Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Ақмола облысына сапары

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарда болып, еңбек ұжымдарымен кездесіп, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде айтылған міндеттерді халыққа түсіндіріп, қойылған сауалдарға жауап берді. Мәжіліс төрағасының сапары кезінде облыс әкімі Мәлік Мырзалин бірге болды. Мəжіліс төрағасы алдымен, осыдан бірер жыл бұрын Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен өңірдегі іргелі кәсіпорын – «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында болып, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру мен минералды су шығару үрдістермен танысты.

Еуразиялық экономикалық кеңес аясында құрылған «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриалдық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасы 2012 жылы қолға алынған еді. Ондағы мақсат Беларусь елінің коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласының озық техникаларын құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусь елінің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстан агроинновациялық корпорация-сы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, «МТЗҚ АИК» серіктестігін құрған болатын. Кейін бұл жоба Индустрияландыру картасына енгізіліп, айы оңынан туды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауытта трактор тіркемесі, орақ бастырғыш, шөпорағыш, эксковатор, көтергіш тәрізді 500-ден астам техника шығарылды. Ал, 2021 жылы бұл көрсеткішті 5 мыңға жеткізу көзделген. Өнімге сұраныс жоғары, бағасы да қолжетімді. Сапасы техникалық талаптарға сай. Осының арқасында кәсіпорын өндіріс көлемін жыл санап арттыра түсуде. 2012 жылы басталған бұл жобаның құны 4,7 миллиард теңгені құрайды. Соңғы 5 жылдың ішінде 1,6 миллиард теңге инвестиция тартылды.
Ал, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының ұжымымен кездесуде Нұрлан Нығматулин елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың барысы, заң шығару жұмыстары және тұрғын үй, кадр мәселесі тәрізді бүгінгі күннің өзекті мәселелері бойынша қойылған сауалдарға құлақ түрді. Әсіресе, Мемлекет
басшысының стратегиялық бағытын, оның ішінде индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының артықшылықтарын ақмолалықтарға түсіндіріп өтті.
Нұрлан Нығматулин еліміздегі өзгерістерге тоқтала келе, Қазақстанның тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде жеткен жетістіктері халықтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген сенімінің арқасында мүмкін болғандығын баса атап өтті. Оған қоса, Мәжіліс төрағасы еліміздің ішкі саяси жетістіктерімен бірге, Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік ұйымы, Сирия жанжалын реттеу, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ислам мемлекеттері ұйымы тәрізді халықаралық ұйымдарға төрағалық еткенін атап өтті.
– Еліміздегі реформаларды түбегейлі жүзеге асыруда Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі зор. Елбасының жыл сайынғы Жолдауында еліміздің жаңаруы, отандық экономиканы жаңғырту, қоғамдық сана мен рухани жаңғыру, ұлттық бірлік пен этносаралық және конфессияаралық түсіністік моделін қалыптастыру мәселелері назарға алынады, – деді Нұрлан Нығматулин өз сөзінде.
Сонымен қатар, Мәжіліс төрағасы Ақмола облысының жетістіктеріне де тоқталды. Өңірде Индустрияландыру картасы шеңберінде құны 223 миллиард теңгені құрайтын 76 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 7,7 мың жұмыс орны ашылды. Алда әлі 11 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Құны 528,3 миллиард теңге бұл жобалар жүзеге асырылған кезде, қосымша 4,3 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Облыста өткен жылы 5,1 миллион тонна астық жиналды.
Кездесуде Нұрлан Нығматулин заң шығару жұмыстары туралы айтып берді. Оның ішінде республикалық бюджет туралы заңнама сөз болды.
Осы ретте, Мәжіліс депутаттарының әлеуметтік қажеттілік үшін қосымша 22 миллиард теңге қаржы қарастырып отырғанын атап өтті.
Мәжіліс төрағасы қолдау тапқан заң жобаларының арасында еліміздің жаңа Салық кодексі, Кедендік реттеу туралы кодексі, ЕАЭО кедендік кодексі туралы келісім-шарт, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс сияқты өзге де заң жобаларды еске салды. Нұрлан Нығматулин конституциялық реформалар мен заңнамалық қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Оның сөзінше, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Конституциялық кеңес қызметі, мемлекеттік нышандар, сот жүйесі мәселелері бойынша заңнамаларды жетілдіру қажет.
Мәжіліс спикері еңбек ұжымдарының сауалдарына құлақ түрді. Қойылған сұрақтар негізінен агросекторды дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру, өңірлерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету төңірегінде болды. Осы ретте, Нұрлан Нығматулин халықпен кездесу депутаттар корпусы үшін заң шығару қызметінде маңызды екенін атап өтті.
–Ақмола облысы тұрғындары да барлық қазақстандықтар сияқты Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын қолдайтынын, сондай-ақ, Қазақстанның даму стратегиясын жүзеге асыруға белсенді атсалысатынын сеніммен айта аламын, – деп қорытындылады өз сөзін Нұрлан Нығматулин.

* * *
Одан әрі облыс орталығындағы «Авиценна» емдеу-сауықтыру медициналық мекемесінде болып, денсаулық сақтау саласындағы істің жайына назар аударды.
Жиында облыс әкімі Мәлік Мырзалин аймақта осы бағытта атқарылып жатқан істерді тілге тиек ете келіп, аталмыш мекеме заманауи технологиялармен жабдықталған облысымыздағы алдыңғы қатарлы емдеу орны екендігін баса айтты.
1996 жылы темір жол ауруханасының базасында ашылған бұл емдеу мекемесі бүгінде заманауи озық медициналық қондырғылармен жабдықталған. Емделушілерге терапия, урология, хирургия, кардиология, эндокринология және тағы басқа бағыттар бойынша 14 түрлі медициналық қызмет көрсетіледі.
Ұжым мүшелері алдында сөз сөйлеген Мәжіліс Спикері Қазақстанның 26 жыл ішіндегі табыстарына тоқталып өтіп, Мәжілістің сессия басталғаннан бергі заң шығармашылық қызметіне қатысты ақпараттармен бөлісті. Сессияда 80 заң жобасы қабылданып, оның 42-сі қаралып, мақұлданған. Оның ішінде 12 заң жобасына депутаттар өздері бастамашы болған. Қазіргі таңда Президенттің қол қойған 33 заң өз күшіне енді.
– Осы сапарымызда бірқатар өндіріс орындарын, сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды аралап көрдік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашанда халықпен тікелей қарым-қатынас орнатып, елімізді жаңғырту мақсаттарын түсіндіру жөнінде нақты тапсырмалар беріп келеді. Сондықтан, барлық бастамаларды және оларды заң жағынан қолдау жұмыстарын азаматтарға түсіндіру басты міндетіміз. Сол үшін жүзден астам депутат 16 аймаққа іссапарға шықты,–деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, депутаттар өз қызметінде Елбасының «Қазақстан — 2050» даму бағдарламасын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларын заң тұрғысынан қамтамасыз етуге баса көңіл бөлуде.
– Бүгін біз Ақмола облысында әртүрлі сала мамандарымен кездесіп, көптеген мәселелерді талқыладық. Көптеген ұсыныстар мен пікірлер, соның ішінде проблемалар да айтылды. Олардың барлығы алдағы заң шығару жұмысымызда ескерілетін болады. Біздің «Мәңгілік ел» болу жолында бірлесіп, табысты жұмыс атқаратынымызға сенімім зор. Жалпы, Ақмола облысы әрқашанда экономика, әлеумет, саясат жағынан болсын табысты жұмыстар атқарып келеді, – деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс төрағасы «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», Салық кодексі, сондай-ақ, Қазақстанның кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу, Әкімшілік құқық бұзушылық, Ақпарат және коммуникация туралы заңдарды атап өтті.
Сөз соңында Нұрлан Нығматулин медициналық сақтандыру, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы, зейнетақы қорындағы қаржының сақталуына қатысты қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Осылайша Парламент Мәжілісі төрағасының облысымызға жұмыс сапары табысты өтті.

Аслан Оспановү

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *