Олимпиада күнделігі

Алғашқы қола!

Пхенчханда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы медалі құрама қоржынына түсті. Қазақстандық фристайлшы Юлия Галышева 77.40 ұпаймен ұлттық құрамамыздың қоржынына алғашқы қола медальді салды. Юлия Галышева финалдық кезеңнің бірінші бөлігінде өз тобында сәтті өнер көрсетіп, финалдық екінші кезеңге өткен болатын. Еліміздің жанкүйерлері үлкен үміт күткен Юлия іріктеу кезеңінде 76.36 ұпай жинап финалға жолдама алған еді. Ол алғашқы финалдық кезеңде 75.10 ұпай жинап, 7-ші орынға табан тіреді. Шешуші кезеңде отандасымыз француздық Перрен Лафонт пен канадалық Жюстин Дюфуа-Лапуантты алға жіберіп алды.

Әйелдер арасындағы фристайлдан сынға түскен Юлия Галышева финалда 77.40 ұпаймен құрама қоржынына қола медаль салса, спорттың осы түрінен бақ сынаған тағы бір қазақстандық спортшы Аяулым Әмренова финалға өте алмады. Екінші мүмкіндікте
Аяулым небәрі 38.68 ұпай жинады. Сонымен қатар, ерлер арасындағы шаңғы жарысынан (Скиатлон. 15+15 шақырым) екі қазақстандық спортшы Евгений Величко мен Виталий Пухкало сайысқа түскен болатын. Алайда, екеуі де үмітті ақтай алмады. В.Пухкало мәре сызығына 1:19:46,7 уақытта жетіп, 34-орыннан көрінсе, екінші шаңғышымыз Евгений Величко жеңімпаздан 4 минут 43 секундқа кеш келіп, 43 орынға жайғасты. Ал, қазақстандық Игорь Закурдаев қатысуы керек болған тау шаңғысы сайысы қатты жел тұруына байланысты кейінге шегерілді. Осылайша ерлер арасындағы тау шаңғысы жарысынан жылдамдықпен сырғанау сайысы
15 ақпанға, ал, супер-гигант 16 ақпанға алмастырылды. Айта кетейік, сайыстарды «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетуде. ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарына қатысты барлық ақпаратты olympics.kaztrk.kz сайтынан оқи аласыздар.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *