Әр ауылдың мұң-мұқтажы бір-біріне ұқсас

Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі Назгүл Жазыбаева Тоғанас ауылының тұрғындары алдында есеп берді.

Жалпы, бұл ауылдық округтың аумағында 144 үй бар. Онда 615 адам тұрады. Тұрғындардың 90 пайызының жеке қосалқы шаруашылығы бар. Округте 26 шаруа қожалығы, 5 жеке кәсіпкер өз жұмыстарын дөңгелетуде. Округ аумағындағы ең ірі кәсіпорын «Ушаково-Агро» ЖШС. Сонымен қатар, мұнда тәулігіне  350 бөлке нан пісіретін наубайхана мен қоғамдық монша жұмыс істейді. Ұзынкөл, Ушаков және Тоғанас ауылдарындағы мектептерде  оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастырылған.
– Қыста Буревестник және Жантеке бағыт-тарындағы күре жолды қардан тазарту жұмыстарын «Ушаково-Агро» ЖШС мен шаруа қожалықтары бірлесіп жүргізеді, – дейді ауылдық округ әкімі.                                          
Жұмыспен қамту орталығы арқылы 23 адам жұмыспен қамтылған, оның 13-і қоғамдық жұмысқа орналастырылса, 3 мүгедекке де мүмкіндігінше жұмыс тауып берілген.
Ауылда  мал шаруашылығы мен егіншілік салаларын дамыту, көшелерді көгалдандырып, көркейту, ал, Ұзынкөл ауылының көшелеріне тас төсеп, жолдарын жөндеу көзделіп отыр. Ұзынкөл және Тоғанас ауылдарында балалардың ойын алаңын орнату мен округ тұрғындарының «Құлан», «Сыбаға», «Алтын Асық», «Ырыс» бағдарламаларына қатысуына көмек беру де қарастырылуда.
Округ тұрғындарын толғандыратын басты мәселелердің бірі – қираған және апатты үйлерді бұзып, орнын тазарту. «Егіндікөл Су Арнасы» мекемесі Ұзынкөл ауылындағы қираған 3 үйдің қоқысын шығарып, маңайларын тазартқанымен, осындай қараусыз қалып, қираған үйлер ауылдарда әлі де бар. Сонымен қатар, жиын барысында Ушаков орта мектебінің мұғалімі К.Тырысбаев Орталық-Батыс бағытында облыстық маңызы бар автожол салу мәселесіне назар аударуды өтінді. Сонымен бірге, Жаңақоныс негізгі мектебінің мұғалімі М.Қуанышбекова «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алып, өзінің шаруасын бастағысы келетіндігін айтты. Бұл орайда, ауылдық округ әкімі бұл бағдарлама қалай жүзеге асырылатындығы туралы түсіндіріп, Тоғанас, Ұзынкөл ауылдарының тұрғындары Е.Жүнісов, Д.Сүлейменов және А.Қасымов мемлекеттен едәуір көлемде несие алып, өз істерін бастап жатқандықтарын мысалға келтірді. Сонымен қатар, осы аудандағы Алакөл ауылдық округінің әкімі Сембай Сейітовтің есебі кезінде де тұрғындар зейнетақының өсуі, жұмыссыздықты азайту, көшелерге жарық орнатып, күл-қоқыстарды шығару, телефон байланысы мен интернет қызметі, ауылдағы мектепте ағылшын және орыс тілдерінен сабақ беретін мұғалімнің болмауы, су тасқыны кезінде су құбырын тазалау сияқты мәселелерді көтерді. Осындай мәселелер Жалманқұлақ ауылының тұрғындарын да толғандыруда. Ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Жібек  Шалтаева да мұндағы тұрғындарға елді мекенді дамыту орайында атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы іс-жоспарлар жайында айтып беріп, көкейкесті сауалдарға жауап берді.  
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар