OTAU абоненттерінің саны 900 мыңнан асты

Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында  «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі абоненттерінің саны 914 мыңнан асты. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының  телерадиохабарлар тарату саласындағы ұлттық операторы  – «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының  өкілдері хабарлады.

Яғни, 3,6 миллион қазақстандық отандық және шетелдік телеарналарды сандық сапада тамашалауда деген сөз. Оның 60 496-сы Ақмола облысының үлесінде. Демек, аталған   қызметті аймағымыздағы 608 елді мекенде тұратын  ақмолалықтар  пайдаланады деген сөз. Жерсеріктік телехабар тарату жобасын ендірген алғашқы жылдары «OTAU TV»  әсіресе, ауыл тұрғындарының арасында сұранысқа ие болды. Олардың үлесі 2011-2012 жылдары 90 пайыздан асқан болатын. Өйткені, қалаларда кабельдік және эфирлік баламалы телехабар тарату желілері жақсы дамыған-ды. Ал, ауыл тұрғындары ол кезде ары кетсе төрт телеарнаны ғана тамашалай алатын. Осыған байланысты жобаның мақсаты – қала мен ауыл тұрғындарының арасында ақпараттық теңсіздікті азайту болып белгіленді. Уақыт өте келе, ол  қала тұрғындарының арасында да танымалдыққа ие бола бастады. Мәселен, 2011 жылмен салыстырғанда, қалалық абоненттер үлесі он пайыздан қырық пайызға дейін өскен. Ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісінің өзге операторлармен салыстырғандағы басты артықшылықтары – телебағдарламалардың тегін топтамасы мен желіге республикамыздың кез-келген нүктесінен қосылу мүмкіндігі еді.     
Қазақстанда жерсеріктік телехабар тарату желісі 2002 жылы «Кателко+» сауда белгісімен қосылған болатын. Ал, 2011 жылдың қаңтар айында еліміз DVB-S2, MPEG-4 сандық стандартына көшіп, «OTAU TV» деген сауда белгісімен жоба  іске қосылды. Жаңа стандартқа көшкен кезде абоненттер саны 6300-ді құраған, содан бері бұл көрсеткіш қарқынды түрде өсіп, бір миллионға жақындап қалды. Жоба халыққа отандық телерадиоарналарды сандық сапа мен бейнеде тамашалауға мүмкіндік берді.  Айта кетерлік жайт, желі іске қосылғалы бері «Базалық» тегін топтамасының құрамындағы арналар саны 38 теле және жеті радио арнадан 40 теле және 14 радио арнаға дейін артты.
Осындай қысқа мерзім ішінде «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы бірқатар міндеттерді атқарып тастады. 2012 жылдың шілдесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі іске қосылды. Бүгінгі таңда республика халқының 72 пайызының сандық эфирлік желіге қосылуға мүмкіндігі бар, ал бұл –12 миллион Қазақстан азаматы деген сөз. Былтырғы жылдың  шілде айында Индус-трияландыру  күні аясында Елбасының қатысуымен «Қазтелерадио» АҚ «GALAM TV Ұлттық интернет-телевизиясы» және «Телегазет» атты екі инновациялық жобаны таныстырды.
Ұлттық жерсеріктік телехабар таралым тұтынушыларына ыңғайлы болу үшін, сондай-ақ, бәсекелестік орта тудыру мақсатында қабылдағыш қондырғыны сатып, монтаждау және қызмет көрсету жұмыстарын шағын және орта бизнес өкілдерінен тұратын дилерлік ұйымдар атқаруда. Олардың саны қазір 400-ден асты. Сонымен қатар, халықпен және дилерлермен тиімді жұмыс істеу үшін Ақпараттық қолдау көрсету қызметі (Call-centre) іске қосылды. Ол 193 телефоны  арқылы үзіліс пен демалыссыз  жұмыс істейді. Бұдан басқа,  барлық облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларында Сату орталықтарының жұмысы жолға қойылған.
«Қазтелерадио» акционерлік қоғамы өз абоненттерін түрлі акция, ұтыс ойындарымен үнемі қуантып тұрады. Нәтижесінде тұрғындар «OTAU TV»-дан түрлі құнды сыйлықтар мен естелік кәделер алады. Мәселен, ағымдағы жылдың көктемінде «Наурыз тойла!» акциясы ұйымдастырылып, астаналық абонент Мәриям Юсупова күтпеген жерден екі адамға Гоа аралына жолдама ұтып алды. Елорданың тағы бір тұрғыны Перуза Әбдумәжитова мен Жамбыл облысы Бектөбе ауылының тұрғыны Әбдіразақ Жолшыбеков заманауи теледидарды қанжығаларына байлады. Тағы  55 абонентке естелік сыйлықтар мен кәделер жөнелтілді.
Алдыңғы акцияны қорытындылап бола салысымен, «Қазтелерадио» келесі шараны бастады. Яғни,  ағымдағы жылдың бірінші шілдесі мен отызыншы қыркүйегі аралығында төлем карталары арқылы «OTAU TV»-ге қосылған абоненттер көрсетілімнің қосымша айларын тегін алады. Мысалы, «Элит» топтамасына 6 айға қосылған абонент қосымша бір ай бонустық көрсетілім иеленсе, 12 айлық қосылу картасын сатып алған тұрғын «Элит» топтамасын қосымша үш ай тегін тамашалайтын болады.
Жалпы, «OTAU TV» желісіне қатысты сұрақтарыңыз болса, «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының Есенберлин көшесі, 38/1 мекен-жайында орналасқан Ақмола облысындағы Сату орталығына жолдап, толық ақпаратты 8 (7162) 40 15 51 нөмірлері арқылы біле аласыздар.

 

Перизат БӨЛЕКОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар