Пара алу мен беру жарға жығады

Өткен жылы күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне барғаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіле түскен болатын.

Жаңа заңға сәйкес, жемқорлық әрекеті үшін айыпталушы мемлекеттік қызметте қандай да бір лауазымды орындарды иелену құқығынан біржола айырылады. Сондай-ақ, оларға шартты
айыптау қолданылмайды және қылмыстық әрекеттің, үкімнің мерзімі өтіп кетсе де, парақор деп кінә тағылғандар қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Бұдан былай жемқорлық заң бұзушылықтарға барған адамдардың міндетті түрде мүлкі тәркіленеді.
Сот Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан қандай да бір мемлекеттік наградаларға, әскери, басқа да атақтарға ие болған айыпталушы жемқорлардан ол марапаттарды қайтып алу туралы Мемлекет басшысының атына ұсыныс жасауға міндетті.
Өкінішке орай, қазіргі таңда қоғамда пара беру секілді жемқорлық заң бұзушылық түрі кеңінен таралған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, оның өтемі жаңа заңда қатаң. Бұрындары қолданыста болған кодекске сәйкес, кінәлілер бас бостандығынан айырылса немесе түзету шаралары тағайындалса, былтырдан бастап жемқорлық әрекет үшін  тек қомақты сомада айыппұл салынады немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мәселен, пара алғаны үшін пара мөлшерін елу, ал, пара бергені үшін жиырма еселеп қайтарады. Егер, пара қомақты сомада болса, оған салынатын айыппұл мөлшері алпыс, жетпіс есеге дейін артады.
Осы орайда, облысымызда орын алған бірқатар жемқорлық заң бұзушылықтарға тоқталып өтсек. Көкшетау қалалық сотымен мемлекеттік қызметші бола тұра, 300 мың теңге көлемінде пара алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Елеусізов пен осы мекеменің бөлім басшысы М.Жүнісовке қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын. Бұл қылмыстары үшін олардың әрқайсысына 20 972 000
теңге көлемінде айыппұл салынды. Алайда, сот шешімімен келіспеген кінәлі тұлғалар істі облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасына тапсырғанымен, алғашқы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.  
2014 жылы осындай заң бұзушылық үшін он адам айыпталса, олардың жетеуіне жазаларын үш жылдан жеті жылға дейін абақтыда өтеу туралы шешім шығарылған. Ал, өткен жылы жемқорлық фактісімен қолға түскен он төрт адамның тек біреуі ғана бас бостандығынан айырылды. Қалғандары жалпы сомасы 113 миллион теңге көлеміндегі айыппұлды өтейді деп келісілді.
Бурабай аудандық соты қараған келесі қылмыстық істің те жемқорлық заң бұзушылыққа қатысы бар. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы  Б.Жәкенов жауапты, әрі лауазымды қызметте істей тұра қомақты сомада пара алғаны үшін айыпталды. Сөйтіп, аудандық соттың шешімімен ол үш жыл үш ай мерзімге абақтыға қамалып, мүлкі тәркіленді, сондай-ақ, мемлекеттік органдарда қызмет істеу құқығынан мәңгіге айырылды.
Осы мысалдардан-ақ парамен келген ақшаның пайда емес, керісінше қаншама шығын әкелетінін, оның үстіне адамның барлық өмірін тас-талқан ететінін түсіну қиын емес. Сондықтан, мемлекеттік қызметте, басқа да салаларда жұмыс істеп жүрген азаматтар шалыс қадамға бармас бұрын алда не болатынын азырақ ойланса екен дейміз.

Мәншүк ЖҮНІСОВА,
облыс прокурорының көмекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар