Ойлайықшы бір…!» Сыр елінде

«Астарлы әзілге толы қойылым күлкіге бөлей отырып, көпшілікті терең ойға батырады». Бұл сөздер Б.Әлімжановтың «Ойнайықшы бір… Ойлайықшы бір…!» комедиясына қатысты айтылған.

Тұңғыш рет талантты ақын, драматург, жазушы, оннан астам пьесалардың, көптеген шағын сахналық шығармалардың авторы Баянғали Әлімжановтың «Ойнайықшы бір… Ойлайықшы бір…!» комедиясын Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда драма театрының жастар труппасының қатысуымен Сыр елінің өнер сүйер қауымы тамашалады. Осыған дейін де көрерменін тауып, ықыласына бөленген Баянғали Әлімжановтың шығармалары жетерлік. «Құдалық», «Қожанасыр», «Қайран, кемпір-шалдар-ай!», «Еркегі бар болғыр», «Қазақы сайлау», «Қаптан шыққан қара қыз» комедиялары бір төбе болса, «Жас қазақ», «Ойран» драмалары өзінше бір төбе. Балаларға арналған «Жолбарыс пен пони», «Алтын ноқта» пьесалары тіптен бөлек әңгімеге тиек болардай. Осы орайда, спектакльде алғашқы басты рөлдерді сомдаған Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын биыл ғана бітіріп келген Санат Жүзбай, Зарина Кенжеәлі және театрдың жас актері Қанат Архабаев екендігін айта кеткеніміз жөн болар. Қазан айынан бастап театрдың көрермендерін сүйсінтіп келе жатқан қойылымның қысқаша мазмұны былай:
– Студенттік өмір! Адамның жастық қуаты тасып, шаршау мен уайымды білмей, ізденумен, үйренумен, танысумен, табысумен өтетін ерекше шағы. Бұл кезде білім кеңістігің де, көңіл көкжиегің де өлшемсіз, махаббат пен ғашықтық отының да ыстығына күйіп, жалынына шарпылып жүретін кез. Оқу ордасында талай дос тауып, әзілің жарасып, құрбы-құрдаспен күліп-ойнап өтетін күндерің де көп болады. Міне, осының бәрі аталмыш комедияның өн бойына жиналған.
Студенттік өмірдің тәтті шағын, оның ішінде жатақхана өмірін айқын көрсеткен актерлер ойыны да қойылымға келген студенттердің көңілдерін көтеріп тастаған тәрізді. Спектакльді жыраулар елінің күллі оқу орындарының ұстаздары мен студенттері тамашалап, арнайы сөз сөйлеп, өз алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да қызықты қойылымдармен көрермендерді қуанта беріңіздер деген ыстық тілектерін театр ұжымына білдіріпті. Бұған біз театрдың әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазылған пікірлердің бір парасын оқу арқылы көз жеткіздік. Ақ пен қара алмасқан өмір сызығында талай өткелдерден өтеміз. Қуаныш пен қайғы, жақсылық пен жамандық. Алдыңнан кездескен сынақтарда сүрініп кеткен дұрыс па? Әлде күресу керек пе? Ойнайықшы бір… Ойлайықшы бір…!

Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *