Пилоттық жоба Ақмола облысында бастау алады

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қатысуымен Халықаралық адам институтының «Медиатека КZ» пилоттық жобасының тұсаукесері болып өтті.

Облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы, білім мен денсаулық сақтау салаларының басшылары, облыстық кәсіпкерлер палатасының және «Қазақтелеком», «ҚазАгро», «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамдары филиалдарының өкілдері қатысқан тұсаукесер  рәсімін ашып жүргізген облыс әкімінің орынбасары Елбасының ел халқына арнаған биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттер жөнінде атап көрсетті.
– Бүгінгі таңда адам капиталынсыз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру мүмкін емес. Дамыған елдер өз капиталын адамдардың дамуына салады. Осы орайда, елдегі адам ресурсымен нақты жұмыс істеуіміз қажет, – деді Нұрлан Нұркенов.
Жиында Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкім сөз сөйлеп, бұл жоба «Интеллектуалдық ұлт-2020» бағдарламасының контексінде жасалғанын, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша жобаны Ақмола облысында тұңғыш рет жүзеге асыру жоспарланғанын атап өтті. Аталмыш жоба білім мен денсаулық сақтау саласында, шетелдерде, Үкімет пен Парламентте таныстырылған. Аталмыш медиатека ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бүгінді таңда бұл салада еңбек өнімділігін арттыру тәрізді өзге де шешімін күткен мәселелер жетерлік. Мәселелерді жалғыз шешуге болмайтындықтан, бірқатар саланы бірегей қатыстырып, кешенді түрде шешу қажет. Ауыл шаруашылығы саласы Астананы азық-түліктің жүз түрімен қамтамасыз ету үшін жаңа жобаларды жүзеге асырумен айналыспақ. Сондай-ақ, жобада ауыл мектептерінің білім саласын қала мектептерінікіне жеткізу қарастырылған. Облыс тұрғындарының 90 пайызы компьютермен және интернетпен қамтылғаны жобаны жүзеге асыруға септігін тигізбекші. Мектеп түлектерін білім деңгейіне қарап, шетелдің әртүрлі жоғары оқу орындарына жіберу қажет. Осы орайда, әр басшының ұсынысы тыңдалады. Әр ауылдың тұрғыны өз жер телімінде Аровен өрігі тәрізді өзге де тиімді жеміс-жидек, көкөніс өсірсе, пайдаға кенеледі. Жобада осы мәселемен айналысу және жылыжай, өңдеуші цех пен шағын зауыт салу қарастырылған. Әр ауданда, кейін әр ауылда институттың менеджерлері адам капиталы мен жоба жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізетін болады. Алдағы уақытта атқарушы органдар бұрынғыдай ірі кәсіпорындармен ғана жұмыс істемей, шағын және қосалқы шаруашылықтарға да назар аудармақ. Сегіз институтқа жетекшілік ететін өсімдіктерді қорғау институты бас директорының орынбасары Бақытжан Дүйсенбаев ауыл шаруашылығы саласы экономиканың локомотиві болу керектігін айтты.
– Алматы облысындағы «Байсерке» серіктестігі біздің институттың және өзге ғалымдардың еңбегі арқылы өз өндірісіне жаңа технологияларды енгізді. Нәтижесінде алқаптардан рекордтық жүгері, соя және астық алуға болатынын дәлелдеді. Біз тұқымнан бастап, астықты сақтауға дейін жұмыс істедік. Ғылымды пайдаланбаса, сабағы 5 метр жүгері, гектарынан 100 центнер астық алу мүмкін емес. Бұл тәжірибені Ақмола облысында қолданбақпыз, – деді Бақытжан Дүйсенбаев. Астананың жасыл белдеуі жыл өткен сайын ұлғайып,
70 мың гектарды құрады. Бес жыл бұрын отырғызылған ағаш көшеттері өз жемісін беруде. Жұрт өсімдікті тек қана химиялық жолмен қорғауға болады деп түсінеді. Олай емес. Өсімдікті биологиялық тәрізді табиғатқа залалын тигізбейтін әртүрлі әдіспен қорғауға болады.
Мәселен, «қара тұқымды Арония» жидегін өсіргендер мол пайдаға кенеледі. Қара жидектің бір келісі 25 келі апельсинмен, 20 келі алмамен пара-пар. Мұны өсіргендер гектарынан 15-17 тонна өнім алып, өңдеп, шырыны арқылы халықтың денсаулығын жақсарта алады. Емдік қасиеті мол шырынның бағасы да қымбат. Польша осындай шырынмен бүкіл Еуропаны қамтамасыз етіп отыр. Мұндай экологиялық таза өзге де өнімдерді елімізде өсіріп, экспортқа шығаруға болады. Ол үшін тұқым сапасына назар аударған жөн. Жиында Солтүстік өңірлерде пайдаланатын әртүрлі жылыжайдың тұсауы кесілді. Тұсаукесер жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жобаларды әр тұрғынға түсіндіріп, оларды жұмыспен қамту үшін барлық жағдай жасалады деп сендірді.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар