Оразақ ауылындағы той тағылымы

Өңірімізде жеке шаруа қожалығын ұйымдастырған алғашқылардың бірі – оразақтық Ысқақовтар әулеті. Сол кезде олардың  иелігінде 3 мың  гектар егіс алқабы, 63 гектар шабындық, мың гектардан астам жайылым жер болды. Міне, содан бері ширек ғасыр уақыт өтті. Тәуелсіздіктің  25 жылдығымен тұспа-тұс келген осы әулеттің мерейтойы Оразақ ауылында кеңінен аталып өтті. Ұлан-асыр тойда бәйгеден, футболдан, арқан тартудан, қол күресінен қызықты жарыстар өткізілді. Ауыл өнерпаздарының қатысуымен үлкен концерт ұйымдастырылды.

 

Жұртшылық алдында сөз сөйлеген ауыл әкімі Нұрлан Қасымбеков қонақтар мен тұрғындарды төл мерекелерімен құттықтап, «Ысқақовтар» шаруа қожалығының басшысы Жанатбек пен оның бала-шағаларына ақ тілекке толы сөзін жеткізді. Мәдени шара кезінде осы әулеттің демеушілігімен ұтылыссыз лотерея ойнатылып, ауылдың үлкен-кішісі сый-жоралғыларға қарық болды. Бір мезгілде өткен спорттық жарыстардың нәтижесі де көпшіліктің көңілін көтеріп тастады.  Тайларын жаратқан балалар бәйгенің жолына шықты. Футбол жарысы да той көрігін қыздыра түсті. Күннің ызғарына қарамастан, ауыл тұрғындары көңілді спорттық жарыстарға белсене қатысты. Барлық өнер мен спорт сайыстарына Ысқақовтар әулетінің балалары бас-көз бола білді. Осы орайда, ел ағасы Жанатбек Ғалымжанұлының Рашит, Марат, Дархан, Азамат, Нұрсұлтан мен Гүлзира есімді балалары шаруа қожалығының тірегі екенін айтудың артықтығы болмас. Олар көктемгі егісте де, күзгі орақ науқанында да бар жұмысты бірігіп атқарады. Алдағы уақытқа құрып отырған жоспарлары да аз емес.
Әулет тойы мен ұлы бабаларының құрметіне сол күні шаруашылық иесі арнайы ас берді. Ауылдағы мешіт шын мәнінде ұядай екен. Іші жылы, әрі көп адамның басын қосуға ыңғайлы. Жылма жыл мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіледі.  Имандылық жолындағы атқарылып жатқан игі шаралар да жұрт қызығатындай. Мешіттің ішкі қабырғаларына пайғамбарымыздың хадистерінен тәрбиелік мәні зор көптеген сүре сөздері жазылған. Тазалық пен харамдық, жақсылық пен жамандық туралы пікірлер көзі түскен кісінің көңіліне жағатындай өте мазмұнды. Құдайы аста бата беріліп, ел азаматтарының иықтарына ата салтымен шапан жабылды.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суреттерде: шаруа қожалығының жетекшісі Жанатбек Ысқақов, тойдағы футбол ойынынан  көрініс.
Суретті түсірген автор.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар