Құрбан айттың мән-маңызы

 

ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі, облыстық «Науан Хазірет» мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит өңірлік коммуникациялар қызметінде мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесіне байланысты журналистермен брифинг өткізді. 

Облыс имамы өз сөзінде ислам күнтізбесіндегі бұл айшықты мерекенің тарихы мен тағылымы жайында айтып берді. Осы мерекеде орындалатын ең басты рәсім – Құрбан шалудың амалдарына кеңінен тоқталды. Құрбандыққа шалынатын малдың қандай болуы қажеттігі мен оны кімдер құрбандыққа шалатыны, биыл құрбан шалатындар үшін облыс орталығында арнайы мал сою орындары дайындалғандығы және осыған байланысты өткізілетін іс-шаралар төңірегінде де мағлұматтар берді.
Көкшетау қаласындағы «Бижан» ет өңдеу кешені мен «Әз» мал базарында осындай мал сою рәсімдері іске асырылатын көрінеді. Құрбан айттың алғашқы күні таңғы сағат 8.00-де облыстың барлық мешіттерінде айт намазы оқылады. Осы намаздан кейін құрбан шалушылар құрбан шалу рәсімдерін бастайды.
31 тамыз күні мешіттің жанындағы жаңадан ашылған шаштаразда Құрбан айттың және Білім күнінің құрметіне орай, оқушыларға тегін шаш алу ұйымдастырылады. Бұл күні ораза ұстаушыларға орталық мешітте ауызашар да өткізіледі. Айт күндері «Мейірімді жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы аясында мұқтаж жандарға ет таратылады. Сонымен бірге, 2 қыркүйекте облыс орталығында білім алып жүрген студенттерге айт шайы ұйымдастырылмақшы.
Іс-шара соңында бас имам журналистердің сауалдарына жауап беріп арафа, қажылық, кіші қажылық жайында түсінік берді.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *