Пейілі кең, жігері мол Пернебай

баскетболдан екі дүркін ел чемпионы – «Оқжетпес» әйелдер командасын жеңіс тұғырына көтерген білікті бапкер

 

Пернебай Ысқақов отбасындағы сегіз перзенттің ұлдар арасындағы кенжесі. Сондықтан, ағалары Өтебай мен Тынымбайды үнемі үлгі тұтып өсті. Әкесі – Отан соғысының қан майданынан жаралы болып оралған офицер Көгенбай Жаңақорған жұртшылығына ғана емес, Қызылорда өңіріне танымал тұлға еді. Үйде де, түзде де әскери тәртіпті берік ұстанған ол кісі спортқа да жаны жақын адам болатын. Әсіресе, тетелес өскен үш ұлының оқуын өзі қадағалап, қолдарынан кетпен-күрек түсірмей бау-бақша жұмысына жегетін. Мұнысы зая кетпеді. Ұл-қыздарының бәрі де жоғары білім алып, өмірге бір-бір кірпіш болып қаланды. Жары Рахима екеуі ауыздарынан Алласын тастамайтын иманды жандар қатарынан саналды. Бұл да отбасындағы балалар тәрбиесіне игі септігін тигізді.

Ысқақовтар әулетінің үлкен ұлы Өтебай Ломоносов атындағы Мәскеу университетіне түскенде, мектеп мұғалімдерімен қатар көрші-қолаң түгелімен қуанды. Ол кезеңде Кеңес одағының астанасында білім алу қай қазақтың болмасын қиялын шарлап, арманын асқақтататын. Өтебай университетте сапалы білім ала жүріп, бокспен шұғылданды. Мәскеу қаласы мен облысының чемпионы атанды. Студенттердің бүкіл ресейлік спартакиадасында өз салмақ дәрежесінде жеңіске жетті. Соңғы курста спорт шебері атағын иеленді. Жазғы-қысқы демалысқа келген сайын ауладағы балалармен бірге інісі Пернебайды боксқа үйретті. Кейіннен Жаңақорған спорт мектебі жанынан бокс үйірмесі ашылды. Шағын кенттің қара домалақтары спорт шебері Байназар Қайназаровтан тәлім ала бастады. Сол үміткерлердің қатарында 10 жастағы Пернебай Ысқақов та аянбай тер төкті. Бірнеше мәрте аудан, облыс чемпионы болды. Ол 18 жасқа дейін бокстың біраз қыр-сырына қанықты. 1975 жылы әскер қатарына шақырылды. Жас жауынгердің шаршы алаңдағы жеңістері Урал әскери округінің спорт ротасына қабылдануға ықпал етті. Сөйтіп, Қызылорда облысынан қанат қаққан боксшы, қазақ сарбазы сән мәрте әскери жарыстарға қатысып, жеңістің биік тұғырына көтерілді.
Әскери борышын абыроймен өтеген Пернебай Ысқақов Жаңақорғанға оралысымен жаттықтырушылық жұмысына кірісті. Жерлес жасөспірімдерді бокс залына жинап, бокс әліппесімен қатар әдептілік, қырағылық, ержүректілік сияқты қасиеттерге баулыды. Жас жаттықтырушы бірер жылда шәкірттерін облыстық жарыстарға апарып шыңдады. Солардың бірі, спорт шебері Совет Сыпатаев бүгінде Ресейдің Екатеринбург қаласында аға бапкер.
Жоғары білім алу Пернебайдың да көптен бергі арманы еді. Ол 1979 жылы жүзеге асты. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтына оқуға түсті. Білім ордасының қабырғасында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Кеңес Омаровтың қарамағында шеберлігін шыңдады. Әсем қалада әдемі де ақылды қызбен танысып, махаббат бесігінде тербелді. Арада көп уақыт өтпей Күләш екеуі отбасын құрды. Өмірдің кейбір сәттеріне байланысты сырттай оқу бөліміне ауысып, 1982 жылы Көкшетауға қоныс аударды. Бірден фарфор зауытына цех шебері болып жұмысқа тұрды. Бокс-шы жігіт жұмыстан соң әріптестерін бұқаралық спортқа тартты. Бокстың былғары қолғабын футбол добына да алмастырды. Арада көп уақыт өтпей Көкшетау фарфор зауыты жанынан футбол командасын құрды. Допты шебер тебетін жұмысшы жастар командасы Көкшетау қаласы мен облыс жанкүйерлерін сауатты ойын өрнектерімен тәнті етті. Бірнеше мәрте ауыспалы кубокты жеңіп алды.
Спорт саңлағының бапкерлік және ұйымдастырушылық қабілеті 1999 жылы Көкшетау статистика және экономика институты жанынан қыздар баскетбол командасын құрудан айқын сезілді.  Ел экономикасының тұралап тұрған кезінде бұрымды баскетболшыларды қажетті спорттық киімдермен қамтамасыз етіп, жарысқа жіберетін қаржы табу қиынға соқты. Осы тұста институт ректоры Жолмырза Керейұлы қолұшын созды. Өзге де іскер азаматтар спортшыларды демеп жіберді. Команданың қалыптасып, жеңістен жеңіске жетуіне баскетболдың білікті маманы Жаңбырбай Жұмаділов те үлес қосты. Уақыт өте келе жерлес баскетболшы арулар ел чемпионаттарында үздік нәтиже көрсете бастады. Соның айқын айғағы «Оқжетпес» әйелдер бас-кетбол командасы екі дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы және жеті мәрте күміс жүлдегері атанды. Тәуелсіз еліміздің намысын Балтық лигасы ойындарында да лайықты қорғады. Осы орайда, Көкшетау қаласындағы спорттық ойын түрлері клубының бас менеджері Пернебай Ысқақовтың еңбегі ерен. Осыдан екі жыл бұрын Ақмола облысында мектеп баскетбол лигасы құрылғанда да ол өзінің мол тәжірибесімен бөлісті. Жақында ғана алпыстың арғымағына мінген Жаңақорғанның жайсаңы Пернебай Көгенбайұлы Көкше жерінен әлі де талай спорт жұлдыздарын жарқыратып шығарады деген үкілі үміт үзілмек емес. Ал, оған пейілі кең Пернебайдың күш-жігері молынан жетеді.

Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар