Орманды ойсыратпайық

Қазақстан  ұлан-байтақ болғанымен, орманды алқабы жерінің аз ғана бөлшегін алып жатқаны белгілі.

Орман, ағаш тек қана табиғаттың сұлулығы үшін ғана қажет емес, оның қоршаған ортаға, адаммен бүкіл жан-жануарлардың денсаулығына, ағзасына тигізер пайдасы шексіз. Алайда, азаматтар орманның таза ауасымен тыныстап, сұлулығын тамашалап қана қоймай, табиғатқа өз зиянын тигізуде. Жыл басынан бері облыс бо-йынша жалпы көлемі 74,3 текше метрді құрайтын заңсыз ағаш кесудің 16 оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан келтірілген зиянның көлемі 847,9 мың теңгені құрады. Бір іс сотқа жіберілсе, 15 іс құқық қорғау органдарына жөнелтілді. Нәтижесінде алты қылмыстық іс қозғалды.
Облыс орталығының айналасында жайқалып тұрған ормандар Бұқпа орман шаруашылығының қарауына жатады. Мұнда көптеген шаралар жүзеге асып жатқанымен, санитарлық тазалық көңіл көншітпей отыр. Олай дейтініміз,  орман ішін араласаңыз шашылып жатқан қоқыстарды, бос шишалар, темекі қалдықтарын көресіз. Жаз айларында орманшылар мен студенттер бірігіп, қала айналасындағы алқаптарды жаппай тазартады. Бірақ, өкінішке орай тазартылған аймақтар әп-сәтте қоқысқа толып кетеді. Табиғатты пайдаланушылар орман ішінде жүргенде айтылған ережелерді, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар заңдары мен нұсқаулар талаптарын орындай бермейді. Әрі табиғат аясында демалуға келетін азаматтарға арналып газет беттері мен телеарналарда  үгіт-насихат жұмыстары қолға алынып жатса да,  ақпаратқа құлақ асып жатқандардың қатары сирек. Тіпті, әкімшілік айыппұл салу және басқа да қатаң шаралар арқылы адамдардың сана-сезімін ояту қиынға соғып отыр. Сол себепті, табиғатқа деген сүйіспеншілікті бала бақшадан бастап қалыптастыру қажет. Сондай-ақ, мекемелер мен оқу орындарында табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде өткізу негізгі міндеттеріміздің бірі деп санаймыз.
Жасыл желекті байлығымыз орманды сақтау,  тек құзырлы органдардың жұмысымен шешілмесі анық. Оған барша халық болып жұмылсақ, жақсы нәтижеге қол жеткізетініміз сөзсіз. Сұлу Көкше өңірі өзінің қайталанбас табиғатымен танымал. Ендеше осынау асыл қазынаны көздің қарашығындай қорғау әр азаматтың парызы.
Назымбек ҚАБЫЛОВ,
облыстық орман шаруашылығы  және  жануарлар дүниесі  аумақтық инспекциясының мемлекеттік
инспекторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар