ОТЫЗ ЖЫЛ СЕРІК БОЛҒАН СОҒЫС ОҒЫ

Ұлы Жеңіс күні – біздің әулет үшін де айрықша мереке, өйткені, ол аяулы атамыздың есімімен тығыз байланысты. Бұдан 19 жыл бұрын өмірден өткен атамыз Төлеген Қабдыұлы – майданда қан төккен жауынгерлердің бірі, Сталинградты қорғау-шы, II дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері.

Ол қазіргі Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Абылайхан ауылында туып-өскен. Соғыс басталған 1941 жылы майданға аттанып, Қиыр Шығыста  жапонның Квантун армиясына қарсы қойылған күштердің қатарында болған. Бұл армия  кеңес-герман соғысындағы жағдайға байланысты КСРО-ға шабуыл жасамақ ниетпен қолайлы сәтті күтіп жатқан еді. Ал, 1942 жылы Кеңес елінің әскери күштері Сталинград маңына топтастырылғанда, атам сол майданға жіберіліп, неміс фашистерімен жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады. Сондай ұрыстардың бірінде ауыр жараланады.
Бала кезімізде атамыз майдандағы жорық жолдары, өзі қатысқан соңғы шайқасы туралы жиі әңгімелеп беретін. «Сталинград шайқасы адамзат тарихындағы қанды қырғындардың бірі болды ғой, – деп еске алатын ол, сол бір зұлмат күндерді көз алдынан қайта өткеріп. – Армия генералы Афанасов пен штаб басшысы Барановтың, аттарын ұмыттым, қол астындағы дивизиялардың бірінде пулеметші болатынмын. 1942 жылдың жазы – немістердің шабуыл үстіне шабуылдап, үлкен табыстарға жетіп тұрған кезі еді. Олар Сталинград қаласының түбіне тақап қалған. Сталинград шайқасының Екінші дүниежүзілік соғыста шешуші рөл атқаратынын, одан айырылу жеңісті уысынан шығару екенін түсінген неміс фашистері бар әскери күш-қуатын сол жерге аямай төксе де, кеңес әскерлерінің қатты қарсылығына тап болды.  1942 жылғы 20 тамызда біздің бөлімнің жауынгерлері кезекті шабуылға шықты. Дүрсілдеген зеңбірек пен жарылған мина үнінен құлақ тұнады. Адам баласының қанды арпалысын көтере алмай, жер жарықтық та белі қайысып, ыңыранып жатқандай еді. Жан-жағымыздан зу-зу еткен оқ пен  жердің қыртысын  қопара төңкерген снаряд, мина жарылыстарына қарамай, өршелене алға ұмтылып келеміз. Мақсатымыз – немістердің бекінген жеріне таяп келіп, жақын арадан соққы беру. Қолымда сүйреген пулеметім бар. Елден майданға бірге аттанған Қазыкеш деген жігітпен екеуіміз қатар жүгіріп келе жатқанбыз. Бір кезде арқам шым еткендей болды да, денем ауырлап сала берді. Менің құлап түскенімді көрген Қазыкеш: «Қош, бауырым!» – деп, пулеметімді тез өз қолына іліп алды да, ілгері қарай жүгіре жөнелді. Бір-біріңе қарайлауға мұрша жоқ шақ. Мен жығылған күйі қала бердім. Одан арғысы есімде жоқ.
Бір кезде көзімді ашсам, медсанбатта жатыр екенмін. Жарақатым ауыр боп шықты, жауырыннан қадалған мина жарықшағы сүйекті опырып,  ішке өтіпті. Одан кейін дала госпиталіне түстім. Мұнда біраз емдеген соң, тылдағы госпитальге жөнелтпекші болды. Ішкі жаққа бас сауғаламақ болған сол өңірдің халқы бар, жараланған жауынгерлер бар, ұзын-қарасы 200-дей адам Волга өзенінің арғы жағасына жеткізетін кемеге міндік. Кемеге аяқ іліктіргеніміз сол екен, қайдан тап болғаны белгісіз, жау самолеттері үстімізден бомба жаудырып, өзен жағасының ойран-топырын шығарды. Кемені тастап жосылған қара құрым жұрт бас ауған жаққа қашуға мәжбүр болды. Біз, госпитальде бірге жатқан екі-үш солдат, қараңғылық түсе сол маңдағы  деревняның біріне жетіп, сонда тұратын орыс кемпірінің  үйіне кеп паналадық. Байғұс құдайға қараған жан екен, аузымызға барын тосты. Сол үйге бір түнегеннен кейін, өзіміздің адамдарды іздеуге шықтық. Сөйтіп жүріп, әйтеуір, басқа бір бөлімнің жаралы жауынгерлерімен бірге тылға жіберіліп, Магнитогорскідегі госпитальге келіп түстім.
Мұнда біраз ем-дом алған соң, денсаулығыма байланысты демалыс беріп, алты айға елге қайтарды. Елге келсем, әкем мен ағайын-туыстарым мені өлдіге санап, қайғыдан қан жұтып отыр екен. Сөйтсем, Қазыкеш жолдасым: «Төлеген өлген болуы керек, ұрыста оқ тиіп құлағанын өз көзіммен көрдім», – деп  хат жазған көрінеді. Аяқ-қолым бүтін, аман-сау оралған мені көргенде, олар өз көздеріне өздері сенбеді. Мен тіріліп, өмірге қайта келгендей, қуаныштарында шек жоқ. Алты айдан кейін облыстық әскери комиссариатқа барып, медициналық тексерістен өттім. Мина жарықшағының салдарынан оң қолым көтертпей қалған. Сол себепті, медициналық комиссия мені әскерге жарамсыз деп тауып, елде біржола қалдырды».
 Атам жарақатының беті бері қараған соң тылда білегін сыбана еңбек етуге кіріседі. Көп жылдар колхозда бригадир болды, жылқы бақты. Бейбіт еңбекте де  абырой-құрметке бөленіп, Бурабай-Шортан өңіріне, қала берді облыс көлеміне  атағы тараған жылқышы болды, сол кездегі жоғары наградалардың бірі – «Ленин» орденімен марапатталды. Ел-жұртына сыйлы, қадірлі азамат атанды. Жалғыз тұяғы – ұлы Елубайдан немере, шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешті. 91 жасқа келіп, 1996 жылы дүниеден өтті.
Әрине,  майдан даласында  алған жарақаты біржола жазылып кете қоймаған еді. Бұлтты күндері ара-тұра сыздап, тіпті қолтық тұсынан іріңді қаншымақ білініп жүретін. Сөйтіп, денесіндегі бас бармақтың көлеміндей ауыр жарықшақ түспей, 30 жылға жуық жанын қинады. Жауырын тұсы ойық болып, шұңқырайып тұратын. Ол кезде баламыз ғой, нені түсінеміз, «атамның арқасы тесік» деп күлуші едік. Ауру әбден мазасын алған соң, 1972 жылы облыстық ауруханаға жатып, ота жасатты. Алайда, дәрігерлер ота жасаған кезде денесіндегі қорғасынды тап басып таба алмай, жараны қайта жауып қойған көрінеді.
Әжеміз күнде отаның орнына дәрі жағып, таңып беріп жүрді. Сол жылдары біз атамнан айырылып қаламыз ба деп қатты уайымдаған едік. Соған қарамастан, ол еңбектен қол үзбеді, қыста қар жастанып, мұз төсеніп жүріп жылқы бақты, жазда бие сауып, «Бура-бай» курортына қымыз жөнелтіп отырды. Алланың құдіретінде шек жоқ қой, бір күні ұйқыға жатар алдында бір нәрсе тырс етіп төсегіне түседі. Қараса, бармақтың басындай қара жарықшақ шойын  екен… Бармақтай  болғанымен, салмағы әжептәуір ауыр-ақ. Ота жасаған жерден бірер айдан кейін өзі түскен. Сол-ақ екен жараның аузы өз-өзінен бітеліп, атам құлан-таза айығып кетті.
Денесіндегі оқтан құтылған соң ширек ғасыр өмір сүріп, ауру-сырқаудың не екенін білмей, 91 жасында дүние салды. Сол кездегі адамдардың шын мәнінде сүйегі асыл екен-ау. Қазір қара тырнағымызға шөгір кірсе, денемізге бір сызат түссе, ісіп, іріңдеп, жазылуы күш болып жатады. Ал уыты күшті оққа  30 жыл шыдас берген не деген қайратты, берік ағза десеңізші?!  Мұның сыры атамның өмір бойы аттан түспей, таза ауамен тыныс-тап, қымыз ішіп, жылқы етін жегенінде болар деп ойлаймын.
Атам өмірге құштар, еті тірі, еңбек десе жанып тұратын жан еді. Ешқашан ашуланып, дауыс көтергенін, қынжылып, кейігенін көрген емеспіз. Тағы бір ерекше мінезі – кез келген адаммен тез тіл табысып, орыс, неміс, кәріс демей, бәрімен  бірдей араласа беретін, оларды «тамыр» етіп алатын.  Орысшаға аса жетік болмаса да, солармен қалайша түсінісетініне  таң-тамаша қалатынбыз.  Сол кездегі облыс, аудан басшыларымен жақсы қарым-қатынаста болды, олар, атам өтініш айта барса, аяқсыз қалдырмауға, шаруасын тындырып беруге  тырысатын. Әйтеуір, кімге де болса сөзі де, өзі де  өтімді еді. «Бұл аудандық атқару комитетінің төрағасы,  атаңыз менің кабинетімде отыр, сізбен сөйлескісі келеді» деп, райисполкомның өзі маған Алматыға телефон шалатыны да есімде. Ол кезде қазіргідей тамыр-таныстық, пара беру атымен жоқ, адамдардың бір-біріне деген пейілі, ықыласы, сыйластығы тек адамгершілікке ғана негізделетін.  
Атам немерелерінің үлкені болғандықтан, мені ерекше жақсы көріп, қатты еркелетті. Бір жарым жаста өздерінің бауырына салып алғандықтан, «шалдың қызы» болып, басқаны мойындамай, еркін өстім. Мен дегенде шығарда жаны бөлек еді. Дүниеден қайтарда бір жеті ғана төсек тартып жатты. Мен ол кезде ауылда демалыста жүргенмін, ауруханаға апарып емдеттім. Сонда, менің көзімді ала беріп, сіңліме: «Балжанның Алматыға қайтуына аз-ақ күн қалды ғой. Осы бір-екі күнде ал деп Алладан күндіз-түні тілеп жатырмын, ол кетіп қалғаннан кейін дүние салсам, сонау ит арқасы қияннан қайтып келіп, әуреге түседі. Жалпы, құлыныма ризамын, бірнеше азаматқа татитын басы бар екеніне көзім жетті», – депті. Құдайдан шын тілеген екен, мен жол жүрерден екі күн бұрын қайтыс болды. Апыр-ау, перзентінің тыныштығын өзінің өмірінен, бір күнгі жарық сәуледен  де жоғары қойған бұл не деген көзсіз, түпсіз терең ұлы сезім?! Мен бұған әлі күнге дейін қайран қаламын.
Әжеміз Қапиза бірде демалыста  елге барғанымда, «Атаңның оғын жоғалтып алдым, қол сандығымда жатыр еді, қайда кеткенін білмеймін», – деп қынжылыс білдірді. Аса бір қасиетті дүниеден көз жазып қалғандай, менің де көңілім жадау тартты. Көп ұзамай әжеміз көз жұмды. Оны арулап ақтық сапарына аттандырғаннан кейін, киім-кешегін, ұстаған заттарын туған-туысқа «тәбәрік» ретінде таратпақ боп, үлкен сандығын ашқанда, түбінен шүберекке түюлі атамның оғы шыға келді. Сондағы қуанғанымыз-ай. Қазір ол атамның көзі ретінде менде сақтаулы, менен шөбере, шөпшектеріне, одан арғы ұрпақтарының қолына өтері анық.
Атам маңдайына басқан жалғыз баласынан өрбіген бізді – немерелерін –  ержеткізіп, аяқтандыруға мол еңбек сіңірді. Ол кісінің арқасында біз бала кезімізде таршылық, қиыншылық көрмей,  ертегідегідей өмір сүрдік. Дәулет, материалдық молшылық дегенің, әрине, өз алдына, біз, ең бастысы, атамыздың мұхиттай тұңғиық, шексіз, көл-көсір махаббатына, жан шуағына бөленіп өстік. Өмірден өткеніне біраз жылдың жүзі болса да, атамыздың  бізге деген махаббаты жүрегімізді әлі күнге дейін жылытып, жанымызға нұр құйып келеді. Өмірдің сан қилы бұлтарыс-бұрылысты кезеңдерінде біз оның артына қалдырып кеткен жақсылықтары мен ізгі істерінен бойымызға қуат алып, рухтанып, еңсемізді тіктейміз.
Атам қайтқанда топырақ салуға келген Щучье құс фабрикасының бұрынғы директоры Н.П. Цойдың бейіт басындағы қоштасу кезінде: «Мұндай адам енді бұл өңірде болмайды» деген  сөзі есімнен кетпейді. Бұл сөз көп жайтты аңғартатын. Ұзақ жылдар бойы бір шаруашылықта еңбек етіп, араласып-құраласқан үзеңгілес жолдасының әрі ірі шаруашылық басшысының осы бір ауыз лебізін атамның өміріне, азаматтық болмысына, кісілік қасиеттеріне берген үлкен бағасы, оған деген құрметі деп түсінген едім.
 Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қан майданда да, бейбіт еңбекте де өзінің адами міндетін адал атқара білген, артына өнегелі із қалдырған, ұрпағы үшін үлкен тұлға болған Төлеген Қабдыұлын еске ала отырып,  қазақтың осындай рухты ұлдарының аруағы алдында басымызды игіміз келеді.  
Бүгінде Төлеген атамның кіндігінен өрбіген немере, шөберелері ержетіп, сан түрлі мамандықты игеріп,   Алматы, Астана,  Көкшетау, Талдықорған қалаларында еңбек етіп жүр. Құрығын ұстаған кенже немересі – Қайыргелді майдангер атадан қалған қара шаңыраққа ие болып, түтінін түтетіп отыр. Атамыз жаққан от өшпесін деген ниетпен, жан-жақтан жиылған немерелері оны қайтадан көтеріп, зәулім үй тұрғызды. Бәріміз Бурабай түбіндегі Қымызнай ауылына – ата қонысқа жылда барып, аунап-қунап, күш-қуат жинап қайтамыз. Аташым, жер бетіндегі сонау бір нүктеде қалқиып  қара шаңырағың тұрғанда, рухыңның  өшпесі, атыңның ұмытылмасы хақ. Біз осыны көңілімізге медет етіп, елімізге Жеңіс күнін тақалтысқан қатардағы қазақ сарбазын, сүйікті атамызды әрқашан сағынышпен еске алып жүреміз.

Балжан ХАБДИНА.
Алматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар