Қолдан келгенше көмек беруге әзір

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов пен Жанат Жарасов Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосында жаңадан салынған жылу қазандығының жай-күйімен танысты және   «Көкше» мәдениет үйінде азаматтарды қабылдады.

«Көкшетау Жылу» кәсіпорнының бас директоры, «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сергей Жуковтың айтуынша,  қазандық өткен 2016 жылы іске қосылған. Оған 912 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Қазандықта бүгінде жиырмаға тарта адам жұмыс істейді. Еңбекақылары 65 мың теңге шамасында. Қазандыққа 92 нысан қосылған, оның 10-ға жуығы әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық нысандар болса, 60-ы тұрғын үй. Аталған қазандықтың құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған.  Әңгіме барысында  красноярлықтардың бір орталықтан осы қазандыққа қосылғылары келетіндігі, ол үшін тағы да екі-үш жылу қазандарын орнатып, көшелерге жылу-инженерлік жүйелерін жүргізу қажет болатындығы айтылды.
Бұдан соң Парламент Мәжілісінің депутаттары «Көкше» мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Олардың ішінде Бабаназар Мұқышев Краснояр селосының көшелерінде жылу-инженерлік жүйелерін, канализациялық магистральдарды орнату туралы мәселе көтерді. Сонымен қатар, қабылдауға келген Александр Ежов орталықтағы 90-шы жылдардан бері қаңырап тұрған екі қабатты бұрынғы ауыл шаруашылығы басқармасы ғимаратын қайта қалпына келтіру жөнінде айтты. Осы мәселе бойынша қалалық әкімдікке тапсырма беріліп, олар өздері де қолдан келгенше көмек қолын созатындығын жеткізді.
Желтоқсан айының соңында Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының жедел уәкілі Дархан Еламанов әріптесі – облыстық ішкі істер департаментінің криминалды полиция басқармасының қызметкері Жәнібек Баймурзиннің қолынан  қаза тапқан болатын. Қазір  бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Осы орайда, қайтыс болған Дарханның әкесі Мұрат Еламанов халық қалаулыларының қабылдауына келіп, тиісті органдар әділ шешім қабылдап, қылмыскердің тиісті жазасын алуын бақылауда ұстауларын өтінді.  
– Балам Дархан жұмыстан шығып келе жатқанда, әріптесі Жәнібек күтіп тұрып, оны басқа жерге алып кетіп, ұрып-соғып, соңында атып өлтірді. Қазір қылмыскер қамауда отыр. Тергеу жүргізіліп жатыр. Сіздердің алдарыңызға келген себебім, Жәнібек Баймурзиннің туысқандары мемлекеттік органдарда ықпалды адамдар көрінеді. Сондықтан, олар істі бұрмалап жіберуіне ықпал етуі әбден мүмкін. Менің бар тілегім, баламды өлтірген қылмыскер тиісті жазасын алсын, –деді ішқұса болып отырған әке. Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Ербол Жүсіпов қылмыскердің айғақтарға қатысты қылмысын мойындағандығын, іс құпия жүргізіліп  жатқандығын айта келіп, оның туысқандарының органдарда жұмыс істейтіндігін жасырмады.  Депутаттар Мұрат Еламановтың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Және бұл істі назарда ұстап, Ішкі істер министрлігімен байланыста болатындықтарын, әрі  бақылауда ұстайтындықтарын жеткізді.
  Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар