Полицейлердің білгендігі

Таяуда өткен Судьялар одағының VII съезінде Мемлекет басшысы «қиын шақта адамдарға көмекке келсе, сонда халық полицейлерге сенетін болады»  деп атап көрсеткен еді.  Расында, қарапайым халықтың сенімі өздігінен келмейтіні белгілі.

Ювеналдық полиция қызметкерлерінің таяуда жасаған мына қайырымдылық ісі халық сенімін арттыру бағытындағы игі қадам болды десек, артық айтқандық емес. Көкшетау қаласында мүгедек анасымен бірге уақытша баспанада тұратын он үш жастағы Мақсаттың  жасына қарамастан, моймай көтеріп,  басына түскен тұрмыс тауқыметіне мойымай, анасына қамқоршы болып жүргені замандастарының қай-қайсысына да үлгі боларлықтай. Жетінші сыныпта оқитын бала тұрмыс тауқыметін ешкімге сездірмей, ұядай уақытша баспанада тұрып келген.
Мақсаттың анасына бірер ай бұрын омыртқасына ота жасалыпты. Осыдан кейін әйелдің жүріп-тұруы тіпті, қиындап кеткен. Балдаққа сүйеніп, баласының көмегімен ғана жүре алатын толық емес отбасының бар күнкөрісі әйелдің мүгедектігіне байланысты берілетін жәрдемақы ғана. Таяуда ұядай үйді жылытатын пештің мұржасынан ақау шығып, аналы-балалы екеуі түтінге тұншығып қала жаздады.  Абырой болғанда, көше күзетінде жүрген полиция қызметкерлері байқап қалып, құтқарыпты. Тұрмыстары төмен, азын-аулақ жәрдемақымен жан баққан толымсыз отбасының жайы белгілі болған соң полиция қызметкерлері көмек беруге ниет етеді. Сөйтіп, аналы-балалы екеуіне мектептен бір бөлмені уақытша босатып, демеушілердің көмегімен үйіне жөндеу жұмысын бастайды. Оған қоса, ақша жинап, қажетті азық-түлік пен отын, көмір сатып алынады. Жуық арада уақытша баспана жөнделіп, Мақсат анасымен үйлеріне қайта оралмақ. Ювеналды полиция қызметкерлері бұл отбасын әрдайым қамқорлығына алып, көмектесіп тұратын болады.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар