Рақымжан Қошқарбаевтың полктасы

Әскерге бірнеше рет шақырылып еді. Соңғы шақырылғанында шені жоғары офицер шені төменіне: – Әлі 18-ге толмаған бұл баланы қайда, кімнің орнына жіберейін деп тұрсың? Босат, – деген соң қалып қойған. Бірақ, арада жарты жылдан кейін бәрібір лекті. Шынында ойласа сары уыз балапандай екен-ау, ол кезде.

Содан әке-шеше, ауыл-аймақ болып жылап-сықтап, бұларды да майданға шығарып салды. Көңілге бір медеті, соғыс бітуге жақын. Бұл кезде ұзын-ұрғасы төрт жылға созылған қырғын 1944 жылдың қарашасына да ойысқан. Алдымен  Алматыға түскен. Алатаудың етегінде 89-ыншы атқыштар оқу полкі тұрды. Миномет полкі. Күнде әскери даярлық. Неміс жоқ демесең, майданнан кем емес. Кейін осының пайдасын да көрді. Жаттығуда ауыр, ұрыста жеңіл деген осы екен. Бірақ, бұл да бейнелеп айтылған сөз ғой. Әйтпесе, жауып тұрған оқ астында қайдан жеңіл болсын.
Көрікті Бурабай өңірінің тумасы Сәттар Жақанов майдан даласындағы алғашқы әскери сынақтан 1945 жылдың басында Будапеште өтті. Бұл кезде үш айлық даярлықтан кейін 297-інші атқыштар  дивизиясының 155-інші полкінде миномет взводы командирінің көмекшісі еді. Венгрияны азат ету жолындағы қиян-кескі шайқастар ысылған солдатқа да, қатарды  жаңадан толықтырғандарға да оңай соқпады. Ажал сен  бұрыннан келе жатырсың не осында кеше ғана түстің, көпті көргенсің не жассың деп қараған жоқ. Алғашқы ұрысына кірмей жатып, бір оқ өмірін қиғандар да аз болмады.
Бір минометте 10-11 адам. Көздеуші нысананы дәл көздеп, белгі береді.  Кординатпен үсті-үстіне  бастырмалатып, жылдам ату керек. Сонда ғана  мина шоғырланған жаудың дәл төбесінен түседі. Шашыраңқы атылса, қашып, тығылып үлгеріп,  іс-қимыл зая кетіп жатады. Осы қарудың бір жүгін көтеріскен 18 жасар балаң жігіт  жанындағы минометшілермен бірге талай рет қазақша айтқанда, немістердің  төбелерінен жай түсіріп жүрді.
Содан жауынгерлік жорық жолы Венгрия, Австрия, Германия жерінде  жалғасты. Ең соңында қалыптасқан жағдайға орай жаяу әскер қатарында да жаумен ұстасып көрді.
– Жаңағы немістер шабуылға шыққанда қол гранатасымен бір танкіні қиратқанымды да мақтаныш үшін емес, тек сол сұрапылда Отан алдындағы өз борышыма адал болғандығымды ғана айтайын деп  ауызға алып жатқаным ғой, – деп қояды қарт солдат сөзінің арасында. Жалпы, Сәттар Жақанов Ұлы Отан соғысының жауынгері емес, офицері. Ол әсіресе, Берлинді алу операциясында Рейхстагқа ту тіккен даңқты жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаевпен бір полкта болғанын, жау ордасына Жеңіс туы тігілгеннен кейін Рақымжанды көріп, сөйлескенін ерекше мақтан тұтады. Асыл азамат арықша келген ақ құба жігіт бейнесінде көз алдында мәңгі қалып қойған.
– Алдымен Берлиннен 130 шақырым бері тұрған үлкен стратегиялық бекініс болып табылатын Люкценберг қаласын алдық. Содан тоқтаусыз шабуыл-дай отырып, Берлинге келіп тірелдік. Осы күні кей майдангерлер жаудың соңғы демі біткен бұл қалада күшті артиллериялық атыстар болды деп жатады. Ал, біз көше-көшені зұлым жау-дан жай қарумен тазарттық. Өйткені, жоғарыдан қала қатты қирауға ұшырамасын, халқы аман сақталсын деген бұйрық болды. Содан не керек,  8 мамыр күні  неміс жағы жеңілгендерін мойындап, тұла бойымызды қуаныш кернеп жүре берді, – дейді майдангер сөзін әрі сабақтап.
Бұл – Ұлы Жеңіс шаттығы еді. Ал, соғыс аяқталып, шалқып-толқып туған жерге оралу қуанышы әлі алыс болатын. Оған бес жылдан астам уақыт бар еді. Өйткені, Сәттар Жақанов соғыстан кейін де 9-ыншы әскери әуе күштері армиясы 210-ыншы дивизиясының 311 жойғыш полкінде біраз уақыт әуеден атқыш, кейін қару-жарақ шебері болып Отан алдындағы әскери борышын одан әрі өтей берген. Бұған дейін  минометші болған жанның  енді авиация бөлімінен бір-ақ шығуы да кездейсоқтық емес, сол кездің сан қилы жағдайынан-ды.  Соғыстан соң-ақ  жапон милитаристеріне қарсы ұрыстарға қатысу ықтималдығы туындап, бұлар мінген эшалон жедел түрде Қиыр Шығысқа бет алған күндер де әлі жадында.
Ал енді,  адам баласы өміріндегі мына сәйкестікті қараңыз. Сол бір сұрапыл күндері  туған елін зұлым жаудан қорғаған Сәттар ағамызға бейбіт заманда да сол ел-жұртының орман-тоғайын, сұлу табиғатын сұғанақ көздерден қорғау бақыты жазыпты. Арада аз уақыт Дорофеевка балалар үйінде қызмет істегені болмаса, бар саналы ғұмыры Самарбай орман шаруашылығында учаскелік техник  жұмысымен өтті. Осындағы Туполевка ауылында орманды көлденең  қол сұғушылардан қорыды, оның жапырақ, бүршігін жинап, ел кәдесіне асуына жәрдемдесті, сумаңдаған от-жалынға жол бермеді. Майданда қалай өз әскери антына берік болса, бұл қызметінде де солай болды. Қажырлы да мінсіз жұмысы үшін басқарма басшылары арқасынан қағып, Көкшетауға келіп-кетіп жүрген министрлер қолын алды, тіпті, біреуі шаңырағынан да дәм татты.
Еңбектес әріптестерінің  бәрі де осы күні Сәттар Жақановты арамызда жүрген жалғыз майдангер ағамыз деп құрметтейді. Келер жылы Алла жазса, тоқсанның тұғырына шығамын ба деп отырған соғыс ардагері қазір заманның ыңғайына қарай, Көкшетау қаласында тұрып жатыр. Құдай қосқан қосағы Зейникәмал апамыз, өмірінің жалғасы – үрім-бұтақ, бала-шағасы жанында. Орманшы інілері кездескенде апамыздың қолдан пісіріп, ауыздарынан дәмі кетпейтін таба-таба аппақ нанын, ағамыздың орман қорығандағы қырағылығын айтады. Сол қиядағыны қалт жібермейтін көзі ғана көрмеуге айналды демесеңіз, денсаулығы әлі тың. Лейтенант шенінде мына бейбіт заманымызды жау шеңгелінен аман алып қалған ардагер аға, осылай ортамызда аман-есен жүре бергейсіз!

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар