Оюмен ойын жеткізген

Баяғыда бір бойжеткен қыз елінен ұзатылғаннан кейін, өз жұртына кестелеген орамалды кешірім ретінде беріп жібереді, орамалдың бетіне құспен жаңа бүршік атып келе жатқан гүлді бейнелепті. Мұны көрген қыздың ата-анасы: «Шүкір тәуба, қызымыз әуедегі құстай емін-еркін жайраңдап өмір сүріп жатыр екен», – деп қуанады. Бір-екі жыл өткесін керуеншілер әлгі қыздан тағы бір бет орамал әкеледі. Онда орамалдың шеті бүрмеленіп, ортасында тұрған ер адам мен жүресінен отырған әйелдің бейнесі кестеленіпті. Мұны көрген ата-анасы: «Е-е қызымыз бұрынғы сауық сайраннан, бас бостандығынан айырылып, торға түскен торғайдай болыпты, бейшараның күйеуі қатал адам көрінеді. Өзінен төмен ұстайды екен» деп жорамалдаған.

Бұл әрине аңыз әфсана ғана. Алайда, қазақ халқы ежелден әр ісіне байыппен, сабырмен қарап, кез-келген шаруаны ақылмен пішкен. Тіпті, ұлттық ою-өрнектің астарына үңілсеңіз оймақтай ой жататыны тарихи шындық. Әр кестенің өзінде алуан түрлі мағына бар екен. Біздің үлкен әже, апаларымыз осылай көңіл-күйін матаға, киізге кестелеп оюлаған. Салт-дәстүрді берік ұстанған қолы епсекті, жаны ізгілікке құмар, оюмен ойын жеткізе білетін осындай ғажап жанның ғұмыр жолымен таяуда жақынырақ танысуымыздың сәті түсті.
Қолөнермен айналыса білу де биік талғампаздық пен талантты талап ететін дегдар өнер екендігін баса айтқымыз келеді. Кесте тігіп, ою ойып, қазақтың қолөнерін дамытып жүрген қолы епсекті шебер жанның жеке көрмесін тамашалай жүріп, біз осындай ойға қалдық. Туған жерінің тылсым табиғатымен сырласып, сайын даланың тау-тасын, қырат-дөңесін жатқа біліп өскен, сол бейнені шынайы таза қалпында жүрегінде сақтай білген Үкіжан Қалиақпарқызының қай туындысын алып қарасаңыз да, сыршылдыққа тұнып тұр. Оның өзіндік қолтаңбасы бар. Тақырып өзегі де өмірдің нақ өзі. Облыс орталығындағы Достық үйінде өткен көрмені «Ою мен ой» деп атауының өзінде де бір философиялық терең астар жатқандай. Мысалы, шебер «Шимай» деп аталатын ою-өрнекке ерекше мән береді. «Қызыл мен көк түстер, тынымсыз уақыт пен толассыз тіршілікті бейнелейді. Қазақ халқы ежелден дөңгелек тәрізді пішінге аса мән берген. Мәселен, киіз үйі де, шаңырағы да, дастарханы да шеңбер тәріздес. Яғни, бір-бірімен өзара байланысқан, үндескен, жалғаса жүретін ғұмыр ғой мұның бәрі», – дейді Үкіжан Қалиақпарқызы.
Шебердің өзімен тілдесе қалсаңыз, бұл өнер анасынан дарығанын айтады. «Қылышынан қан тамған кеңестік дәуірде ұлттық өнерге өріс болмады. Алайда, анам қазақтың дәстүрін берік ұстанған адам еді. Үстіне оюлы қамзолын киіп, басына ақ шәйі орамалын тағып жүретін. Тоқсанға келгенше қолынан ине-жібі түспеді. Қыз бала міндетті түрде іс тіге білуі керек. Бүгінде заман күн сайын жаңарып алға озуда. Не ішемін, не киемін дейтін заман емес. Десек те, балаңа қолғап тоқып берсең, я болмаса, қызыңа арнап көйлек пішіп берген қандай ғанибет. Ақшаны ысырап ете бермей, кілемше тоқып, қалған қиқым матадан құрақ көрпе тігіп ала алсаң жақсы ғой. Өкініштісі бүгінгі жастар жеңіл ойлайды», – дейді қолөнерші Үкіжан Қалиақпарқызы.
– Қолөнер туындыларының атауының өзі неге тұрады? Анама хат, Ұзатылған қыз, Алтын адам… Әрқайсысында да оюмен әспеттелген, махаббатпен әрленген ғұмыр жатыр!..
Айсәулелі Айыртаудың тумасы Үкіжан апа облысымызға танымал қаламгер Маман Ементаевтың аяулы жары, шаңырағының ұйытқысы. Бар ғұмырын асыл ағаның өнерінің өркендеуіне арнаған апай өзім де өнерлі едім деп алға ұмтылған емес. Сері ағаның ғұмырлық музасы еді. Ал, оның артында қалған мол мәдени мұрасын, әсем әндерін өлмес құндылыққа балайды ол.
Қазіргі таңда қазақтың қолөнері үлкен сұранысқа ие кәсіптердің бірі. Оюды оймен жасамақ түгілі қарапайым ою түрлерін ажырата алмай трафареттен дайын шыққан үлгілер бойынша қолөнермен айналысатындар бар. Ал, апай болса, әрбір оюды өзі ойып оны бірінің ішіне бірін салып, үлкен ыждаһаттылықпен еңбектенеді. Оюдың астарында жатқан ой ол өз алдына бір төбе. Қошқар, сыңар мүйіз, қазтабан, құс қанаты тағы басқа ою өрнек түрлері айшықталған әдемі көрпешелері көз суырады. Киіз үй жабдықтарын оюмен көмкергенде де алдына жан салмайды.
– Үкіжан Қалиақпарқызы облыс орталығындағы Аналар кеңесінің белді мүшесі деп өз ойын ортаға салды Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова.
– Бұл кісінің өнеріне мен талай жылдан бері тәнті болып келемін. Саусағынан бал тамған қолөнер иесі. Бір де бір рет еңбегін бұлдап, не болмаса кәсібімді пайда көзіне айналдырайын деп ақшаға сатып көрген емес. Керісінше әрбір үйден ұлттың иісі, қазақылықтың бір көрінісі байқалып тұрса екен деген мақсатпен еңбегін елеген жандарға аналық ақ алғысы ретінде сыйға тартып жүретін Үкіжан Қалиақпарқызының өнегесі өскелең ұрпаққа үлгі дер едім,– дейді Зере Еспайқызы.
Қолөнерші гүл өсіргенді де ұнатады. Бәлкім саялы Сырымбеттің бауырында өскендігінен болар, сұлулыққа жастайынан іңкәр. Мәдениет адам әлемі деген пікірге саятын болсақ, өзінің мейір-шапағатымен, аналық жан жылуымен, адамдық болмысымен өскелең ұрпаққа шуақ шашып жүрген осындай апайларымыз аман болсын, әманда!

Ұлмекен Шаменова.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар