Ойын – баланың ой-өрісін өсіреді

Тәлім-тәрбие берудің бастауы – мектепке дейінгі тәрбиенің мазмұнын түбегейлі жаңарту елімізді баянды ету бағытында атқарылып жатқан іс. Бүгінгі таңда бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан қоғамның ертеңгі иелерін тәрбиелеп өсіру – отбасының, бала бақшаның, барша халықтың міндеті. Бүгінгі рухани жаңғырту үрдісінде мұны дұрыс шешу – жас ұрпақ санасында рухани мәдениетті қалыптастырумен бірге қаралады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы қоғамның идеялық бірлігінде» деп аталатын еңбегінде «елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуді Заңды, Үкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. әрбір адам бала кезінен: «Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істегені жөн», – деп атап көрсетті. Дүниеге келген әрбір перзенттің өмірі, келешегі тәрбие ісіне байланысты. Бұл тәрбие ойыннан да басталады десек, ойын атадан балаға мирас болып, үнемі қайталанып, әрбір ұрпақпен бірге жасап келеді.
Ол бала өміріндегі тәрбиенің шешуші бір буыны. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы заттар мен құбылыстарды ойын арқылы түсініп, ұғынады. Әрине, тек көру, байқау арқылы емес, тікелей араласып, іс-әрекетке көшіп, нақты қарым-қатынас арқылы біледі. Баланың таным-түсінігі, іс-әрекеті ойыннан бастау алады да, оның ұшығы болашақ өмірінде жалғасын табады. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытып, өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс-әрекет – ойын. Халқымыз ойындарды балаларды алдандыру, көңіл көтеру әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарастарын, мінез-құлқын қалыптастыру құралы деп ерекше бағалаған.
Жас баланың жеке тұрғыдан қалыптасуына ересек адамдар мен өз қатарының ықпалы күшті. Баланың көпшіл болуы оның қатар құрбыларымен ойын ойнауы және ойынды құрай білу негізінде дамиды. Мұндайда қатар құрбыларының қарым-қатынасы аса қажет, өйткені, сол қарым-қатынас арқылы баланың мінез-құлқы қалыптасады, басқалармен қалай қарым-қатынас жасауы және кез келген қолайсыз жағдайдан шығуы тәжірибе жүзінде іске асады. Кейде олардың арасында түсінбеушілік пен ұрыс-керіс те тууы мүмкін. Осындай жаста балалар бір-біріне жаны ашу, көмектесу сияқты ережелердің қажеттігін түсіне бастайды. Осыдан барып бала мәдениетті болуды үйренеді. Ойын кезінде бала ортамен тығыз байланыста болады, ойын баланың дүниетанымын, іс-әрекетін шыңдайды. Ойын балаларды ұйымшылдыққа үйретеді. Балалар ойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала ойында қалай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан соған ұқсас болады». Сондықтан, келешек қайраткер азаматты тәрбиелеу алдымен ойыннан басталады.
Осыған байланысты біздің бала бақшада да ұлттық ойындар, сюжеттік рөлдік ойындар, дидактикалық ойындар, сахналанған ойындар, қимылды ойындар, үстел үсті ойындары кеңінен қолданылуда. Бала бақшамыздың жұмысының мазмұны күн сайын осылайша балалардың мінезін дұрыс бағытқа салып, тәрбиелеуге негізделеді. Егер баланы мінезін дұрыс дамыта отырып тәрбиелемесек, онда қыңыр баланың қиқарлығы арта түседі. Тегінде біздің жұмысымызда көп нәрсе осындай мәселелерді ескере білуге байланысты. Ол үшін тәрбиеші үнемі өз тәжірибесін молайтып, шеберлігі мен біліктілігін арттырып отыруы қажет. Міне, біздің бала бақшада осы талаптар өскелең өмір талабының бірі ретінде қабылданып, күнделікті жұмысымызбен берік ұштастырылып келеді.
Айнұр ҮМІТХАНОВА,
Астана қаласындағы №40 «Құлпынай»
бала бақшасының әдіскері.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *