Рабиға Есімжанованың ізін басқан

Аудан орталығында 1973 жылы ашылған Рабиға Есімжанова атындағы балалар ән-күй мектебінде осы жылдар аралығында талай жеткіншектің таланты толысып, шеберлігі шыңдалды. Олардың арасында музыканы жанына серік етіп, өнерде өз орнын тауып, елімізге танымал болғандар да аз емес.

Өнер ордасында бүгінде 149 оқушы дәріс алады. Олардың шеберліктерін шыңдау жолында өз ісін жетік білетін 15 білікті ұстаз еңбек етеді. Музыка мектебі ашылғандағы алғашқы директоры Қуаныш Өтебайұлы болса, 1987 жылдан 2009 жылға дейін республикамызға танымал әнші Дәулет Ахметов оқу орнының дамуына мол үлес қосып, жас жеткіншектердің саз әлеміне терең бойлай білулері жолында көп еңбек сіңірді. Бүгінде сол аға буын өкілдері салып кеткен сара жолды жалғастырып, мектеп ұжымын басқарып отырған белгілі өнерпаз, сазгер Марат Әлімжановтың да еңбегін ерекше атап өткен абзал.
Мектептегі  Орынтай Әйкішқызы Тәшенова, Алтын Әйкішқызы Тәшенова, Жұмагүл мен Кенжегүл Тәшеновалар, Асқар Сәдуақасов, Мәриям Қаратаева, Айнагүл Құрманғалиева сынды ұстаздар әр оқушының таланты мен талабына ерекше мән бере отырып, саз әлемінің қыр-сырына терең бойлай алулары жолында аянбай еңбек етіп жүр.
Бүгінде аталмыш оқу орнының Арықты, Сабынды, Қараегін ауылдарында шағын филиалдары жұмыс істейді. Бұл әрине, ауданда музыкаға бейімі бар балаларды мейлінше көбірек қамтуға ұмтылудан туындаған мәселе. Әрине, ән-күй мектебін тәмамдаған оқушылардың бәрі бірдей кәсіби әнші немесе домбырашы болмас. Бірақ, бір нәрсе айқын. Ол – аталмыш мектепте дәріс алған әрбір оқушының бойында өнерді, музыканы терең түсіне алатын қасиет болады, жан-жақты дамыған азамат қалыптасады.
Тағы бір назар аударатын мәселе, мектеп ұстаздарының жас жеткіншектерге дәріс берумен қатар, өздерінің де түрлі байқауларға қатысып, шеберліктерін шыңдай түсуден жалықпаулары. Ұстаздарынан үлгі алған оқушылар да талай байқауларда топ жарып жүр. Мәселен, әнші Айнамкөз Тәшенова 2015 жылы ІХ халықаралық «Ақ көгершін»  байқауында ІІ орынды иеленсе, Қарағанды қаласында өткен «Тұлға» байқауында да жүлде алды. Сондай-ақ, мектептің оркестрі мен жекелеген өнерпаздары облыстық «Ақмола жұлдыздары» байқауына да қатысып, көрермендердің ықыласына бөленіп жүр.
Кезінде осы Рабиға Есімжанова атындағы ән-күй мектебінде дәріс алған Салтанат Сәдуақасова бүгінде Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде еңбек етсе, Қайырғали Төленов көп жылдан бері Алматы консерваториясында қазақ музыкасының дамуына өз үлесін қосып жүр. Сондай-ақ, домбырашы Айгүл Сағатова, облыстық филармонияда еңбек ететін Азамат Әйкешов те ән-күй мектебінің мақтаныштары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар