Отызында орда бұзбаған қырқында қамал алмайды

Жуырда Астана қаласындағы  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Жастар саясатын қалыптастыру және жүзеге асырудың ерекшеліктері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

  Қай заманда да, қай елде болсын сөз бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар халықтың құрметіне бөленген. Біздің қазақ халқының да  әрі-бергі тарихында  талай ғұламалар, ел шетіне жау тигенде ерлігімен ерекшеленген батырлар өткен. Ақын да, сал-сері де, аузы дуалы шешен де, қара қылды қақ жаратын дана би де қазақ сахарасында аз болмаған. Солардай ақылшы ақсақалдардан  үлгі алып, мейірімді әжелердің тәрбиесін көрген саналы жастар да үлкендердің жолын қуып, сан ғасырлық тарихында мың өліп, мың тірілген халқымыздың еркіндік жолындағы күресінде «ата көрген оқ жонатындығын» көрсете білген. Сондай-ақ, бозбала кезінен үлкен дауларды шешуге араласып, бір ауыз сөзбен ердің құнын түйіндейтін «Бала билер» де халықтың жадында. Шүкір, бүгінгі тәуелсіз қазақ елінде де еліміздің  жарқын болашағына өз үлесін қосып жүрген жастар аз емес. Рас, атауы «халықаралық» болғанымен, конференция жұмысына Қазақстаннан басқа тек Ресейден ғана қатысушылар келген  екен. Мұндай ауқымды конференция тәжірибе алмасудың, пікірталастың ортасы болып, солардың нәтижесінде құнды ойлар туындайтын алаңға айналуы тиіс болса мұхиттың арғы жағынан болмаса да, «ауылы аралас, қойы қоралас» көрші елдердегі жастар өкілдерін шақырғанда конференцияның мәні арта түсер ме еді… Бұл енді ұйымдастырушыларға деген базына…
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен жаңадан құрылған Дін және азаматтық қоғам істері министрлігінің құрамына көшкен жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Абдоллаұлы Оспанқұлов қысқаша сөзбен конференция жұмысын ашық деп жариялаған соң алқалы жиын да басталды. Бұл арада тағы да «айтпаса сөздің   өледіге» бұрылуға тура келіп тұр. «Сұрай келген сен ақымақ па, сұрата жіберген хан ақымақ па?» демекші, айта-айта жауыр болған тіл мәселесі. Неге екені белгісіз,  біз осы өз үйімізде отырып өзге елдің тіліне басымдық беруге дайын тұрамыз. Конференция мемлекеттік тілде жүргізіліп, сол арада қолма-қол аударма ұйымдастырса кім кедергі?! Ресейден келген қатысушылар орысша сөйлей берсін. «Қонақты төрге шығарған дұрыс, бірақ төбемізге шығаруға болмайды. Біз ығына жығылды екен деп алғыс айтып жатқан қонақтарды да көрмедік. Керісінше, «қазақтар әлі өз тілдерінде сөйлемейді екен» деп ойлаған шығар-ау. Сайып келгенде, жастар саясатын жүзеге асыру мәселесі бойынша конференция өткізіп отырып, сол жастарға мемлекеттік тілде сөйлеудің үлгісін көрсету керек еді ғой.
Конференцияда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Алмасұлы Әзілханов, Ресей Федерациясы Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттік басшысының орынбасары Сергей Чуев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жұмыстары жөніндегі проректоры Диқан Қамзабекұлы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев құттықтау сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларға табыс тіледі.
Ресей делегациясын бастап келген Сергей Чуев өз сөзінде екі елдің ғасырлар бойғы тату көрші, ынтымақтас екендігін айта келе жастар саясатында да бір арнаға тоғысқан жайлардың аз еместігіне тоқталды. Жалпы Ресейде 8 федералдық округ болса, солардың бәрінде де жастар саясатымен айналысатын арнайы органдар жұмыс істейді екен. Әрине, жастар саясаты тұрғысында ол елде де шешімі табыла қоймаған мәселелер аз емес. Дегенмен, әсіресе, кейінгі жылдары бұл тұрғыда біраз жұмыстар атқарылған екен. Сергей Владимирович бұл орайда тәжірибе алмасудың пайдасы мол екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бір мемлекеттің құрамында болғандықтан ұқсас проблемалар, бір-бірімізден үйренетін жайлар да көп екендігіне назар аударды.
Конференцияда өз сөзін мемлекеттік тілде айтқан Диқан Қамзабекұлы жастар саясаты деген түсініктің қазақ даласында әлмисақтан бар екендігін айтты. – Са-йып келгенде, жас ұрпақтың санасына патриоттық сезім ұялату, елін, жерін сүюге баулу сынды тәрбие жұмыстары нағыз саясаттың өзі, – деді ол. – Осыдан 100 жыл бұрын, яғни Қазан төңкерісінің қарсаңында қазақ жерінде барлығы 21 жастар ұйымы жұмыс істеген. Еліміздің барлық аймақтарында да бұл мәселеге сол кездің өзінде жете мән берілгендігінің айғағы. «Жастармен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру» тақырыбында баяндама жасаған педагогика ғылымдарының докторы, Ресейдің бірінші Президенті Борис Ельцин атындағы Уральск федералды университетінің кафедра меңгерушісі  А.В.Пономарев өз сөзін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш университеттің құрметті докторы екендігінен бастап, бұл екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың бір нышаны болғандығына тоқталды. Яғни, екі ел халқы да, оның ішінде әсіресе жастар Қазақстан мен Ресей арасындағы достықты нығайтуға үлес қосуға тиіс. Жастар саясаты да осы арнада жүзеге асырылуы қажет. Одан әрі баяндамашы Ресей жоғары оқу орындарында, оның ішінде өзі дәріс беретін университетте қазақ жастарының аз еместігіне, олардың оқу озаты ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатындықтарын айтты. Сондай-ақ, қазақстандық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқандықтарын да ортаға салды. Сондай-ақ, аталмыш оқу орнында дәріс беретін қазақ мамандар, түрлі тақырыптарда диссертация қорғаған қазақстандық жас ғалымдар да көптеп кездеседі.
Конференцияда өте тұшымды, нақты деректермен дәйектелген пікірін ортаға салған «Нұр Отан» партиясы Саяси менеджмент мектебінің директоры Жанар Қалиханқызы Бұқанова болды. Бірден екі тілді де жетік меңгеруімен қатар, шешендігін де байқатқан Ж.Бұқанова саяси сана-сезім, саяси мәдениет деген түсініктер алдыңғы қатарға шықпай жастар саясатын жүзеге асыру қиын екендігіне тоқталды.
Баяндамашы келтірген деректерге сүйенсек, бізде жастардың тек 14 пайызы ғана қоғамдық жұмыстарға қатысады екен. Еліміздегі түрлі жастар ұйымына мүше болуға тілек білдірушілер де аз. Тіпті, біздегі «Жас Отанды» білгенімен, «Жас қыран», «Жасыл ел» және тағы да басқа жастар ұйымдары көп жастарға, әсіресе, ауылдағы жастарға онша таныс емес. Бұл арада негізінен студент жастарға ғана иек арту дұрыс емес.
Ал, енді патриоттық тәрбие мәселесіне келсек, мұнда да олқы түсіп жатқан жайлар аз емес. Мәселен, сұрау жүргізгенде жастардың 56 пайызы ғана өздерін шын патриотпыз десе, 3,4 пайызы «жоқ» деп жауап беріп, 1,3 пайызы «білмеймінмен» құтылған. Әрине, қандай да болсын сұрау салу арқылы зерттегенде бүкіл халықты қамту мүмкін емес. Сондықтан, жоғарыда келтірілген деректер толық көріністен хабар бере қоймас. Алайда, қатты ойланарлық жай. Мемлекеттік тілге немқұрайлы қараудың бір сыры осында жатқан жоқ па деген ой да келеді. Қалай болған күнде де, кемшіліктерді жою үшін, «бәрі тамаша» дей бермей, оны ашық айта білуіміз қажет. «Ауруын жасырған өледі» деген мүмкін бұл жерде артықтау болар, дегенмен олқылықтардың орнын толтыру үшін нақты көріністі саралап, анық-қанығына жету керек.
Әрине, қанша ауқымды шара болғанымен бір конференцияда жастар саясатына байланысты мәселелерді шешіп тастау мүмкін емес. Ең бастысы, проблемалардың бетін ашып, оларды дұрыс жолға қоюдың бағытын анықтау. Сондай-ақ, мұндай конференцияларға үйреніскен көршімізді ғана шақырумен шектелмей, алыс-жақын шетелдер өкілдерін қатыстырып, ой бөліссе тіпті дұрыс болар еді. Рас, бүгінгі Қазақстанда білімді де білікті, елінің нағыз
патриоттары дейтіндей жастар көп. Бизнесте де, саясатта да, билікте де көзге түсіп жүрген жастардың бар екендігі қуантады. Тек өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген жастарды да осындай шараларға қамту қажет-ақ.
Конференция барысында жас-тар «Қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы жастар саясатының рөлі»,  «Жастар  саясатының институционалдық  дамуы: жетістіктері мен болашағы», «Жастарды әлеуметтендіру процесіндегі бұқаралық ақпарат құралдары мен «әлеуметтік желілердің рөлі», «Жастар – елдің кадрлық әлеуеті» және басқа да нақты тақырыптар бойынша пікір алмасты, ғалымдар мен мүдделі тұлғалардың лекцияларын тыңдап, көкейлерінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап алды.
  Талғат ҚАСЕН.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар