Қолдау болса, бәрі болады

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен өткен Ақмола облыстық әкімдігі жанындағы жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі кеңес отырысында жан-жақты талқыға салынды. Қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан жас мамандарды іс-тәжірибеден өткізу бағдарламасы оң нәтиже бергенімен, жұмыссыздық мәселесінің толық шешілмей тұрғандығы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллинаның мәжілісте жасаған баяндамасынан анық аңғарылып тұрды. Аталған бағдарламаға қатысу үшін алған мамандығыңыз жұмыс берушінің сұранысына жауап беруі тиіс. Ал, биылғы жылы аталған басқармаға түрлі жұмыс беруші мекемелерден 501 өтініш қана келіп түскен екен. Баяндамашы өз сөзінде бұл мөлшерді жыл аяғына қарай еселей көтереміз деп сендірді. Алайда, биылғы жылы облысымыз бойынша жеті мыңға жуық жастың қолына диплом алатынын ескерсек, мың өтініш аздық ететінін түсіну қиын емес. Сол себепті, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына осы бағыттағы жұмысты жандандыра түсуді тапсырды. Ол үшін жұмыс беруші мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасау қажет.
Онан әрі Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева жас ұрпақ арасындағы этносаралық келісім жайлы баяндама жасаса, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Шахмардан Байманов Қазақстан Республикасы жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті  көшпелі  отырысы үстіміздегі жылдың жаз айында біздің өңірде өткізілетінін хабарлады. Екі баяндамашыны да тыңдай келе облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов кез-келген іс-шараның жастарға пайдасы тиюін, одан бір сараптамалық қорытынды жасауды тапсырды. Сондай-ақ, жиында жас буын өкілдері арасындағы көші-қон процесі, жоғары оқу орны түлектерінің өз елімізде еңбек етуіне жағдай жасау керектігі де айтылды.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар