Отқа орауды жиілеткен

2016 жылы АҚШ әуе күштері әлемнің жеті еліне 26 мыңнан астам бомба тастаған.

Бұл туралы Сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі америкалық сарапшы Мика Зенко мәлімдеді.  АҚШ ұшақтары Сирия мен Иракта 12 мыңнан астам бомба қолданыпты. Мұнан басқа әскерилер  Ауғанстан, Ливия, Йемен, Сомали және Пәкістанда түрлі орындарды нысанаға алған.

Шекарасы тыныш емес

Тәжікстан шекарашылары  Ауғанстанмен шекарада екі есірткі контрабандашысын атып өлтіргендерін растады.

Шекарашылардың хабарлауынша, оқиға орнынан 2,5 келі гашиш және 31 келі көкнәр алынған. Жалпы, 2016 жылы тәжік-ауған шекарасында ауған контрабандашыларымен 26 қарулы қақтығыс тіркелген. Соның нәтижесінде 16 контрабандашы өлтіріліп, алтауы жараланған, 18-і ұсталған. Бір тонна есірткі, он шақты қару-жарақ тәркіленген.

Қытайдағы қарт саятшы

70 жастағы қытай қазағы Қайым Шыңжаң-ұйғыр автономиялы өлкесіндегі қар мен мұз фестивалінде саятшылық өнерді 10 мың көрерменнің алдында паш етті.

Қайым ағасының көмегімен құс баптауды қырық жасында меңгерген екен. Соңғы бірнеше жылда оның жеті қыран құсы болған көрінеді. Бүгінде Шіңгіл ауданында 40 аңшы және осынша қыран бар.  Қытайдағы бүркітшілердің орташа жасы 50-ден асқан. Қайым қарт осы елде саятшылық өнерді сақтап қалған соңғылардың бірі болуы мүмкін екеніне алаңдаулы.

“Абай жолы” қуантады

Бұдан былай Астана-Өскемен бағытына қатынайтын «Астана-Защита» пойызы «Абай жолы» деп аталатын болды.

Бұл мәселені Семейдегі Абай музейі көтеріп, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» акционерлік қоғамына бір топ зиялылар атынан арнайы хат жолдаған еді. Жуырда хатта айтылған «Тұлпар-Тальго» жолаушылар пойызының қаңтар айының соңында тиісті жеріне «Абай жолы» атауымен қатынай бастайтыны мәлім болды.

Алтынның бірі – Динада

Қазақ қыздары Сербияда өткен халықаралық турнирде 6 алтын медаль жеңіп алды.

Осы елде өткен бокстан дәстүрлі Ұлт кубогында Қазақстанның қыздар командасы жалпы есепте бірінші орынды иеленді. Халықаралық турнирде әлем чемпионы, жерлесіміз Дина Жоламан (54 келі), Валентина Хальзова (69), Ләззат Күнгейбаева (+81), Римма Волосенко (60), Дариға Шәкімова (75) және Фариза Шолтай (81) жеңімпаз атанып, қазақ қыздары барлығы 6 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль еншіледі.

Тіркелу басталып кетті

7 қаңтардан бері 157 мыңнан астам қазақстандық тұрғылықты жеріне тіркелді.

«Осы жылдың 7-13 қаңтары аралығында 157 778 азамат, оның ішінде 79 412-сі тұрақты және 78 366-сы уақытша тұрғылықты жеріне тіркеуге тұрды. Тек 13 қаңтарда ғана 30 069 адам, оның ішінде 14 523-і тұрақты және
15 546-сы уақытша тұрғылықты жеріне тіркеуге алынды» делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
Заңға сәйкес азаматтар енді тұрғылықты жерінде тіркеуге тұруға міндетті.

Inform.kz. Bag.kz.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар